Елімізде “100 нақты қадам” Ұлт жоспарын жүзеге асыру барысында үстіміздегі жылдың сәуір айында “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы құрылған болатын. Жаңа құрылымға “Халыққа қызмет көрсету орталығы”, “Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық”, “Жылжымайтын мүлік орталығы” және “Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы” кәсіпорындарының басы біріктіріліп, мемлекеттік қызметтерді көрсетудің бірыңғай провайдерін құру мақсаты көзделді. Корпорация мемлекеттік қызмет көрсету саласын жетілдіру, озық технологиялар мен шешімдерді пайдаланып, мемлекеттік қызметтерді алу кезіндегі әкімшілік кедергілерді барынша азайту, “Бір терезе” қағидасы “бір өтініш” қағидатына көшу міндеттерін орындайды. Жуырда орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалы жаңа құрылымның қалай жұмыс істеп жатқандығы туралы брифинг өткізді.
“Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясының тізіліміне 739 қызмет түрі енгізілсе, оның 530-ы – халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы жүзеге асырылады. Орталықтың солтүстікқазақстандық филиалы үстіміздегі жылдың он айында азаматтардың өтініштері мен талаптары бойынша 891744 қызмет көрсеткен. “Халыққа қызмет көрсету орталығы” департаменті директорының міндетін атқарушы Серік Бейсенов көрсетілген қызметтердің сандық көрсеткіштерін алға тарта отырып, жаңа құрылымдық жүйедегі жұмыстың үйлесімділігін баяндады. Биыл автокөліктерді тіркеу немесе қайта тіркеу, жүргізуші куәлігін алу бойынша 43107 құжат берілген. Мемлекеттік жинақ, баж салығы, салық, айыппұл төлемдері түрінде 82,4 миллион теңге қабылданған. Орталықтың мобильдік тобы 594 елді мекенге барып, 31644 қызмет көрсеткен. Мүмкіндігі шектеулі жандарға 1540 қызмет ұсынылған.
Халыққа қызмет көрсету ісін жетілдіру бағытында жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру рәсімдерін жеңілдету, жер учаскелерінің кадастрлық құнын айқындау бойынша қызметтердің мерзімін қысқартуға қатысты бірнеше пилоттық жоба іске асырылуда. Сондағы көлікке техникалық паспорт алу уақытын қысқартуға негізделген жобаны автоәуесқойлар жоғары бағалап отыр. Бүгінде бұл қызметті көрсетуге бір сағат жеткілікті. Композиттік қызметті қалыптастыру бойынша да үлкен жұмыс атқарылуда. Екі немесе одан да көп қызметтерді бір өтінішпен құжаттауға мүмкіндік бар. Мәселен, халыққа қызмет көрсету орталықтары өңірдегі 11 перзентханамен келісімшарт жасап, нәрестелерге берілетін төлқұжатты, біржолғы және бір жасқа толғанға дейінгі бала күтіміне арналған әлеуметтік жәрдемақыны перзентханадан шықпай тұрып құжаттап, тағайындап алу жеңілдіктері қарастырылған.
Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық зерттеу департаменті директорының орынбасары Марат Қасенов мекемесіне жүктелген 14 мемлекеттік қызмет бойынша биылғы жылдың он айында 13426 қызмет көрсетілгенін жеткізді. Көрсетілетін қызметтің оны жер кадастрына қатысты болса, қалған төртеуі – жылжымалы мүлікті техникалық зерттеу және тіркеу шаралары.
Баспасөз мәслихатының спикерлері сөздерін қорытындылай келе, мемлекеттік қызметтер корпорация арқылы көрсетіле бастағалы азаматтардың бір құжатты алу үшін бір мекемеден екіншіге барып, табан тоздыруы тыйылғандығын, қолжетімділік ұлғайғандығын, әкімшілік кедергілердің азайғанын атап көрсетті.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.