
Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментте өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмысы қызметінің лауазымды тұлғасының пара алу фактісі бойынша шағым қаралды.
Кездесуге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаменті басшысының орынбасары Нұржан Ерниязов пен облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент басшысының орынбасары Ерік Сарыбаев қатысты. Іс материалынан белгілі болғандай, үстіміздегі жылдың шілде айында өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмысы қызметінің маманы жұмыс орнында кәсіпорын директорынан алты ауданда қондырғыларды орнату бойынша жұмыстың орындалғаны жөнінде актіге қол қою үшін 1200 доллар көлемінде пара алған. Бүгінгі таңда қылмыстық іс бойынша өндіріс аяқталып, Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 300-бабына сәйкес прокуратураға жіберілді. Одан кейін іс сотқа тапсырылады. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментте жүргізілген қызметтік тексеріс барысында пара алған қызметкер теріс қылықтары үшін жұмыстан шығарылды. Департаменттің басшысына қатаң сөгіс, оның сол салаға жауапты орынбасарына атқарып отырған қызметіне толық сай еместігі жөнінде ескерту жарияланды. Кадр саясаты жөніндегі бөлім басшысы қатаң сөгіс алды.
Сурет https://www.svoboda.org/ сайтынан алынды.