
Халықаралық театр күнін облысымыздың қос театры сән-салтанатымен атап өтті. С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры дәстүрлі “Алтын сақа” тәуелсіз театр сыйлығының иелерін анықтады. Бұл шараны көрермендермен бірге облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова тамашалады. Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында актриса Ирина Пашкинаның бенефисіне арнайы сахналанған Михай Себастьянның “Атаусыз жұлдыз” пьесасы бойынша қойылым көрсетілді.
Бұл өнер алғаш ежелгі Грецияда пайда болды. Жер, су, күннің көзі мен табиғатқа табынған ежелгі гректер діни мерекелерде жалпыхалықтық ойын-сауық ұйымдастыруды дәстүрге айналдырды. Діни мерекелер кішігірім қойылым ретінде өтті. Қойылымның өзінің оқиғасы, кейіпкерлері болған. Осылайша театр өнерінің дәні себілген болатын. Аталмыш өнердің адамды баурап, тұтас қоғамға әсер ете алатын қасиеті барын сезген сол заманның патшалары жаңа қойылым көрсетілетін уақытқа, тіпті, зынданда жатқан қылмыскерлерді де босатқан. Сол заманнан бері талай ғасыр алмасты.
Жыл сайынғы дәстүр бойынша мұқановтықтар актерлік өнердің шеберлерін және сахна сыртындағы ең үздік қызметкерлерін анықтады.
“Алтын сақа” тәуелсіз театр сыйлығының тағайындалғанына биыл – 5 жыл. Мерейтойлық сыйлық әдеттегідей 7 аталымға жіктелді. Театр қызметкерлерінің дауыс беруі арқылы іріктелген “Алтын сақа” өз иелерін тапты. Асылхан Разиев “Үздік ер бейнесі” аталымын иеленді. “Үздік әйел бейнесі” сыйлығы Самал Ташимоваға бұйырды. “Үздік эпизодтық рөл” аталымымен театрдың актрисасы Дәрия Әбілмәжінова марапатталды. “Көрерменнің көзайымы” және “Жас дарын” атты қос сыйлықтың иегері – Думан Адыкенов. Сахна сыртындағы мамандық иелері де тыс қалмады. Театрдың балетмейстері Жанна Темірбаева “Театр өнеріне қосқан үлесі үшін”, ал Александр Канайкин “Үздік театр қызметкері” аталымына ие болды.
Салтанатты шара мерекелік құттықтаумен жалғасын тапты. Театр ұжымын кәсіби мерекемен құттықтай келген облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасының бөлім басшысы Тұрсынай Молдахметова бірқатар театр қызметкерлеріне басқарманың Құрмет грамоталарын табыстады. Осы жылдар ішінде театр өнеріне қосқан үлесі бар көрермендер театр директорының Алғыс хатымен марапатталды.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.