Нұротандықтар облыс орталығында тұратын аз қамтылған отбасының балаларына компьютер сыйлап, қуанышқа бөледі. Оқушылар төртінші тоқсанды қашықтан оқиды дегелі бері бұл отбасының көңілі алаң еді.
Бастауыш сыныпта оқитын үш баланың сапалы білім алуына мүдделі ата-анасы қарызданып-қауғаланса да мұндай қымбат затты сатып ала алмасы анық. Жанашыр жандардың арқасында олардың уайымдары сейілді. “Biz birgemiz!” акциясы аясында бас партияның Петропавл қалалық филиалынан көмек сұрап келген Уәлихан Ыбыраевтың өтінішін “Вторсырье” ЖШС-нің директоры Қайыржан Айсин жерде қалдырмады.
– “Nur Otan” партиясына, жасотандықтарға қолдау көрсетіп, менің балаларыма онлайн оқуға мүмкіндік бергені үшін алғысымды білдіремін. Бүгінгі күнге дейін зайыбым екеуіміз балалардың үздіксіз білім алуына қалай көмек береміз деп алаңдап отыр едік, – деді Уәлихан Ыбыраев.