Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” Жолдауында атап көрсетілген “Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер” жобасының тәжірибесін тарату жөніндегі тапсырмасына сәйкес облыс орталығында “Қызылжар – адалдық алаңы” кеңсесі өз жұмысын бастады.
Оқушылар сарайынан орын тепкен жобалық кеңсенің ашылу салтанатына өңірімізге жұмыс сапарымен келген Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов пен облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет қатысты.
– Кеңсенің міндеті тұрмыстық сыбайлас жемқорлық деңгейін қысқартуға, денсаулық сақтау, білім беру сияқты әлеуметтік, сондай-ақ, құқық қорғау салаларының жұмысын талдауға, парақорлық жағдайларының алдын алып, жолын кесу іс-шараларын жүзеге асыруға бағытталған. Мұнда тұрғындар әдеттегідей тақырыптық семинарларға, “дөңгелек үстелдерге” қатысу үшін емес, нақты мәселелерімен бөлісіп, пікір алмасып, кеңес алу мақсатымен келетін болады, – деді Олжас Бектенов.
– Мұндай тәжірибе еліміздің астанасы мен бірқатар қалаларында жүзеге асырылуда.
Облыс әкімдігінің қолдауымен Петропавлда ашылған жобалық кеңсе сыбайлас жемқорлықты ауыздықтау бойынша жүргізіліп жатқан іс-шаралардың тиімді жалғасын табуына да атсалысады деп сенеміз, – деген Мадияр Қожахмет өз тарапынан жиналғандарға кеңсенің мақсатын түсіндірді.
Олжас Бектенов облыс әкімдігінде мемлекеттік қызмет өкілдерімен кездесіп, жиын өткізді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров өңіріміз мемлекеттік қызмет саласындағы сыбайлас жемқорлық деңгейі бойынша елімізде төмен көрсеткішке ие екенін, мемлекеттік қызмет түрлерінің 83 пайызы халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы және электронды түрде көрсетілетінін атап өтті. Ал облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілетті өкілі Дулат Тайшабай жыл басынан бері өңіріміздің мемлекеттік қызметшілері арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама мен әдеп нормаларын сақтау жөнінде 370 түсіндіру жұмысы жүргізілгенін жеткізді. Олжас Бектенов сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың негізгі бағыттары мен онымен күрес саласындағы озық тәжірибелер жөнінде айтып берді. Кездесу барысында облыс әкімдігі мен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері “Қызылжар – адалдық алаңы” жобасы аясындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Олжас Бектенов “Атамекен” ҰКП-ның өңірлік кеңесінің отырысына қатысып, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті мен кәсіпкерлер палатасының бірлескен жол картасының жүзеге асырылу нәтижесімен танысты. Өңірлік кеңес мүшелері мемлекеттік сатып алу саласында жосықсыз өнім берушілермен жұмыс істеуге, тендерге қатысушылар мүддесін қорғауға қатысты туындайтын мәселелер жайында айтып, агенттік өкіліне оларды назарға алуды өтінді.
Жиында жер қоры мен жылжымайтын мүлік нысандары туралы мәліметтердің бірыңғай ақпараттық базасын ұсынатын “Градкадастр” жобасын әзірлеу барысы талқы-ланды. Мемлекеттік қала құрылысын жоспарлау және кадастр республикалық орталығының өңіріміздегі өкілі Марат Иманов жоба магистральдық желілер иелерін, бос учаскелерді және заңсыз жер иеленуді анықтауға мүмкіндік беретінін айтты.
Агенттік төрағасының орынбасары Петропавлдағы құқық қорғау қызметтерінің, көші-қон және мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысымен танысып, өз бағасын берді. Бір жыл ішінде құқық қорғау орталықтарындағы прокурорлар мен медиаторлардың, адвокаттар мен психологтардың көмегіне екі мыңнан астам облыс тұрғыны жүгінген екен.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде білім саласындағы жемқорлық тәуекелдерін жою, сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілікті қалыптастыру мақсатын көздеген жобалық кеңсе ашылды. “Саналы ұрпақ” кеңсесінің тұсауын кескен Олжас Бектенов жоғары оқу орнындағы студенттерге қызмет көрсету орталығы мен “Адалдық дүкенінің” жұмысымен танысып, университет ұжымының сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесі бағытында атқарған жұмыстарына ризашылығын білдірді.
Зәуреш АСЫЛБЕКОВА, “Soltústіk Qazaqstan”.