
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой өңірдегі ауруханалардың бірінде түсірілген бейнежазбаға қатысты пікір білдірді.
Бірнеш күн бұрын әлеуметтік желілерде прокуратура өкілдері мен полицейлердің санитарлық нормаларды сақтау бойынша жергілікті емдеу мекемелерінің біріне тексеріс жүргізіп жатқандығы туралы бейнежазба жарияланған болатын. Іле желі пайдаланушылары құқық қорғау саласы өкілдерінің ақ халаттылармен дөрекі сөйлесуіне қатысты наразылығын білдіріп, тексерушілерді сынға алды. Бұл жағдайға орай Алексей Цой да жеке парақшасы арқылы өз пікірін білдірген. “Денсаулық сақтау министрлігі Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасымен хабарласып, бұл факті бойынша мән-жайды анықтады. Бүгінде орын алған жағдайдың анық-қанығына жету мақсатында облыс прокурорының бұйрығымен қызметтік тергеу жүргізілуде. Біздің министрлік мұндай оқиғаларды назардан тыс қалдырмайтынын, медициналық қызметкерлердің құқығын қорғау бойынша барлық шараларды қолданатынын атап өткім келеді. Коронавируспен күресте және эпидемиологиялық тұрақтылықты қалыптастыру бойынша дәрігерлер мен құқық қорғау органдары қызметкерлері жұмысының ауырлығын ескере отыра, баршаңызға төзімділік пен зор денсаулық тілеймін”, – деген ол жазбасында.