Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ішкі істер органдары қызметкерлері мен тәлімгерлерінің слеті өтті.
Екікүндік шараның басты мақсаты – полиция қызметкерлеріне адамгершілік және патриоттық тәрбие беру, қазақстандық полицейлердің имиджін көтеру болды. Осыған орай аға буын өкілдері өздерінің кәсіби жетістіктерін айтып, тәжірибелерімен бөлісті.
– Өмірлерін ішкі істер органдарында қызмет етуге арнап, көптеген кәсіби мамандарды тәрбиелеген аға офицерлердің жас қызметкерлермен кездесуі ұрпақтар сабақтастығы мен ішкі істер органдарының жақсы дәстүрлерін сақтауға мүмкіндік береді, – деді слет жұмысына қатысқан Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі кадр жұмысы департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Руслан Құрымбаев.
Өңірімізге арнайы шақыртумен “Елбасы жолы” киноэпопеясының жалғасы – “Жұлдыздар тоғысқанда” кинофильмінің басты рөлдерін сомдаушы актерлер – Берік Айтжанов, Алдабек Шалбаев, Ғани Құлжанов пен Жаннат Қуанышева келді. Олар тәртіп сақшыларымен шығармашылық кездесу өткізді.
Жиын барысында қатысушылар Ұлттық ұлан Әскери институты жаттығу ротасының қару-жарағы мен арнайы техникасының көрмесін және облыстық ішкі істер департаментінің мұражайын, Петропавлдағы мәдени орындарды тамашалады.
Слет өңіріміздің өнер ұжымдары қатысқан концерттік бағдарламаға ұласты.
Динара САҒЫНДЫҚОВА,
облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің аға инспекторы.