«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗМЕТ ЖОЛЫН ҚАРАШАҢЫРАҚТАН БАСТАҒАН

Халқымыз қарашаңырақ деп құрметтейтін “Soltústik Qazaqstan” газетінде еліміздің небір ардақты ұлдары қызмет атқарғаны көпшілікке мәлім. Солардың арасында еңбек жолын осы басылымда бастап, кейін телеарна мен радиода табысты еңбек еткен журналист Малдыбай Қоқыбаевтың есімін атап өтпеуге болмайды.

Бірде әкем Дулат Құскенұлы “Атаңның есімін Қоқыбай ақсақал қойған. Атаңды төрт жасқа дейін арқалап жүрген. Ер жеткенше еркелетіп өсірді. Қоқыбайдың екі ұлы болды. Бірі – Қайырбек, екіншісі – Малдыбай” дегені бар. Малдыбайы журналистика саласын таңдаған. Қаламгер туралы мақала жазу үшін ауылдасы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Зейнолла Әкімжанов сияқты бірқатар азаматтарға хабарласып, Малдыбай Қоқыбаев туралы мәлімет жинадым. Оның қазіргі “Soltústik Qazaqstan” газетінде жауапты хатшы, “Шалқар” радиосында бас редактор болғанын білдім.
2011 жылы математика ғылымының докторы, профессор Қосыбай Айтқожин туралы “Тұғыры биік тұлға едің” атты естелік кітап жарыққа шыққан еді. Оны зайыбы Бибітай Жұматқызы құрастырған болатын. Сонда жетінші атамыз Көбеннің ұрпақтары туралы да деректер келтіріліп, Малдыбай Қоқыбаев туралы естеліктер жазылған. Алматы қаласында тұратын қызы Ләйла Малдыбайқызы да әкесі туралы біраз мағлұмат берді. Бүгінде ол анасы Сәруармен бірге тұрып жатыр. Сәруар әжеміздің жақында 95 жасқа толғанын айта кеткен жөн.
Малдыбай Қоқыбайұлы 1924 жылдың 15 наурызында қазіргі Жамбыл ауданындағы Амангелді ауылында дүниеге келген. Жастайынан білімге құштар болған. Соғыс кезінде колхозда есепші, мұғалім болып еңбек етіпті. Петропавл қаласындағы К.Ушинский атындағы Петропавл педагогикалық институтының филология факультетінде оқып, сол жылдары журналистика саласының қыр-сырын меңгерген. 1958 жылы Алматыдағы жоғары партия мектебін тамамдаған. Көз көргендер оның қос тілге жетік журналист, тіл білгірі болғанын айтады. Қазақ және орыс тілдерінен ілеспе аударма жасаған. Публицистикадан бастап, ғылыми еңбектерді де еш қиындықсыз аударыпты. Көңілі қандай ақжарқын болса, әзіл-қалжыңға да сондай жақын болған деседі.
Амангелді ауылының тумасы Құнанбай Жолдыбайұлы бозбала шағында Малдыбай Қоқыбаевтың қамқорлығын көргенін жеткізді. Айтуынша, ол өте бауырмал адам болған. Алматыға арман қуып барған ауылдастарына жанашырлық танытып, ешқайсысын елге кері қайтармай, бәрінің оқуға түсуіне қолғабыс еткен.
Атамыздың өмір тарихы тағылымға толы. Оның еңбек кітапшасында 1948 жылы 1 қыркүйек күні облыстық “Ленин туы” (қазіргі “Soltústik Qazaqstan”) газетіне әдеби қызметкер ретінде жұмысқа қабылданғаны жазылған. Бір жылдан соң өнеркәсіп және көлік бөліміне ауысқан. Ал 1952 жылы басылымның жауапты хатшысы қызметіне тағайындалған. Кейін ол жұмыс орнын Алматыға ауыстырады. Атап айтсақ, ҚазКСР Министрлер Кеңесінің радиохабар және теледидар жөніндегі мемлекеттік комитетінің аға инспекторы, комитет төрағасының көмекшісі, республикалық радиохабарларын тарату үйінің бас редакторы болды.
Малдыбай Қоқыбаев пен зайыбы Сәруар екеуі Марат, Ләйла есімді ұл мен қызды тәрбиелеп, өсірді. Ұлы шекарашы болған. Өкінішке қарай, дүниеден өтті. Ал қызы Ләйла Алматыда тұрады. Жоғары оқу орындарының бірінде сабақ береді. Бала үшін әкенің орны ерекше ғой. Ләйла Малдыбайқызы әкесінің жарқын бейнесін, мейірімді жүзін сағынышпен еске алды.
– Өнерге деген құлшынысымды әкем оятты. Менің консерваторияда білім алуыма да әкем барлық жағдайды жасады. Ол сегіз қырлы, бір сырлы адам болатын. Суретті де жақсы салатын. Балалық шағымның ең жарқын көрінісі ретінде Муслим Магомаев пен Гая ансамблімен радиода өткен кездесуді ерекше айтып өтер едім, – деген ол Жамбыл, Талпын ауылдарында туған-туыстардың ортасында өткен бақытты сәттерге де тоқталды. Әкеге деген сағынышы ортаймайтынын жеткізді. Өткен жылы Малдыбай Қоқыбаевтың туғанына 95, ал өмірден өткеніне 50 жыл толғанын айта кеткеніміз жөн.
Өңірдегі қазақ баспасөзінің қарашаңырағы “Soltústik Qazaqstan” газетінің оқырмандар қолына тигеніне жуырда бір ғасыр толады. Айтулы шара қарсаңында редакция қабырғасында қызмет істеген, өзінің қолтаңбасын қалдырған Малдыбай Қоқыбаев сынды азаматтарды жастарға үлгі етудің маңызы зор деген ойдамын. 

Самрат ҚҰСКЕНОВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp