Мешіт – Алланың жердегі үйі. Еліміз тәуелсіздік алып, халық дінге бет бұра бастаған 23 жыл ішінде Қазақстанда мыңдаған мешіт бой көтерді. Бүгінде еліміз бойынша олардың саны 2000-нан асып кетті. Жаңа мешіттермен бірге ертеректе салынған ғибадат үйлерінің де әлі күнге дейін сақталып, халыққа қызмет етіп тұрғанын айта кеткен жөн. Солардың бірі – қабырғасы қаланғанына 130 жылдан асқан Петропавл қаласындағы “Нұр” мешіті. Мәдениет ескерткіштері тізіміне кіргізілген бұл ғимараттың өткені мен бүгіні жайлы мешіттің бас имамы Әбілхан қажы Балтаұлы айтып берді.
– Әбілхан қажы, еліміздегі көне мешіттердің біразы біздің Петропавл қаласында екенін білеміз. Солардың тарихы жайлы айтып берсеңіз.
– Қызылжарда алғашқы мешіттер ХVІІІ ғасырдың 60-шы жылдары салына бастайды. 1767 жылы Сегіз Серінің әкесі Баһрам Шақшақ би мешітін салдырған. Онда ер Есеней оқыған. Атақты Марал ишан да бұл шаһарда медресе салдырып, бала оқытқан. Одан кейінгі үлкен мешіт құрылысы 1795 жылы жүргізілген және кейінгі кезге дейін ғимараты сақталды. Ол ел арасында Қасым мешіті деген атаумен танымал болған. Қызылжардағы мешіттердің көбі бүгінгі күнге дейін сақталмады. Біразы әртүрлі мекемелерге берілген екен.
– Біздің білуімізше “Нұр” мешіті де көп жылдар бойы мақсатсыз пайдаланылып келді емес пе?
– Иә, бұл мешітті 1882 жылы Валид пен Халид Янгузаровтар деген ағайынды көпестер салдырған. Намаз оқитын бөлме шамамен 200 кісіге шақталған. Содан бері бұл мешітте мыңдаған жан кұлшылық етті, медресесінде шәкірттер тәрбиеленді. Өкінішке қарай, Қазан төңкерісінен кейін ол жабылып қалады. Тарихи құжаттарға қарасақ, түкке тұрмайтын сылтаулар тапқан ғой. Мысалы, мешіттің есігіне қара құлып салынуының басты себебі салықтың дұрыс төленбегені екен. Кейін ғимарат қалалық пионерлер үйіне беріледі. Ал Қазан төңкерісіне дейінгі уақытта бұл мешітте Ғазиз Бегішев деген азамат имамдық еткен. Кейін Мирараб Янгузаров осында имам болады. 1991 жылы тәуелсіздік алып, дінге бетбұрыс түзелген уақытта ғана мешіт қайтадан халыққа құлшылық ететін орын ретінде кайтарылды.
Жалпы, 1927 жылғы Ақмола губерниялық кеңесінің тіркеуі бойынша Қызылжарда тоғыз мешіт бар екені көрсетілген. Олардың алтауы – кірпіш пен тастан, ал қалған үшеуі ағаштан салынған болатын. Ағаштан салынған мешіттер әлдеқашан жойылды. Ал тастан қаланғандарының үш-төртеуі сақталған. Солардың бірі – “Нұр” мешіті, одан бөлек “Дін Мұхаммед” мешіті де бар.
– “Нұр” мешіті еліміздің мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізіліп, ерекше қорғауға алынған. Алайда, ол жалғыз емес, мешіттің ауласында тағы бір тарихи ғимарат бар ғой. Сол жайында айтсаңыз.
– “Нұр” мешітінің ауласында ел арасында “Қалыңдық үйі” аталып кеткен екіқабатты ғимарат тұр. Оны көпес Янгузаров қалыңдығы үшін салған екен. “Қалыңдық үйі” – екіқабатты. Сырт көзге тастан қаланғандай болып көрінеді. Бірақ ағаштан тұрғызылған баспана арнайы сылақпен майланған. 1914 жылы тұрғызылған нысанның ою-өрнектері көп. Бүгінде бұл нысан мемлекет қаржысына қайта қалпына келтіріліп жатыр. Бұл ескі ғимараттарды сақтап қалудың маңызы зор.
– Тозбайтын дүние жоқ, тас та мүжіліп бітеді. 130 жыл бұрын салынған көне мешітті жамағат намаз оқитындай етіп сақтап қалу тұрғысында қандай жұмыс жүргізілуде?
– 130 жыл аз уақыт емес, әрине. Алайда, ғимараттың іргетасы мен қабырғалары өте сапалы жасалған. Олар сыр берген жоқ. Исламға адамдарды тарту үшін, оларды дінге шақыру үшін мешіттеріміздің де сәнді болғаны дұрыс. Алыстан көрген адамның көзі қызығардай еткен жөн. Сырты алқам-салқам, іші алба-жұлба болса, адамның кіргісі де келмейді ғой. Сондықтан былтыр сыртқы қоршауын жаңарттық. Қызыл кірпіш пен темірден қоршау жасадық. Сыртын қайта боядық. Биыл еденін жөндеп, жаңадан үлкен жайнамаз-кілем төседік. Бір айта кетер жайт, 90-жылдары бұл ғимарат ұзақ жылдардан кейін мешіт ретінде халыққа қайтарылған кезде күрделі жөнделген екен де, одан кейін ешкімнің қолы тимеген. Сондықтан ішін қайтадан ақтап, әрлеп шықтық.
– Биыл тағы да қандай жұмыс тындырылады?
– Мешіттің есік-терезелерін жаңартып, жылу жүйесін қайтадан қалпына келтіру керек. Бұған дейін істелген істердің бәрі қолы ашық бауырларымыздың көмегімен атқарылды. Біреуі мінбер жасап берсе, екіншісі үнемі жел үрлеп тұратын қос терезені жаңартты. Еденді жылыту мен кілем төсеу істері де сол дін жанашырларының арқасында атқарылды. Сондықтан ақшасын Алла разылығы үшін дін жолына жұмсап жүрген, намазхандар жылы жерде құлшылық жасасын деп жүрген абзал азаматтардың ниет-тілектері қабыл болсын деймін.
Сұхбаттасқан
Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,
журналист.