Қызылжар ауданының орталығы – Бескөл ауылында Елбасымыздың Бес институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі “100 нақты қадам” Ұлт жоспарын орындауға арналған облыстық ішкі істер департаменті жұмысының нәтижесі бойынша кеңес болып өтті.
Жиынға Ішкі істер министрлігінің жедел жоспарлау департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қайрат Тыныбеков, облыстық ішкі істер департаменті, Қызылжар ауданы әкімдігінің басшылығы, кеңестің мүшелері, полиция қызметкерлері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Кеңесті ашқан ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов реформаны жүзеге асыру ел дамуындағы ғана емес, полиция қызметіндегі жаңа кезең екенін атап көрсетті.
– Жергілікті полиция қызметінің қалыптасуы мен нығайтылуына жергілікті атқарушы органдар тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп, материалдық-техникалық қамтамасыз етілуге баса мән берілуде. 2016 жылдың наурыз айында облыс әкімі Ерік Сұлтановтың қолдауымен, облыстық мәслихаттың шешімімен жергілікті полиция қызметін жарақтандыру үшін қосымша 300 млн. теңге бөлінді. Берілген қаржыға 55 қызметтік көлік, 13 жылдамдық өлшеуіш, 4 газ талдауыш-түтін өлшегіш пен жүргізушілердің карталары мен тахографтарындағы ақпаратты оқитын 2 құрал алынды. Өңіріміздің 6 ауданында жергілікті полиция қызметкерлері қызметтік автокөліктермен қамтамасыз етілді. Ол аудандық бюджет есебінен алынды. Шал ақын ауданы әкімдігінің қолдауымен ауылдық жерде 2 учаскелік полиция пункті ашылды, – деді облыстық ішкі істер департаменті штабының басшысы, полиция полковнигі Сәуле Андағұлова.
Ішкі істер органдарына жүктелген міндеттерді атқаруда оларға жан-жақты көмек көрсеткені үшін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жұмыстарында өзара ынтымақтастық жасасқаны үшін аудан прокуроры Ғалымжан Әубәкіров пен Қызылжар аудандық сотының төрағасы Әбдіқаһар Еркебаев ішкі істер департаментінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Департамент жанындағы консультативтік-кеңесші органның құрамындағы жемісті жұмысы үшін Алғыс хат М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің әлеуметтік-тәрбие бөлімінің басшысы Эльмира Танақұловаға да берілді. Сонымен қатар, Қызылжар ауданы ішкі істер бөлімінің сегіз қызметкері марапатталды.
Жиын соңында Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Тілеубай Есжанов полиция қызметкерлеріне жаңа қызметтік көліктің кілтін және ноутбуктар табыстады. Сондай-ақ, бұл күні Якорь ауылында жаңа учаскелік полиция пункті ашылды.
Юрий КЛЫКОВ,
облыстық ішкі істер департаменті баспасөз
қызметінің аға инспекторы.