«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОҒАМ ИГІЛІГІ ЖОЛЫНДАҒЫ ІЗГІ АМАЛ

Қасиетті Құрбан айт – күллі мұсылман қауымының жүрегіне иман нұрын себелейтін, жанын тазартатын, адамдар арасындағы өзара сыйластық пен бауырмалдықты арттыратын ұлы мейрам. Бұл тек діни рәсім емес, адамгершілік пен имандылықтың, қайырым мен қанағаттың, шүкір мен сабырдың салтанат құратын мерекесі.

Құрбан айттың түп-төркіні Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардың ұлы Исмаилды Алла жолында құрбан етуге даяр болғандығымен байланысты. Бұл оқиға – иман мен мойынсұнудың, ықылас пен құрбандықтың ең жоғары үлгісі. Сол бір сын сәттегі Ибраһим пайғамбардың жүрек қимасы мен Исмаилдың тәуекелге толы разылығы – адамзат баласына тағылым боларлық ұлы сабақ.

Алла Тағала Құрбан айт арқылы мұсылман үмбетін тақуалыққа, бірлікке, жомарттыққа тәрбиелейді. Құран Кәрімде бұл туралы: «Олардың еті де, қаны да Аллаға жетпейді. Бірақ Оған сендердің тақуалықтарың ғана жетеді» («Хаж» сүресі, 37-аят) деп баяндалған. Бұл аяттың астарында – адамның ішкі ниеті, шынайы ықыласы мен Аллаға деген адалдығы жатыр.

Құрбан шалу шариғат бойынша мүмкіндігі жететін әрбір мұсылманға міндеттелген құлшылық. Бұл – жеке адамның емес, бүкіл қоғамның игілігі үшін жасалатын ізгі амал. Құрбандық еті үшке бөлініп, бір бөлігі мұқтаж жандарға, екінші бөлігі ағайын- туысқа, ал үшіншісі өз отбасы үшін қалдырылады. Себебі мұсылманның тек өз қамын ғана емес, қоғамдағы әлсіздер мен мұқтаждарды да ойлауға тиіс екенінің көрінісі.

Құрбан айт күндері мешіттерде айт намазы оқылып, мұсылман жамағаты жиналып, бір-бірін құттықтайды. Отбасылар қайта қауышып, араздасқандар татуласып, үлкендерге құрмет көрсетіліп, кішілерге ізет танытылады. Ұлт пен ұлыстың арасына іріткі емес, ырыс пен ынтымақ ұялататын, ұрпаққа өнеге болатын рухани сәт.

Бүгінде қоғамның әр саласында даму, жаңару жүріп жатқаны рас. Бірақ рухани байлық материалдық өрлеумен қатар жүрмесе, шынайы кемелдік болмайды. Құрбан айт осы рухани жаңғырудың нақты мысалы. Бай мен кедей теңесіп, бір дастарқанда бас қосатын, барлығын ортақ ниет – Алланың разылығына жету біріктіретін күн.

Өкінішке қарай, кейде қоғамда Құрбан айтты тек ет тарату деп қабылдайтын түсінік бар. Бұл – шынайы мағынаны жете түсінбегендік. Құрбан шалу – Аллаға деген шүкірліктің, берілген нығметке ризашылықтың, қоғамдағы өз орныңды ұғынудың көрінісі. Жүректегі тәкәппарлықты құрбан етіп, мейірім мен адамгершілікке бет бұру – нағыз Құрбан айттың мақсаты.

Біздің халқымызда ежелден жетімге қамқор болу, жесірге жәрдем беру, көршіге қарайласу, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету өмір салтына айналған. Құрбан айт осы асыл құндылықтарды жаңғыртып, әрбір мұсылманға иманмен өмір сүрудің үлгісін ұсынады.

Қазақстан – зайырлы мемлекет. Бірақ бұл дегеніміз руханияттан алшақ кету деген сөз емес. Керісінше, мемлекетіміз діни мерекелердің мәртебесін көтеріп, Құрбан айтты ресми демалыс күні ретінде белгілеуі – қоғамның рухани дамуына жасалған үлкен қадам.

Бұл күннің әр сәті ізгілікке бастар жол. Бір-бірімізге кешіріммен қарап, жүрегімізге иман ұялатайық. Араздасқандар татуласып, жетімнің басын сипап, мұқтажға жәрдем беріп, Алланың разылығына ұмтылу – әрқайсымыздың парызымыз.

Мейірім мен шапағатқа толы Құрбан айт мерекесі әрбір отбасына қуаныш, елімізге тыныштық пен береке әкелсін!

Мұхаммед СОЛИХ,

“Қызылжар” орталық мешітінің ұстазы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp