“Зәулім ғимарат” десе, қызылжарлықтардың көз алдына облыс орталығындағы бір ғана нысан елестейтіні анық. Ол, әрине, Жамбыл мен Партизан көшелерінің қиылысында орналасқан 16 қабатты тұрғын үй. Алыстан “менмұндалап” көрінетін бұл баспананы осыдан бір жарым жыл бұрын “Казградстрой-НС” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салған болатын. Осылайша, серіктестік бұған дейін таңдауы 9 қабаттан әрі аспаған құрылыс компанияларының “биікке қарай” ұмтылуына жол бастап берді. Соның жарқын дәлелі – бүгіндері шаһардың “Жас өркен” шағынауданында 18 қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.
Бұл баспананың жобасын “ПРиИЗ” жобалау және инновация институты” ЖШС-нің мамандары жасаған. Ал мердігер ұйым – өңіріміздің бірқатар аудандарында өздерінің айшықты қолтаңбасын қалдырған “Зерттеу СК” ЖШС-і. Компанияның инженер-құрылысшысы Сергей Чернышовтың айтуынша, серіктестік Жамбыл көшесінің бойындағы тұрғын үйді салуды биылғы жылдың наурыз айында бастаған. Ал құрылыс жұмыстарын алдағы жылдың қаңтарына дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта учаскеде 60 адам еңбек етуде.
– Баспананың 1-5-қабаттарында – әрлеу, 12-13 қабаттарында – қалау, соңғы қабатта монолит тақталарын орнату жұмыстары жүргізілуде. Тұрғын үйді белгіленген уақытта пайдалануға беру үшін әртүрлі жұмыстарды бір мезгілде атқарып жатырмыз. Әрине, құрылыстың дер кезінде аяқталуы қажетті шикізаттың жеткілікті болуына да байланысты екені анық. Үйдің қаңқасы монолитті темір-бетоннан, қабырғалары кірпіштен қалануда. Құрылыс материалдарының басым бөлігі еліміздің әр өңірінен жеткізіледі. Мәселен, плита, газ блогы және арматура Нұр-Сұлтан қаласынан тасымалданады. Құрылыс жұмыстарының сапасын “Qutty meken” ұлттық жобасы аясында “Nur Otаn” партиясының қалалық филиалы бақылауға алған. Нысандағы жұмыстар талаптарға сай, белгіленген жоспарға сәйкес жүргізілуде, – деді Сергей Николаевич.
Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Эльмира Смағұлованың айтуынша, қаладағы ең биік тұрғын үйдің құрылысына 880 миллион теңгеден астам бюджет қаражаты бөлінген. 108 пәтерлі баспана “7-20-25” бағдарламасы арқылы сатылады. Зәулім үйдің кілтіне ие болу үшін азаматтардың меншігінде баспана мен өтелмеген ипотекалық несие болмауы керек. Жалпы, бағдарламаға өңірдегі екінші деңгейлі сегіз банк қатысуда. Баспаналы болғысы келген тұрғындар “Банк ЦентрКредит”, “Қазақстан Халық банкі”, “Jýsаn банкі”, “АТФ банкі”, “Fortebank”, “Ресей Жинақ банкі”, “Еуразиялық банк” және “RBK банкі” акционерлік қоғамдарына жүгіне алады.
Жергілікті құрылыс фирмаларына лайықты бәсекелес бола білген “Зерттеу СК” компаниясының басты мақсаты – тұрғындарға сапалы баспана ұсыну. Жұмыста озық технологияларды қолданатын серіктестік бүгінге дейін облыс орталығындағы “Береке” шағынауданында 600 орындық мектепті, бірнеше бесқабатты тұрғын үйді және басқа да әлеуметтік нысандарды салып, халық игілігіне берген. Қазіргі таңда компанияның мамандары Қызылжар ауданының орталығында бесқабатты тұрғын үйдің құрылысын қатар жүргізуде.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústik Qazaqstan”.
СУРЕТТЕРДЕ: салынып жатқан тұрғын үй, тасқалаушы А.Басубаев.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.