«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗЫЛЖАРДА ІЗІ ҚАЛҒАН ҚОШКЕНІҢ

Ақмола облысы, Омбы уезі, Теке болысы, Қаржас ауылында туып-өскен Қошке (Қошмұхамбет) Кемеңгерұлы әуелі ауылдағы Белгібай молдадан хат танып, кейін заманауи білімді Омбы қаласындағы оқу орындарынан алды. Ол Омбы приход мектебінде (1912-1914), Орта дәрежелі Омбы ауыл шаруашылығы училищесінде (1914-1918), Омбы политехникалық институтында (1919), Батыс Сібір мемлекеттік медициналық институтында (1920-1924) өз заманына лайық терең білімге ие болды. 1928-1930 жылдары Ташкент қаласында Орта Азия мемлекеттік университеті Шығыстану факультетінің түркітану кафедрасында аспирантурада оқыды. Лингвистика бағыты бойынша іргелі ғылыми жұмыспен айналысуға ден қойған шағында Қошке Кемеңгерұлы Алаш арыстарымен бірге 1930 жылдың қазан айында репрессияға ұшырап, ұзақ жылғы абақты азабы мен қуғын-сүргіннен кейін 1937 жылдың 21 қарашасында Омбы қаласында оққа ұшты.

Алаш қаламгерінің шығармашылығын сөз еткенде біз ол мұраны бірнеше сала бойынша қарастырамыз. Алдымен, Қошке Кемеңгерұлы – әдебиеттің поэзия, проза, драматургия, аударма жанрларында көркем шығармалар қалдырған жазушы. Олардың біразы (“Алтын сақина” драмасы, әңгімелері) – замандастары тарапынан жоғары бағаланған туындылар. Екіншіден, ол – кәсіби журналист, қазақ баспасөзінің қалыптасып-дамуына үлес қосқан көсемсөзші. Әр жылдары “Айқап”, “Қазақ”, “Балапан”, “Жас азамат”, “Бостандық туы”, “Қазақ тілі”, “Ақ жол”, “Сана”, “Еңбекші қазақ”, “Әйел теңдігі”, “Жаңа мектеп”, “Темірқазық”, т.б. басылымдарда мақала, танымдық еңбектерін жариялады. Кейбіреуінің редакторы болды. Үшіншіден, Қошке Кемеңгерұлы – ғалым. Ол – ғылымның әдебиеттану, тіл білімі, қазақ тілін оқыту әдістемесі, тарих, педагогика, ауыл шаруашылығы салалары бойынша бағалы еңбектер жазған білімпаз. Сонымен қатар оның еңбектерінен әлеуметтану, саясаттану, философия, география, психология, химия, медицина, гигиена, биология ғылымдары бойынша құнды ой-пікірлерді оқи аламыз.
Қошке Кемеңгерұлының тағдырында Қызылжар қаласы үлкен орын алады. Бұл тақырыпты ең алғаш көтерген белгілі алаштанушы ғалым, Ұлттық ғылым академиясының академигі Диқан Қамзабекұлы. Ғалымның “Қызылжарда Қошкенің де ізі бар” атты мақаласы 1994 жылы баспа бетін көрді. “Әруақ қонып, нар шөккен Қызылжар жері Қошке аруағына да құрмет көрсетеді деп ойлаймыз”, – деп аяқталатын мақалада қайраткер-қаламгердің Қызылжар өңірінде өткен күндері, осы топырақпен байланысы баяндалады.
Қошке Кемеңгерұлы Қызылжарда 1918-1919 жылдары ұлт тарихындағы тұңғыш жастар газеті “Жас азаматты” шығарды. Ұлттық күрес жолында “Қазақ” газетінің ұстанымын жалғастырған “Жас азамат” – алаш ұранды басылымға айналып, онда Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасов, Мұхтар Әуезов сынды қазақтың біртуар азаматтары еңбегін басты. Мағжанмен бірге мұғалімдер даярлайтын курста дәріс оқыды. Ол туралы шәкірті Жүнісбек Жанқонақовтың естелігінде айтылады. Оның Қызылжар қаласындағы кезеңінен құнды мәлімет беретін, сондай-ақ, “Бостандық туы” газетін атайтын қолжазбаны толық ұсынамыз:
“Кемеңгерұлы Қошмұхамбет туралы менің біраз білетінім, 1920-шы жылы Қызылжарда (Петропавловск) июнь, июль айларында Совет үкіметі орнағаннан кейін бірінші рет Қызыл мұғалімдер курсы ұйымдастырылды. Екі жүздей мұғалім оқыды. Қошмұхаммет осы курста жаратылыс пәнінен сабақ берді. Ол кісі әдебиет мәселесімен де шұғылданып жүретін еді. Қызылжарда квартирада бір үйде (бөлмеміз басқа) тұрдық. Қайсы уақытта өзінің жазған әңгіме, пьесаларын қолжазбасынан оқитын еді. Мысалы, менің есімде қалғаны “Ерлік жүректе” деген әңгімесі, “Қасқырлар мен қойлар” атты пьесасы. Бұл пьесаны біз сол Қызылжарда халық алдында, оқушы курсанттарға қойған болатынбыз. Мен пьесадағы урядник, ал осы күнгі жазушы Сәбит Мұқанов болыстың рассыльнигі рөлін ойнаған еді.
Пьеса Қызылжар қала бақшасындағы жазғы театрда қойылды. Ол уақытта “Бостандық туы” атты қазақ газеті Омбыда шығатын еді, сондықтан болашақ ойын-сауық, қойылатын спектакльдердің құлақтандырылуы қолжазба түрінде таратылатын. “Қасқырлар мен қойлардың” мазмұны – пьесада 1916 ж. патшаның июнь жарлығы бойынша қазақ халқынан 19-31 жас аралығындағы жігіттердің майданға, тылдағы жұмысқа алынуы (мобилизация) көрсетіледі. Пьесаның идеясы – патша чиновниктерінің, қазақтың болыс-билерінің, басқа осы жұмысқа қатысы бар қызмет адамдарының жауыздық, парақорлық образдарын көрсету. Байлар жоғарыда айтылған адамдарға пара беріп, балаларын мобилизациядан алып қалады да, олардың орнына зағип, ауру, жасы өткен кедей балаларын жібереді”.
Жүнісбек Жанғонақовтың өз қолымен жазған естелігін ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарында Омбы қаласынан Нарманбет Қошкеұлы алған. Қошкенің шәкірті ұзақ уақыт Омбы қаласында Қазақ педагогикалық училищесінде директордың орынбасары қызметін атқарды. Қызылжарда Қ.Кемеңгерұлының “Қасқырлар мен қойлар” пьесасымен бірге “Әулие тәуіп” атты драмалық туындысы да жазылып, сахналанғаны туралы мәлімет бар.
1923 жылдың көктемінде Қошке Кемеңгерұлы қызылжарлық Зира Мұхамеджанқызымен шаңырақ көтереді. Зира Атығай ішіндегі Ақкиіктен тарайды. Алайда тағдыр жас отбасының ғұмырын бақытты етпей, қысқа қылады. 1924 жылдың наурызында Зира бала үстінде қайтыс болады. Сүйген жарынан, шетінеп кеткен тұңғыш перзентінен айрылған қаламгер дертке шалдығады. Қайғы жұтып сүйгеніне бірнеше өлең арнайды. Сондағы жазған бір өлеңінде мынадай жолдар бар:
Сүйген үшін күйгенде
Қапаланам тым ауыр.
Қаратпайды сүйгенге
Алмас ажал тас бауыр.

Сан бардым ғой қасыңа,
Көтермедің басыңды.
Көрмеді ғой бұл Құдай
Көзден аққан жасымды…
Қошке Зираға үйленген жылы әйгілі драмалық шығармасын, Мемлекеттік ұлт театрының ресми шымылдығын ашқан (1926) “Алтын сақинаны” Орынбордан жеке кітапша етіп басып шығарды. Драманың бас кейіпкері Халима – ескі наным-сенімнің, озбырлықтың құрбанына айналып, жас өмірін трагедиямен аяқтайды. Өмірден озар алдында Халиманың аяғы ауыр екендігі мәлім болады. Біздің пайымдауымызша, шығармадағы Халиманың жинақталған образының бірі – Қошке Кемеңгерұлының алғашқы жұбайы Зира Мұхамеджанқызы.
Омбы қаласында Батыс Сібір мемлекеттік медицина институтының 3-курсында білім алып жүрген Қ.Кемеңгерұлы оқу орнының анкетасына берген жауабында “Бостандық туы” газетінде қызмет істегенін атайды: “1919 жылға дейін Омбы ауыл шаруашылығы училищесінде оқыдым. Арнаулы стипендия алып тұрдым. Омбы Политехника институтына түсердің алдында Омбы губерниялық халыққа білім беру бөлімінде нұсқаушы болдым. “Бостандық туы” газетінде қызмет жасадым… (05.12.1924 ж.)”.
“Бостандық туы” газетінде Қ.Кемеңгерұлының “Егін салу турасында” атты көлемді зерттеуі басылды. Алаштанушы ғалым Диқан Қамзабекұлының дерегі бойынша, аталған еңбек газеттің 1923 жылғы 17, 21, 23 қыркүйек, 4, 9 сандарында жарияланды. Зерттеудің эпиграфы ретінде “Еңбек қылсаң ерінбей, тояды қарның тіленбей” деген Абайдың сөзі жазылған. Еңбек “Ескі жерді жұмыстау”, “Құрғақ жерге егін салу реті”, “Парды жұмыстау”, “Елеуіштің пайдасы”, “Қара күйенің бірден бірге жұғу мәнісі”, “Мүлтіксіз жуатын машина”, “Қара күйеге екінші амал”, “Себу реті”, “Тұқымды көму мөлшері”, “Жиі себіс”, “Қатарлама шашықтар” атты бөлімдерден тұрады. Омбы ауыл шаруашылығы училищесін бітірген Қошке Кемеңгерұлының зерттеуінде егін егудің ғылыми негізі көрсетіледі.
Көлемі шағын келсе де, көркемдік қуаты жоғары жазушы әңгімелерінде ұлтшылдық, ағартушылық мәселесі көп қозғалды. “Отаршылдық ұсқындары” атты шығармасында Қызылжар уезіндегі оқиға баяндалады. Әңгімеде Жаңатай есімді қалада оқып келген қазақ ел ішінде болған мынадай сұмдық көріністің куәсі болады. Ұлты орыс урядник бір қазақты қамшысының астына алып, жан даусын шығарып оны ұрып жатқанын көреді. Бет-аузы қан жоса болған бейшараға сары ала түймелі форма киген Жаңатай араша түсіп, жағдайдың мән-жайын, мұндай аяусыз соққының неден шыққанын сұрайды. Сонда жаңағы сақалын жаспен жуған қазақ: “Тақсыр, анау арам қатқыр бұйдасыз түйе алып қашып, мынау мұжықтың атын үркітті. Соны көріп әлгі шіңкілдек сені каталешкеге жабам, болмаса 5 сом ақша бер деді. Мен пысықтығым ұстап бермей қарысып тұрып алдым. Сен көнбейтін екенсің деп қамшыны бұршақтай жаудырып сойғаны ғой”, – деді. Жаңатайдың іші оттай қайнады, күресуге дәрмен жоқ. Бұл базарды көрмей-ақ пәтеріме қайтайын деп сырт айналғанда: “Малақай” деп бір қазақты аяғынан шалғылаған, тымағынан тартқылаған казак-орыстың үш-төрт баласын көрді”. Жаңатай мұндай сұмдықты бұрын естісе де, көзімен көрмеген еді. Ол қатты күйзелді. Туған халқы үшін қиналды. Егер әр қазақ мен секілді оқыса, осындай қорлыққа түспес еді деп түйді ойын.
Қазақ халқының азаттық жолындағы ауыр күрес жолы Қ.Кемеңгерұлының “Атылып өлген қазақ жігіті”, “Бүлінгеннен бүлдіргі алма”, “Қазақ жеріне қолқа салушылар”, “Ештен де кеш жақсы” мақалаларында, “Жан сүйікті жездем Отыншы”, “Елден: опат” мұнақыптарында, “Парашылдар”, “Қасқырлар мен қойлар”, “Әулие тәуіп”, “Бостандық жемісі” пьесаларында баяндалады. Бұл еңбектерде қаламгер ел тағдырын, қазақ ұлтының ауыр тұрмысын суреттей отырып, оқырманға елшілдік, ұлтшылдық рухта ағартушылық идея көтереді.
2021 жылы – Алаш қайраткері Қошке Кемеңгерұлының 125 жылдығы. Осы мерейтойға байланысты табанының ізі қалған, халқына дәрігерлік ем-дом көрсеткен, драмалық шығармалары сахналанған, “Жас азамат” газетін шығарған, “Бостандық туы” басылымында қызмет істеген, мұғалімдер даярлайтын курста шәкірт тәрбиелеген асыл азаматтың Петропавл қаласындағы бір көшеге немесе оқу орнына есімі берілсе, шығармашылық мұрасы жан-жақты дәріптелсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Қайырбек КЕМЕҢГЕР,
филология ғылымдарының кандидаты,
Л.Н.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры.

СУРЕТТЕ: Қ.Кемеңгерұлы зайыбы Зирамен. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp