«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗМЕТТІК ИТТЕРДІҢ КӨМЕГІ

Бүгінгі таңда облыстық полиция департаменті кинологиялық қызмет орталығында 25 ит бар. Олардың төртеуі із кесуге, төртеуі жарылғыш заттарды іздеуге үйретілген, ал бесеуі есірткі іздеумен айналысады. Тағы 2 ит одорологиялық сараптамаға, яғни, иіс бойынша жұмыс істеуге үйретілді.

 Есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл және нашақорлықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық бағдарлама аясында қызметтік иттерді синтетикалық есірткі іздеуге үйрету жұмысы қолға алынды. Үйренген дағдыларын алғашқылардың бірі болып Белла атты лабрадор көрсетті. Ол былтыр «спайс» жасаушы мен таратушыны құрықтауға көмектесті. Белла ішкі істер органдарына екі жыл бұрын әкелінген. Осы уақыт ішінде ол сапаржай мен «Қазпошта» бөлімшелеріндегі 150-ден астам кезекшілікке, жедел-іздестіру шараларына тартылды. Кішкентай көмекшінің арқасында есірткіге қатысты 10 қылмыстың беті ашылды. Жуырда Белла Петропавл қаласындағы жер үйлердің бірінен аса ірі мөлшерде, жалпы салмағы 5 грамнан асатын үш түйіншек героин іздеп тапты. Полиция лейтенанты Болат Бекмағамбетовтың айтуынша, жер үйде іздестіру жұмысын жүргізу қиын. Өйткені үйде жануарлардың иісі болады. Оның үстіне бұл жолы үйдің ішінде ішімдік исі мүңкіп тұрған. Осындай кедергілерге қарамастан, Белла міндетін ойдағыдай атқарып шықты.
Жалпы, 2019 жылы қызметтік-іздестіру иттері 22 есірткі қылмысын ашуға көмектесті. Олардың көмегімен 80 кг есірткі, соның ішінде 4 грамнан астам героин және 6 грамм синтетикалық есірткі тәркіленді.
«Көп жағдайда қызметтік-іздестіру иттері мүліктік қылмыстарды ашуға көмектеседі. Былтыр олардың көмегімен 869 қылмыс, соның ішінде 480 ұрлық, 28 тонау, 5 қарақшылықтың беті ашылды», – деді кинологиялық қызмет орталығы бастығының міндетін атқарушы, полиция капитаны Александр Анохин. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp