Петропавлдық “Қызылжар арландары” спорт клубының өкілі – Қуаныш Ысқақов Ақтөбе қаласында қазақ күресінен өткен әлем біріншілігінде 66 килограмм салмақ дәрежесінде чемпион атанды.
Байрақты бәсекеге қырықтан астам елден 200 спортшы қатысып, сегіз салмақ дәрежесінде күш сынасты. Ұлттық құраманың сапындағы Қуаныш Ысқақов – екі дүркін Азия (2012, 2015), екі дүркін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының (2014, 2016), екі дүркін Қазақстан (2017, 2018) және әлем біріншілігінің (2017) чемпионы, екі дүркін “Еуразия барысы” турнирінің (2016, 2017) жеңімпазы. Тәжірибелі балуан бұл жолы да ел мен өңір намысын абыроймен қорғай білді.
Қызылжарлық клубтың белді мүшесі бірінші қарсыласы – француз спортшысы Саркис Амбарцумянды таза жеңді. Қуаныш екінші айналымда өзбекстандық Құрбанали Сафаровпен күресіп, айқын басымдылықпен жеңіске жетті. Белдесудің аяқталуына он секунд қалғанда тәуекелге бел буып, шабуылға көшкен өзбекстандықты иығынан асыра лақтырды. Жерлесіміз үшінші айналымда Грузия елінің өкілі – Торнике Шевелидземен белдесті. Қуаныш бірден әдіс қолданып, 10-15 секунд ішінде кездесудің соңғы нүктесін қойды. Жартылай финалда солтүстікқазақстандық пен ирандық Алиреза Папидің жолы түйісті. Боз кілемдегі шеберлігі, айла-тәсілді қолдану ептілігі жағынан қарсыласынан жоғары тұрған Қуаныш еш қиындықсыз жеңіске жетті. Қызылжарлық балуан соңғы сында Моңғолия елінің намысын қорғаған Батзая Эрденебаярмен белдесіп, біріншіліктің алтын медалін сарапқа салды. Әлем біріншілігінде атой салған Қуаныш Тәуелсіздік күні еліне алтын жүлде сыйлады.
Бұдан бөлек, әлем чемпионатында Дәулет Ниетбай (55 кг.), Айдос Ғалым (74 кг.), Нұрым Сәлімгереев (100 кг.) және Руслан Әбдіразақов (100+ кг.) алтыннан алқа тағынды.
Бәсі биік додада қоржынында 5 алтын және 2 қола медалі бар Қазақстан жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды.
Қанат АТАМАНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.