«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚУЫРШАҚ НЕГЕ ҚАЗАҚША СӨЙЛЕМЕЙДІ?

Қазақ тілінің бүгінде мемлекеттік тіл ретінде өз тұғырына қона алмай отырғаны­ның бірнеше себебі бар. Кеңестік саясаттың салқынын айтып ақталған боламыз. Алайда егемендік алғанымызға 34-ші жылға кетті ғой, осы аралықта туғандардың, әсіресе соңғы уа­қытта өмір есігін ашқандардың тілінің шұбар­лығына келмеске кеткен заманның еш қаты­сы жоқ. Демек, кемшілік өзімізден.

Қазақ тілін дамыту – мемлекеттік саясат­тың басым бағыттарының бірі. Өкінішке қа­рай, біздің өңірдегі кейбір мәдениет мекеме­лерінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясы кеңеюдің орнына тарылып барады. Мысалы, облыстық қуыршақ театрының репертуарын­да 55 спектакль болса, соның 7-уі ғана қазақ тілінде. Қазақ авторларының немесе қазақ ха­лық ертегілерінің негізінде қойылған шығар­малар жоқтың қасы. Ай сайынғы репертуар жоспарының біреуі немесе екеуі ғана мемле­кеттік тілде көрсетіледі. Неге?

Балық басынан шіриді. Балалардың бола­шағына тікелей болмаса да жанама әсер ететін, тәрбие беретін мекемелерді ұлтқа, мемлекеттік тілге жаны ашитын адамдар бас­қармай жағдай өзгере қоймасы анық. Қуыр­шақ театрында 14 актер қызмет етсе, қазақ тілді қойылымдарда ойнай алатындардың саны төртеу ғана. Өнерпаз жетіспей ме, әлде оларды жұмысқа алғылары келмей ме? Осы салада жүрген азаматтардың айтуынша, кейбірі басшылықпен сыйыса алмағандықтан кетіп қалған.

2024 жылдың соңына қарай облыстық қуыршақ театрындағы қазақ тілді қойылым­дардың санын көбейтуді, ол үшін ұжым іші­нен жеке қазақ труппасын құруды ұсынып, депутаттық сауал жолдаған едім. Үш мекеме бір ғимаратта қысылып-қымтырылып отыр­ғаны жайлы да жазғанмын. Жақында жауап келді. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттерімен келіссөздер жүргізіліп, театрдың штат санын кеңейту үшін қосымша қаражатқа бюджеттік өтінім дайындалғаны айтылыпты.

Ал қазақ тілді қойылымдарға келетін бол­сақ, «Алдар көсе» ертегісі негізінде мемле­кеттік тілде жаңа қойылым жоспарланған екен. Қуыршақ театрының тұрақты көрермені болмасам да, «Алдар көсе» репертуарда бұрын да болғанын білемін. Мүмкін соңғы уақытта алып тастаған шығар. Бірақ оны жаңа қойы­лым деуге келмейді ғой. Екіншіден, жалғыз «Алдар көсе» қай жыртығымызға жамау бола­ды. Қазақ тілді қойылымдар кем дегенде 50 пайызға жетуі қажет қой.

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp