Коньки тебуден ел құрамасы оқу-жаттығу жиындарын алғаш рет Петропавл қаласында өткізуде. Елордадағы мұз айдынында жөндеу жұмыстары жүріп жатқандықтан, спортшылар солтүстіктегі Спорт сарайына ат басын бұрған.
Ел намысын әлемдік аренада қорғап жүрген спортшылар ұлттық құраманың бас бапкері, жерлесіміз Дмитрий Бабенконың жетекшілігімен жаттығуда. Бапкердің айтуынша, конькишілер облыс орталығында бір аптадан бері жаттығуда. Коронавирусқа байланысты енгізілген карантинге қарамастан, республикалық және халықаралық сайыстар жоспар бойынша өтеді деп күтілуде. Биылғы жылдың алғашқы жарысы қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында ұйымдастырылмақ. Аталмыш додада үздіктер қатарынан көрінген отандастарымыз әлем кубогының кезеңдерінде және әлем чемпионатында ел намысын қорғайтын болады.
Қазір ұлттық құраманың сапында 13 конькийші бар. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған спортшылардың басым бөлігі Петропавл қаласына алғаш рет келіп отырғанын атап айтқан жөн.