XXI ғасыр – жоғары технология ғасыры деп айтқанымызбен, бұл салада ауыз толтырып айтар жетістіктеріміз аздау. Елімізде бүгінге дейін компьютер мен ноутбук шығаратын бірде-бір өндіріс орнының жоқтығы, барлығын шетелден сатып алып келгеніміз сөзімізге дәлел. Бұл олқылықтың орнын Петропавлдағы “С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ-ы толтырмақ.
Кәсіпорын соңғы жылдары Қорғаныс министрлігінің тапсырысы бойынша қауіпсіздік жүйелері, цифрлық телевидение қондырғыларын, мұнай-газ кешендеріне арналған өнімдер мен байланыс құралдарын шығарып келген-ді. Зауыт басшылығы былтырғы жылдың қараша айында ноутбук шығаратын желіні іске қосып, қазақстандық брендпен компьютерлік техника өндірісін игеруді қолға алған болатын. Өзгенің тісі батпаған бұл бастаманы сәтті жүзеге асыруға кәсіпорындағы көпқабатты баспа платалары және интегралды шағын сызбалар өндірісі серпін бермек.
– Ноутбук пен компьютер өндірісі – біздің еліміз үшін тың сала. Сондықтан жаңа бағытты игеру мақсатында нарықты зерттеп, шетелдік компаниялар арасынан әріптес іздедік. Таңдауымыз ноутбук және компьютер шығарып жүрген қытайлық “Сhina greatwall technology group co., Ltd” компаниясына түсті, – дейді зауыттың маркетинг басқармасының басшысы Мәди Бектенов.
Зауыт өкілінің айтуынша, 1987 жылы негізі қаланған шетелдік компания жүзден астам өнім түрін шығаратын әлемге танымал “China Greatwall Tech Gr” концернінің еншілес кәсіпорны саналады. Қытайда әлемдік алпауыт компаниялардың тең жартысының еншілес кәсіпорындары шоғырланған. Көрші Ресейдің бизнес өкілдері де қытайлықтармен бірлесіп, ұялы телефон шығарған болатын. Әлемдік технологиялардың өндірістік тізбегіне жол ашатын мүмкіндігі мол салаға Қазақстан енді қадам басуда.
Жергілікті зауыт басшылығы былтыр қытайлық компаниямен келіссөз жүргізіп, өздерінің жобасын ұсынған. Өндірістік технологиялық тізбекке қосылмайынша, әлемдік технология нарығы есігін ашпайтыны белгілі. Өңір экономикасының дамуына серпін беріп отырған кәсіпорын білікті бағдарламашыларсыз, мықты базасыз бұл бастаманы жүзеге асыра алмасы анық. Маусым айында кәсіпорынның бір топ инженері аспан асты еліне тәжірибе жинақтауға барып, ноутбук құрастырудың қыр-сырын меңгерді. “Отау-ТВ” сандық теледидарына арналған “STB” құрылғысын шығарған цехтардың бірі қайта жасақталған. Қараша айында “China greatwall technology group co., Ltd” компаниясы мамандарының көмегімен алғашқы 50 ультрабук құрастырылды.
Зауыттың инженер-жөндеушісі Дмитрий Демьяненконың айтуынша, бір ультрабукты жинау үшін 25 минут уақыт кеткен. Уақыттың көбі оны тексеруге жұмсалған. Іске қосылған гаджет 30 рет қосылып, қайта өшіріледі. Барлық тексерістен сүрінбей өткен техникада төрт сағатқа созылатын бейнеролик ойнатылады. Бұл арқылы экранда ақаулардың бар-жоғы тексеріледі. Осылайша, бір ғана ноутбукқа алты сағат уақыт жұмсалады екен.
– Әр ультрабуктың салмағы 1,3 килограмм. Мектеп оқушылары мен студенттерге қолайлы. Сондай-ақ, кино көріп, әуен тыңдап, ғаламторда отыруға мүмкіндік береді. Әр гаджетте кәсіпорынның логотипі бар. Алдағы уақытта бұдан да қуатты ультрабуктерді әзірлемекпіз, – дейді мамандар.
Кәсіпорынның бөлім басшысы Алмат Шәкеновтің айтуынша, алғашқы елу ультрабук сатылымға шығарылған жоқ, оны зауыт мамандары өздері жұмыста пайдалануда. Тағы екі ультрабук жергілікті кәсіпорындарда сынақтан өтуде. Ноутбуктерді жинау жобасы үш кезеңнен тұрады. Қазір бірінші кезең жүзеге асырылуда. Яғни, мамандар ноутбуктарды Қытайдан жеткізілген дайын бөлшектерден құрастырумен шектелуде. Екінші кезеңде қосалқы бөлшектер жергілікті зауыттың цехтарында шығарылатын болады. Ал үшінші кезеңде негізгі платалар мен процессорларды шығару қолға алынбақшы. Сөйтіп, алдағы екі жылдың ішінде ноутбуктер мен компьютерлер толықтай жергілікті кәсіпорында шығарылатын болады. Жаңа бағыт толық меңгерілгеннен кейін кәсіпорын жүйелік блоктарды шығаруды бастамақ.
Осыдан бірнеше жыл бұрын аталмыш кәсіпорын заманауи 3D принтер өндірісін қолға алғанын білеміз. Қыруар қаржы бөлініп, әкімдік тарапынан қолдау көрсетілген еді. Тіпті, алдағы уақытта бұл құрылғының білім беру мекемелеріне арналған түрі шығарылатыны туралы да айтылып жүрді. Алайда, бұл бастама аяқсыз қалды. Ноутбук шығару желісі де 3D принтердің кебін киіп жүрмесін деп тілейік.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.