Сенбі күні облыс орталығындағы “Pizza Club” дәмханасы балалардың шат күлкісіне бөленді. Еңбектеген сәби де, зыр жүгірген бүлдіршіндер де облысымыздағы “Түрік мәдениеті” қоғамдық бірлестігінің қонағы болды.
“Бала – өмірдің мәні”, “Балалы үй – базар” екендігі жалпақ елге белгілі. Алайда, Түркияда елдің болашағы болып саналатын өскелең ұрпаққа деген құрмет тіпті ерекше. Мәселен, Түркияда 23 сәуір 1929 жылға дейін Ұлы ұлттық мәжілісі ашылған күні ретінде тойланып келген. Ал кейін осы мейрамды мәжіліс балаларға сыйлап, содан бері бұл күн әрі Ұлттық егемендік, әрі балалар мерекесі ретінде тойланады.
Осы орайда, шетте жүрсе де ұлттық мерекелерін міндетті түрде атап өтетін өңіріміздегі түрік этносының өкілдері жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды шақырып, оларға мерекелік көңіл-күй сыйлауды дәстүрге айналдырған. “Қуантсаң – баланы қуант” деген ұстанымға берік қоғамдық бірлестік он жылдан бері қамкөңіл балаларды облыс орталығындағы дәмханалардың біріне шақырып, қызықты ойындар өткізіп, концерттік бағдарламалар ұйымдастырып, кең дастарқан жаяды.
– Ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалармен қатар, өзге де этномәдени бірлестік мүшелерінің бүлдіршіндерін де шақырамыз. Олардың жатсынбай, керісінше, жақын тартып, асыр салып ойнағанын көру бір ғанибет. Шара соңында әр балаға тәтті тағамға толы сыйлықтар үлестіреміз, – деді “Түрiк мәдениетi” қоғамдық бiрлестiгiнiң төрағасы Идрис Картал.
(Өз тілшіміз).
Суретті түсірген
Вадим МУДАРИСОВ.
