«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚУАНЫШ

Баспана осыдан бірнеше жыл бұрын тұрғындардың, әсіресе, айлығы шайлығына әрең жетіп, тапқандары пәтерақыдан артылмайтын қала жастарының жанына батқан, күрмеуі шешілмейтін күрделі мәселедей болып көрінетін. Баспаналы болудың оңай жолын таппай сенделіп, өзге босағалардың табалдырықтарын тоздырғандар “Өз үйім – өлең төсегім” деген сөзді көкіректі кернейтін мақтанышпен айта алмағандары қашан?

Бүгінде бұл жағдай елімізде түбегейлі өзгермесе де, бір жолға қойылған. Яғни, жас отбасылардың үй алып, керегелерін кеңейтуіне мүмкіндік тудырған мемлекеттік бағдарламалар бар. Тіпті, қалтасы көтеретіндер еліміздегі банктердің салымшысы болу арқылы пәтерге ие бола алады. Елбасының тікелей қолдауымен өмірге келген бағдарламаларды игілігіне пайдаланып, қуанышқа кенеліп жатқан өңіріміздің жастарын көріп, біреуі сүйсінеді, енді біреуі қызығары сөзсіз. Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай қаламыздағы сексен төрт жас шаңырақ иелеріне пәтерлердің кілті табысталып, олар қос қуаныш сыйлаған сол күнді есте қаларлықтай атап өтті. “Береке” ықшамауданында орын тепкен үйлердің бірінде қоныстойын тойлаған жас жұбайлардың бірі – Серікжан мен Гүлнұр Бейсенбековтер. Олардың шаңырағына облыс басшысы Ерік Сұлтанов арнайы барып, қоныстарымен құттықтады.  

Серікжан мен Гүлнұр “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” мемлекеттік бағдарламасының “Жалгерлік үйлер” санаты бойынша көптен күткен қуанышқа қол жеткізді.

2008 жылы шаңырақ көтеріп, армандары мен мұраттарын бір арнаға тоғыстырған ерлі-зайыптылар алты жыл бойы пәтер жалдап тұрады. Үй иесінің қас-қабағына қарап өмір сүрудің қиындығын жанымен түсінген екеуі:

– Қалтамыздың салмағына қарай бірде бар жағдайы жасалған, жайлы пәтер жалдасақ, кей жылдары суды сырттан тасып, пеш жағатын жер үйлерде де өмір сүрдік. Сонда да мойымадық, – дей отырып, осы уақыт ішінде үш баланы өмірге әкеліп, тұрмыстың ауыртпалығына қарамай, ата-аналық парыздарын орындап, балаларға бақыт сыйлап жүрген жас жұбайлар өздерінің балапандарының бейкүнә күлкілерімен бақытты екендерін жасырмады. Алғашқылары Әлия мен Әділ – егіз. Бет-әлпеттерімен қатар іс-әрекеттері де бір-біріне ұқсаған ұл-қызы бүгінде бес жаста. Олардың тайқұлындай тебісіп, аяқтарынан тұрып кетулеріне анасы Мәрзия әжейдің еңбегінің ерен екендігін елеусіз қалдырмаған Гүлнұр:

– Он баланы өмірге әкелген енем тұңғыштарымның буыны бекуіне көп жәрдемдесті. Қос құлынымды оның бауырына тапсырып, жұмысқа да шықтым, – деп үйдің берекесіне айналған ақ жаулықты ананы қолына алып, бүгінде қоныстойын тойлап отырғандарына дән риза. Қолда барға қанағатпен, жоққа шүкіршілікпен қарауды сүттей ұйыған отбасы тыныштығының сақталып, ақ үмітінің ақталуының негізгі діңгегіне балайтын отағасы Серікжан – Шал ақын ауданындағы Мектеп ауылының тумасы. Қарапайым еңбек адамы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінде жүргізуші болып қызмет етуде. Ал жан жарының тапқанын ұқсатып, бала-шағасын ойнатып, қазан-ошағын қайнатып отырған Гүлнұр М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің жанындағы колледжді “Экономика және бухгалтерлік есеп” мамандығы бойынша бітірген. Облыстық ішкі істер департаменті оқу орталығының меңгерушісі болып қызмет істеген ол бүгінде Алланың берген үшінші сәбиімен декреттік демалыста отыр. Кенже ұлы мен келінінің жайлы қонысында қолын жылы суға малып, немерелерінің қуанышына бөленіп отырған Мәрзия әжей мемлекет тарапынан бүгінгі жастарға жасалған жағдайдың өлшеусіз екендігін айтады. “Тек мүмкіндікті қалт жібермей, игіліктеріне пайдалана алса, игі”, – дейді кейуана.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp