
Белгілі британ сәулетшісі Норман Фостер: “Қандай да ғимарат салардың алдында, ең алдымен, қаланы тыңдаңыздар, бірдеңені бұзар алдында – жүрекке құлақ түріңіздер”, – деген екен. Лондондағы Мэри-экс мұнарасының, Куала-Лумпурдағы “Үштік” тұрғын үйінің, Астанадағы “Хан Шатырдың” авторы, атақты сәулетшінің сөзі қай заманда болсын өзекті. Елді мекенде салынған ғимараттар, орнатылған ескерткіштер мен мүсіндер сол ел тұрғындарының тарихын көз алдыңа елестетеді. Олармен бірге егіз ұғымдай қатар жүріп, бет бейнесі ретінде қалыптасады. Нью-Йоркті “Бостандық” мүсініне қарап танысақ, Астана десе, бірден көз алдымызға “Бәйтерек” монументі келері анық. Ал Петропавл десе ше? Облысымыздағы бас қалада көрсетуге тұрарлық қандай ескерткіштер бар? Мәселен, қаланың орталық көшелеріне қойылған шағын мүсіндер шаһардың көркін ашып тұр ма?
Ескерткіштер қаланың әсемдігі үшін ғана керек емес. Олар, алдымен, елдің тарихын, өмір тұрмысын көрсететін, кейінгі ұрпаққа қалатын мұра. Петропавлда саусақпен санарлық ескерткіштер бар. Олардың негізгілері: Абылай хан, Қарасай мен Ағынтай батырлар, Мағжан Жұмабаев, Абай мен Пушкин, Үкілі Ыбырай, Жұмабек Тәшенев, Александр Пушкин ескерткіштері. Бұл ескерткіштер еліміз егемендік алғаннан кейін қойылды. Түсінген адамға Тәуелсіздігіміздің нышанындай. Сол себепті де орындалу техникасында, эстетикалық әсемдігінде, көркемдік сипатында, сапасында да мін болмауы керек.
Ал қаланың орталық көшелеріндегі шағын ескерткіштердің көптігінен көзің сүрінеді. Олардың эстетикалық әсемдігі, мазмұны, көтерген идеясын алмағанда орындалу сапасы көңілден шыға ма? Жамбыл көшесінің бойындағы құлынды бие мен қолына тостаған ұстаған атаның бейнелері уақыттың сынынан сүрінбей өте алмады. Әр жерден сынып, әйнек сияқты шытынап кеткен. Оларды жолай орналасқан аққулардың халі мүлдем мүшкіл. Үгітіліп қалған. Әуелгі жоспар бойынша аталмыш көшеде “Керуен сарай” деген атауға сәйкес ұлттық сарындағы бейнелердің легі болуы тиіс еді. Қолына домбыра ұстаған ұлды, өрісте жайылып жүрген қойларды бейнелейтін мүсіндердің орнына аққулар мен еліктердің тас мүсіндері қойылды. Олар тақырыпты қамтып, идеялық мазмұны тұтас композияцияға ұқсамайтындығы да сондықтан. К.Сүтішев пен Пушкин көшелерінің қиылысындағы қобыз ұстаған қария мен Ұлпанның мүсіндері де аянышты жағдайда. Ағаштан жасалған “Ұлпан” табиғаттың тосын мінезіне шыдай алмаған. Мүсіннің сыртындағы бояуы түскен. Ағашы қурап, әр жерден жарылып қалған. Осы мәселеге кеңірек бойламақ болып, сала мамандарын әңгімеге тарттым.
Кескіндемеші, бірнеше жыл қатарынан облыстық көркемдік кеңестің төрағасы болған Валерий Крестниковтың айтуынша, облысымызда барлық талаптарға сай орындалған мүсіндердің қатарына бірнеше ескерткішті ғана жатқызуға болады. Олар – Абылай хан, Қарасай мен Ағынтай батырлар, Мағжан Жұмабаев көшесінің бойында жерлес ақынға қойылған ескерткіш, Үкілі Ыбырай мен облыстық бейнелеу өнері мұражайының алдындағы шағын саябақтағы Александр Пушкин бюсті. Суретші бұл мүсіндердің орындалу техникасы, эстетикалық мазмұны, көркемдік сипаты барлық талаптарға сай, дейді. Қарасай мен Ағынтай батырлар ескерткіші мен А.Пушкин бюстін кәсіби мүсінші Болат Досжанов орындаған. Ал Қазақстан Конституциясы көшесіндегі Абай мен Пушкин, орталық саябақтағы ақын, жазушыларды, вокзал алдындағы Мағжан Жұмабаев ескерткіштерінің жайын сұрамақ болғанда үнсіз басын шайқаған Валерий Крестников: “Олар жайында айтарға сөзім жоқ”, – деп қысқа қайырды. Оның себебі де айқын.
Бұл мүсіндердің авторы – Қазыбек Сатыбалдин. Абай мен Пушкин мүсінінде кеткен кем-кетіктерді көру үшін кәсіби суретші болудың қажеті жоқ. Сол сияқты автордың 2010 жылы Петропавлдың демалыс саябағында “Қазақстан мен Ресей әдебиетшілері” тақырыбымен ашылған ескерткіштер легін жергілікті суретшілер мен тұрғындар қатал сынға алып, арнайы комиссияның шешімімен 34 мүсіннің 12-сі ғана қойылғаны белгілі. Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Сәкен Сейфуллин, Петр Ершов, Лев Гумилев, Шал ақын, Қожаберген жырау, Анна Ахматова, Николай Гоголь, Антон Чехов және басқа тұлғалардың мүсіндері саябақтағы субұрқақты айнала орнатылды. Бірақ аталған жазушылар мен ақындарды ескерткіштерге қарап ажырату оңай емес. Оны Валерий Крестников те растап отыр.
– Ескерткіштер жасалу техникасы, тақырыбына қарай әрқилы болып келеді. Мүсіндердің ішінде көп кездесетіні – тарихи ескерткіштер. Олар қандай да бір тарихи тұлғаның бейнесін мәңгілік ету мақсатымен жасалады. Ескерткіш тұлғаның бейнесіне тұспа-тұс келуі керек. Бет әлпеті, бойы, дене бітімі, киімі прототипіне ұқсауы тиіс. Мәселен, кеңес өкіметі тұсында Лениннің ескерткішін арнайы құжаты бар мүсінші ғана жасаған. Себебі, ескерткіш тарихи тұлғаға ұқсауы заңмен қадағаланды. Ал орталық саябаққа қойылған мүсіндер сын көтермейді. Бұл мәселені 2010 жылы көтерген болатынбыз. Қайталап айтқым келеді, егер де мен мұғалім болсам, бұл жұмысқа үш деген баға қояр едім. Мүсіндердің орындалу техникасында үлкен қателік кеткен. Басы үлкен, денесі шағын, бойы аласалау, сөйте тұра аяғының өлшемі 60-шы ескерткіштерді көрдіңіз бе? Бейнелер бір-біріне ұқсайды. Мүсіншінің жасаған ескерткіштерінің арасынан осылар дұрыс болар-ау дегендері ғана іріктеліп алынды. Тұрғындар кімнің кім екендігінен шатаспас үшін ақын-жазушылардың есімдері жазылған тақтайшалар орнатылып, жақыннан кем-кетіктері көрінбес үшін жоғарыға қойылып, ақ түске боялды. Қазіргі күні кейбірінің тақтайшасы түсіп қалғанын байқадым. Ескерткіш, мүсіндердің көркемдігінің жоғары болғандығы не үшін қажет? Өскелең ұрпақта талғам қалыптастыру үшін керек. Ал қазіргі таңда біз талғамның не екенін ұмытқандаймыз, – дейді Валерий Крестников.
Мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасының тарихи-мәдени мұраны қорғау және заң жұмыстары жөніндегі бөлімінің басшысы Людмила Сорокотяга бұл жөнінде былай дейді:
– Бұл ескерткіштер мүсін өнеріндегі саябақ ескерткіштеріне жатады. Әдетте мұндай мүсіндер әсемдік үшін жасалып, түрлі тақырыптарды қамтуы тиіс болатын. Бұл әдіспен түрлі жануарлардың, гүлдердің, ертегі кейіпкерлерінің бейнелері ғана жасалған. Саябақ ескерткіштеріне қазақ және орыс халықтарының белгілі жазушы, ақындарын алудың өзі қателік болды. Себебі, халық сүйікті қаламгерлерін жазбай таниды. Ал қаладағы шағын мүсіндерге келсек, оларды бей-берекет қойып жатқандығын тұрғындар да сынға алуда. Мүсін әдемі көрінуі үшін оған кеңістік қажет. Қаламызда Мағжан Жұмабаев көшесіндегі шағынбақтағы ақынның тастан қашалған ескерткіші барлық талапқа сай жасалған. Орналасқан жері де дұрыс. Кеңістік мүсіннің эстетикалық сұлулығын әсерлендіре түседі. Ал шағын мүсіндерге келетін болсақ, өкінішке қарай, бұл ескерткіштер облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасының құзырында емес. Бірақ олардың қаланың орталық көшелеріне шамадан тыс көп қойылып, көшенің келбетін әсемдеудің орнына бұзып тұр деп айтар едім. Мәселен, Жамбыл Жабаевтың бюсті тұрған шағынбаққа бір топ жылқыны қойған. Мұндай ескерткіштерді Астана қаласында көрген болатынмын. Бұл мүсіндерге де кеңістік қажет. Қойылған жері сәтсіз таңдалған. Тұрғындар оның әсемдігін көре де алмайды. Себебі, аттасаңыз, алдыңыздан тағы да ескерткіш шығады. Осындай мүсіндерді бір тақырыптан, бір техникадан ауытқымай жасап, қаланың шеткі аудандарына қойса, әлдеқайда тиімді болар еді.
Мүсіннің сапасы уақытқа тәуелді. Бір мүсінді жасау үшін бір күн емес, бірнеше ай қажет. Тіпті, шағын ескерткіштердің орындалу сапасына уақыттың аздығы кері әсерін тигізуі мүмкін. Оның бір мысалы ретінде 2013 жылы Петропавл қаласы күніне орай шаһардың орталық көшелеріне қойылған 15 мүсінді айтуға болады.
Қазақстан Конституциясы көшесінің бойында қазқатар тізілген ескерткіштердің, Мағжан Жұмабаев көшесінің бойындағы шағынбақтағы, Евгений Онегин мен Татьяна мүсіндерінің авторы – Светлана Брютова.
– Маған тапсырыс әкімдік тарапынан түседі. Мүсіндердің тақырыптарын да бірге талқылаймыз. Мен 15 мүсінді 40 күннің ішінде жасадым. Берілген уақыт тығыз еді. Бір мүсінді жасау үшін бір аптаның көлеміндей уақыт қажет. Сол себепті күні-түні тоқтаусыз жұмыс істедім. Көшеге қойылғанда мүсіндердің кейбірі, тіпті, кеппеген де еді. Қазақстан Конституциясы көшесіндегі шағын ескерткіштер жанында орналасқан ғимараттарға сай жасалды. Мәселен, Достық үйінің қасындағы кептер ұстаған қыз бен ұл еліміздегі этносаралық татулықты бейнелейді. Мағжан Жұмабаев көшесіндегі мүсіндердің композициясы “Жастық шақ” деп аталып, облысымыздағы жалғыз жоғары оқу орнының қарсысына қойылды. Ал сапасына келер болсақ, мен кәсіби мүсінші емеспін. Мен – қолөнершімін, 20-30 сантиметрлік шағын кәдесыйлардың маманымын. Көшелерге қойылған шағын мүсіндер кісі бойымен тең. Яғни, кәдесыйларымды үш есе үлкейткендей боламын, – дейді ол.
Валерий Крестников әріптесінің пікіріне қосылады. Қала көшелеріндегі шағын ескерткіштер көп жылға шыдамайды, дейді ол. Себебі, мүсіндердің жасалу техникасы сақталмаған. Бұл мәселені шешу үшін облысымызда арнайы көркемдік кеңес құрылып, оған өнерге қатысы бар, өз ісін білетін мамандарды шоғырландырса ғана шала-жансар туындылар жасалмайды деген пікірде.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.
Петропавл қаласы.