«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОҚЫСТЫ ӨҢДЕП, ҚОСАЛҚЫ БӨЛШЕКТЕР ШЫҒАРАМЫЗ

«Радуга» көпсалалы сауда-өндірістік компания ретінде танымал, Қазақстан нарығында 30 жылдан астам тұрақты түрде жұмыс істеп, мол тәжірибе жинақтады, оның өнімдері бүгінде үлкен сұранысқа ие. Тек былтырдың өзінде ғана жалпы тауар айналымы 22,3 млрд. теңгеге жетті, төленген салық көлемі 2,6 млрд.теңгеге жуықтады. Бастапқыда лак-сыр бояғыштар шығаруға маманданса, кейін жүгері таяқшасы, тез пісетін тағамдардан бастап күнделікті тұрмысқа қажетті пластик бұйымдарын, гигиена құралдарын, кір сабын, иіс сабын шығаруға кәсіптенді. Жоба құны 7,2 млрд. теңге болатын заманауи жылыжай кешені, қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын, қайта өңдейтін кәсіпорын бой көтерді.

Инвестиция – ел игілігі

«Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы жұмыстың кезек күттірмес бағыттарына тоқтала келіп, шешімін таппаған түйткілдер аз емес екенін атап көрсетті. «Бюджет қаражатын стратегиялық маңызы жоқ, аса шұғыл емес шаруаларға оңды- солды шашуды доғару керек» деген талабы өте орынды. Осы ойды жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында да айта келіп, күллі әлем мүлдем басқа жағдайда өмір сүріп отырғанын, сондықтан жаңа технологиялық ахуалға сақадай сай болуымыздың қажеттілігін, бұл – еліміздің бәсекеге қабілетін арттырып, тұрақты дамуға жол ашатын аса маңызды фактор екенін еске салды. Ірі өнеркәсіптік жобаларды іске қосу жұмыстары баяу жүріп жатқанын сынға алды. Біз өз тарапымыздан экономикаға салынған тікелей инвестиция көлемін азайтып алмау бағытындағы кешенді іс-шаралар топтамасының сапалы атқарылуын әркез қадағалап отырамыз. Облыстық әкімдікпен және «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациямен бірлесіп, тамақ өнеркәсібінің жаңа бағытын игерудің пайдасы да, табысы да мол деген қорытындыға келдік.

Қайта өңдеу – уақыт талабы

Жолдауда экологиялық ахуалды жақсарту – алдымызда тұрған негізгі міндеттің бірі ретінде қойылуы кездейсоқ емес. Онда бизнес өкілдері табиғатты қорғау ісіне зор жауапкершілікпен қарау, бұл салаға озық технологияларды кеңінен енгізу жұмысын жалғастыру керектігі қадап айтылды. Тұрмыстық қатты қалдықтарды жоюдың үш нұсқасы–полигондар ұйымдастыру, қалдықтарды жағу және қайта өңдеу десек, соңғысы өркениетті елдерде кеңінен қолданылады. Осыған орай, өнеркәсіп әлеуетін ұтымды пайдаланудың бір ұтымды бағыты ретінде технологиялық- экологиялық парк жобасы таңдап алынды. Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда қоғамның негізгі проблемаларының бірі – өңірлерде полигондар мен қоқыс өңдеу зауыттарының тапшылығынан экологиялық жағдайдың мәз еместігі десек, қателеспейміз. Қайталама полимерлер өндірісі мен қатты заттар қалдығын қайта өңдеу ісін ұтымды ұйымдастыру мақсатымен зауыт пен полигон Мамлют трассасы бойында орналастырылады. Қайталама шикізаттан дайын өнім шығаратын кәсіпорынға жер телімі бөлініп, жобалау- сметалық құжаттамалар рәсімделуде. Оның басты қызметі мынандай: қатты-тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және бастапқы өңдеу, қайта өңделген қағаздан және макулатурадан өнімдер шығару (дәретхана қағазы, қағаз сүлгілер, майлықтар), картонды өңдеп, гофрокартон, гофротара, қайта өңделген металл пластикалық бұйымдардан ауыл шаруашылығы техникаларының бөлшектерін, жиһаз жасау. «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағы аясында іске қосылатын өнеркәсіп кешенінің аумағы 13000-18000 шаршы метрді құрайды, жобаның жалпы құны шамамен 40 млрд. теңге. «Солтүстік» ӘКК есебінен қаржыландырылады. Қағаз және металлопластикалық бұйымдар өндірісін жаңғырту өндірістік қуаттылықты екі-төрт есе ұлғайтады. Осы аумақта машина жасау саласына арналған озық жобалардың белсенді түрде іске асырылып жатқанын көріп отырмыз. Мұның біз үшін де тиімділігі зор. Өйткені термо-пластикалық машиналарға арналған қалыптарды Қытай мен Түркиядан сатып алатынымызды ескерсек, алдағы уақытта агрегаттар мен қосалқы бөлшектер тәуелділігінен арыларымыз анық. Осылайша әлеуметтік кепілдіктердің толық пакетін ұсына отырып, 342 жаңа жұмыс орны құрылады, ал тұтастай алғанда, компания қызметкерлерінің саны 2400 адамға дейін көбейеді. Екіншіден, қалдықтар көлемін азайтуға, экологиялық жағдайды жақсартуға, ауа мен топырақ сапасын арттыруға, сондай-ақ бюджетке қосымша салық түсімдерін қамтамасыз етуге әсері айтарлықтай болмақ. Соңғы жылдары полиэтилен бұйымдарын пайдалану азайып, керісінше, қағаз өнімдеріне деген сұраныстың арта түскені белгілі. Қағаз өндіретін кәсіпорындардың аздығынан сұраныс толық өтеле бермейді. Облыс орталығында жұмыс істейтін қағаз-картон фабрикасының жылдық қуаттылығы – 10 мың тонна. Дайын өнімнің бір бөлігі экспортталады.

Адал еңбек – адам көркі

«Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек», – деді Президент халыққа арнаған Жолдауында. Шынында да, бәсекеге қабілетті экономикасы бар озық ел боламыз десек, адал еңбектің бағаланғаны – маңдай тердің өтелгені. Оның мемлекеттік деңгейде дәріптелуі ерекше шабыт береді, абырой- беделін көтереді. Мемлекет басшысының талаптарын іске асырудағы маңызды қадамдардың бірі бизнестің дуальды оқытудың жол картасы шеңберінде арнаулы оқу орындарымен өзара іс-қимылды күшейтуі болмақ. Компания білікті кадрларды даярлауға ерекше көңіл бөліп отыр. 10 жылдан бері білім беру мекемелерімен белсенді жұмыс істеп келеміз. 2019 жылы білікті жұмысшы мамандарын даярлайтын өз колледжіміз ашылды. 2021 жылы облыстық білім басқармасымен бірлесіп, колледж базасында бірегей білім беру ұйымы – мектеп-колледж құра отырып, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында кәсіптік оқыту жүзеге асырылды. Студенттер 4 күн кәсіпорын цехтарында өндірістік тәжірибеден өтеді, екі күн колледжде теориялық білім алады. Өндіріс орындары озық технологиямен жабдықталған. Цех қызметінің ерекшеліктерімен жете таныса алады. Өндірістік тәжірибеден өтушілерге өтемақы төленеді (үшінші курстың соңына қарай штаттық қызметкерлердің жалақысының 70-80 пайызына дейін). 2022 жылы алғашқы түлектер тамамдап, олар түгел дерлік компанияға жұмысқа орналасты. Екінші бағыт – оқу орталығы арқылы білім беру. Разрядты арттыру жалақыға айтарлықтай әсер етеді. Үшінші бағыт – жоғары сынып оқушыларына арналған «Кәсіби дебют» жобасын іске асыру, оған қазір 8 бала қатысып жүр. Оқудан бос уақытында жұмыс та істейді, желтоқсан айында кейбірі 40 мың теңге еңбекақы тапты. Алдағы уақытта да білім беру ұйымдарымен белсенді ынтымақтастығымыз жалғаса беретін болады. Бүгінде болашақ менеджерлер даярлау үшін СҚУ-мен белсенді жұмыс басталып кетті.

Дәурен ҚАТРАНОВ,

«Радуга» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары.

Pıkır

Облыстық кәсіпкерлер палатасы озық жобаларды сүйемелдеу бойынша инвестициялық картаны іске қосып, бірнеше кезең бойынша жүзеге асыруды белгілеп отыр. Ондағы басты міндеттердің бірі– кәсіпкерлік бастамаларға кеңінен қолдау көрсету, құқықтық, экономикалық, әлеуметтік жағдайлар жасау, әкімшілік кедергілерді барынша азайтуға ықпал ету. Өңірімізде іс-қимыл әрекеттері нарық талаптарына толық жауап беретін «Радуга» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сияқты кәсіпорындар аз емес. Олардың бірқатары «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Олардың арасында «Alageum Elektrik» компаниясына қарасты Петропавл электротехникалық зауытының қимылы ширақ. Қызылжар ауданындағы «Северный бройлер» фабрикасы өз тұтынушыларына экологиялық таза өнім ұсынуды басты бағдар етеді.

Бір қуантарлығы, өнеркәсіп саласында еңбек етуге құштар жастардың қатары көбейіп келеді. 2025 жылдың Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялануы жас буынның техникалық және кәсіби білім алып, толыққанды жұмыс істеуіне, жақсы табыс табуына айқара жол ашары анық.

Жеңіс ҚАЗИЕВ,

облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp