«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚУЫРШАҚ ТЕАТРЫНЫҢ ҚУАНЫШЫ

Облыстық қуыршақ театрының жаңа маусымы жағымды жаңалықпен басталды. Театр труппасы Мәскеуде өткен С.Образцов атындағы халықаралық қуыршақ театрлары фестивалінде жүлдегер атанды.

“Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында сахналанған “Степной ноктюрн или между закатом и рассветом” қойылымы Ресей астанасында жоғары баға алды. Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің қуыршақ театрларын біріктірген өнер фестиваліне оннан астам шығармашылық ұжым қатысқан. Қазақ халқының бай тарихы мен мәдениетін насихаттап, ұлттық құндылықтарымыздың маңызын түсіндіруде қойылымның мәні зор. Спектакльдің басты мақсаты – өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезім қалыптастырып, Отанды сүюге тәрбиелеу. Қойылымда Қазақ хандығының құрылған кезеңінен бастап, Жоңғар шапқыншылығы, ашаршылық нәубет, қуғын-сүргін және Ұлы Отан соғысы жылдары халықтың бастан кешкен қиындығы көрсетіледі. Әсіресе, соғыс зардабын тартқан қазақтың қилы тағдырын өнер арқылы көрерменнің жүрегіне жеткізіп, Әлия Молдағұловадай батыр қыздың рөлін сомдаған Мәдениет саласының үздігі Айгүл Хасенованың актерлік шеберлігі шетелдіктерді таңдай қаққызған. Ресейлік режиссер Евгений Ибрагимовтің бұл туындысы көпшіліктің көңілінен шықты.

– Қазақтың батыр қызын сомдау оңай болған жоқ. Жүрекке жара салған отты жылдарда талай адам қасірет шекті. Туған жерді жаудан қорғаған айбынды батырлардың рухын, сезімін көрерменге жеткізу көп еңбекті қажет етеді. Қойылым барысында Абай Құнанбаевтың “Көзімнің қарасы” әнін орындадым. Біздің өнерпаздардың еңбегі жоғары бағаланғаны қуантады, – дейді Айгүл Хасенова.

Қазіргі таңда өнер ұжымы Қазақстан мен Ресей арасындағы достық форумы аясында Омбыда өтетін іс-шараға дайындалуда.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp