
Әдеп кеңесінің кезекті отырысында мемлекеттік органдардағы қызметтік тәртіпті нығайтуға қатысты сегіз мәселе қаралды.
Кеңес мүшелері алдымен Есіл ауданының әкімі Алтынбек Абдоллаевтың баяндамасын тыңдады. Ұжымдардағы моральдық-психологиялық жағдайды анықтау мақсатында мемлекеттік қызметшілер арасында анонимді сауалнама жүргізіп, түсіндірме жұмыстарын қолға алыныпты. Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын ішкі бақылау нәтижесі бойынша басқа аудандардың әкімдіктерімен салыстырғанда, бұл жерде тәртіп бұзушылықтар көп тіркелген. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жағдай жақсарғанымен, аудан мемлекеттік қызмет көрсету сапасы бойынша көш соңында келеді. Әдеп кеңесінің мүшелері аудан тұрғындарының мемлекеттік қызмет көрсету сапасына көңілі толмайтындығын, тиісті мамандар сауатты ақыл-кеңес бере алмайтынын ашық айтты. Аудан әкімі мұндай олқылықтардың бар екенін мойындағанымен, мемлекеттік қызметшілерді ақтап алуға тырысты.
Өткен жылы жергілікті тұрғындарға 46 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсеткен Тайынша ауданында жағдай түзеліп келеді. Аудан әкімінің орынбасары, әдеп жөніндегі уәкіл Жанар Алданазарова осыған дейін анықталған тәртіп бұзушылықтар жойылып, ескертулер бойынша тиісті шаралар қолданылғанын, тиісті ұсынымдар орындалғанын жеткізді. Өткен жылы 31551 қызмет электронды түрде көрсетілген. Мемлекеттік қызметті цифрландыруға бағытталған жұмыстар ауылдық округтерде де қолға алынып, түсіндіру жұмыстарына ерекше назар аударылуда.
Петропавл қаласы әкімінің аппарат басшысы Қалия Туренова мемлекеттік қызметшілерді ынталандыруға бағытталған шараларға тоқталды.
– Жас отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуге тырысамыз. Сонымен қатар екі жылдан бері артық жұмыс істеген мемлекеттік қызметшілерге қосымша ақы төлеуді қолға алдық. Декреттік демалыстан жаңа шыққан, кішкентай балалары бар әйелдерге икемді жұмыс кестесі әзірленген. Қызметкерлерімізге түрлі жағдайларға қатысты материалдық көмек қарастырылғанын да айта кеткен жөн. Қағаз жүзінде бекітілген жеңілдіктер қызметкерлердің алаңсыз жұмыс істеуіне септігін тигізіп, сапаның жақсаруына әсер етеді деген сенімдеміз, – деді Қалия Туренова.
Кеңес мүшелері, әсіресе, мемлекеттік органда тәлімгерлік қызмет енгізілгеніне оң көзқарастарын білдірді. Өйткені, тәжірибесі жоқ жас мамандар ақыл-кеңеске зәру. Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсартуда жас маманның жұмысының тәжірибелі мамандардың бақылауында болуы – ұтымды тәсіл.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің бас маманы Сұлтан Магомедов артық жұмыс істеу фактілерін жоюға байланысты қолға алынған шаралар, ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қуандық Шақубаев мекемедегі мемлекеттік қызмет көрсету сапасы жайлы баяндады.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústik Qazaqstan”.