
Еліміздің экологиялық заңнама талаптарын орындамаған бірнеше ауыл әкімдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Энергетика министрлігі мен “Қазақстан Ғарыш Сапары” ҰК” АҚ арасында қалдық орындарын қашықтан зондпен тексеру бойынша келісімшарт жасалған еді. Осылайша, рұқсат етілмеген орындарға қалдықтарды төгудің жолын кесу көзделіп отыр. Әуе арқылы жүргізілген тексеру барысында облыс аумағында белгіленбеген жерге төгілген 884 қалдық орны анықталды. Экология департаментінің мамандары бірнеше рет рұқсатсыз төгілген үйінділердің орналасқан жерлеріне барып, тәртіп бұзушылық деректеріне көз жеткізіп қайтты. Өткен аптада біз Петропавл қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі қызметкерлерімен шаһар іргесіндегі осындай қоқыс орнында болдық.
Еліміздің Экологиялық кодексінің талаптарына сәйкес жергілікті атқарушы орган коммуналдық қалдықтардың ұдайы сыртқа шығарылуымен қатар оны өңдеуді, кәдеге жаратуды және залалсыздандыруды жүзеге асырып, елді мекеннің аумағын тазартып, коммуналдық қалдықтарды жинаудың ұтымды және экологиялық қауіпсіз жүйесін ұйымдастыруы тиіс. Осы талаптардың жүзеге асырылуына жауапты жергілікті атқарушы органдарға қоқыс төгілген учаскелерді тазарту жөнінде ұсыным берілді. Бірақ бүгінгі күнге дейін 884 үйіндінің тек 58-і ғана жойылды. Заңнама талаптарын орындамаған жеті ауыл әкіміне “Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы” Қазақстан Республикасы Кодексінің 344-бабы бойынша хаттама толтырылды. Алдағы уақытта да экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің экология департаменті мен Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің мамандары бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра береді.
Азамат БЕКТАСОВ,
Солтүстік Қазақстан облысы
бойынша экология департаменті
бастығының міндетін атқарушы.