«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚУАН ҚАТАРДАН ҚАЛМАЙДЫ

– Менің замандастарымның өмірі екі кезеңге бөлінді. Оның біріншісі – кеңес дәуірі де, екіншісі – еліміздің тәуелсіздігін алып, егемен ел болып, нарық заңымен тұрмыс кешіп жатқан қазіргі кезеңі. Біздің тәрбиеміз анамыздың ақ сүтінен, әке-шешеміздің үлгі-өнегесінен нәр алды және кеңестік замандағы коммунистік тәрбиені де көріп өстік. Өмірімізді атақ-даңқ пен дүниеге емес, халқымызға, елге арнадық. Шынын айтқанда, коммунистік партия қайда жұмсаса, сонда еңбек еттік, – дейді бүгінде жасы 70-ке толып, еңбегінің зейнетін көріп отырған тимирязевтік ардақты ақсақалымыздың бірі – Қуан Қалкенов.

Қуан Ырыскелдіұлы – Суаткөл ауылының тумасы. Балалық балдәурен шағы Октябрь ауданының (қазіргі Шал ақын) орталығы болған, бүгіндері судың астында қалған Марьевка ауылында өтті. Сонда мектеп табалдырығын аттап, 7-ші сыныпқа дейін оқыды. Әкесінің қызмет бабының ауысуына байланысты орта мектепті Семиполка ауылында бітіруіне тура келді. Одан кейін кеңбейімді механизатор-жүргізушілер даярлайтын училищеге түсіп, тракторшы-жүргізуші мамандығын алып шықты. Сонау Түркіменстанның қызыл құмды Қызыларбаз деген жерінде 1964-1967 жылдары Отан алдындағы әскери борышын атқарды. Елге оралғаннан кейін еңбек жолын “Докучаев” кеңшарында механизаторлықтан бастап, қыр алыбы – “К-700” тракторымен жұмыс істеді. Екі-үш жыл егін сеуіп, диқандықтың дәмін татқан Қуан Ырыскелдіұлы аудан орталығындағы “Казсельхозтехника” ұжымына жүргізушілік жұмысқа ауысып, өмірлік жары Рабиғаны Тимирязево ауылында жолықтырды.

Татулығы жарасқан отбасының қырық жылға жуық ғұмыры Жамбыл ауданындағы Қайранкөл ауылында өтті. Қуан мұнда жүргізушілікті емес, қайтадан механизаторлық мамандықты қалады. Осындағы ұзақ еңбек жолында трактор жүргізген, комбайн штурвалына отырған және жүйіткіген жүк көліктерін жүргізген кездері болды. Ал Рабиғасы кеңшар асханасының меңгерушісі болды. Отағасының жыл сайынғы айнымас бір дәстүрі – күзгі егін орағы кезінде комбайнға отырып, астық бастыратын еді. Егін орағында әрдайым алдыңғы қатардан көріне білді. Елге сіңірген қажырлы еңбегі бағаланып, алдымен аудандық кеңестің депутаттығынан бастап, 1985-1990 жылдардағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. Өлшеусіз төккен маңдай тері мен еселі еңбегінің арқасында жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталды. Солардың ішінде Қуан Қалкенов үшін ең қадірлілері Еңбек Қызыл Ту және Октябрь революциясы ордендері болып табылады. Одан басқа мерекелік медальдары мен Құрмет грамоталарының өзі жетерлік.

Бір өкініштісі, зейнет жасында сүйікті зайыбы Рабиғасымен ұзақ қол ұстасып бірге жүре алмады. Құдай қосқан қосағы 2009 жылы бақилық болды. Бірақ оны ұмытқан емес. Рабиға екеуі үш бала тәрбиелеп өсірді. Олардың барлығы үйлі-баранды болып, өз алдарына отау құрған. Кешегі еңбек ардагері, бүгінгі зейнеткер, балаларының қамқорлығындағы бақуатты Қуекең Құдайдың бергеніне тәубе қылып, бақытты қарттық ғұмыр кешуде.

Ардагер әлі де болса қатардан қалмай, аудандағы көптеген іс-шараларға қатысып, жастарға өзінің үлгі-өнегесін көрсетуде.

Асқар АЛҒАЗИН,

қоғамдық тілші.

Тимирязев ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp