Қызылжар ауданы Бәйтерек ауылы маңындағы рұқсатсыз жұмыс істеген қоқыс полигоны жабылғанымен, оның орнына жаңасы әлі ашылған жоқ.
Аудандық әкімдік мамандары қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына Трудовая Нива және Чапаево елді мекені маңынан жер учаскесін бөлген. Ауыл тұрғындарының айтуынша, 6 гектар жер беріліпті. Алайда аталмыш учаске мен елді мекен арасын 1 шақырым ғана бөліп жатыр. Ауылдықтар полигонның бұл жерден ашылуына қарсылық танытып, облыстық экология департаментіне шағым түсірді. Осы шағым негізінде департамент Қызылжар ауданы Бескөл ауылдық округі әкімдігі аппаратына жоспардан тыс тексеріс жүргізді. Тексеріс нәтижесінде дерек расталды. Әкімдік жер учаскесін тұрмыстық қатты қалдықтарды тастауға бөлгенімен, оның қоршаған ортаға әсерін талдап, бағаламаған. Яғни рұқсат құжаттары жоқ.
«Тексеру қорытындысы бойынша Бескөл ауылдық округі әкімдігі аппаратына бұл учаскені тұрмыстық қатты қалдықтардан босату жөнінде нұсқама берілді. Ал заңсыздыққа жол бергені үшін лауазымды тұлға – Бескөл ауылдық округінің әкіміне әкімшілік құқық бұзушылық жөнінде хаттама толтырылды», – деді облыстық экология департаментінің бас маманы Игорь Гах.
Қазіргі уақытта Бескөл ауылдық округі әкімдігінің аппараты бұл жер учаскесін қоқыстардан тазарту жұмысын жүргізіп жатыр.
Ауыл әкімі Гүлсім Кәрімова тұрғындарға қоқысты шамамен 30-40 шақырым жердегі Шаховское ауылының маңындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына апарып төгуге кеңес берді.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».