«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗЫЛЖАРДЫҢ «МОРЖДАРЫ»

Біз бетті қарыған аяздан жылы пәтерге тез жету­ге асығып, ыстық шай ішіп жылынуды ойласақ, жерлестеріміздің арасында мұздай суға түсуді асыға күтетіндер бар. Шымыр боламын деп қыста суға сүңгитін оларға солтүстіктің сарышұнақ аязы кедергі емес.

Есіл өзенінің жағасындағы қалалық жағажайдағы «морж­дар» шомылатын ойық ағашпен қоршалыпты. Әдемі әуен, киім ауыстыратын шатырлар, көңілді атмосфера – мұның бәрін клуб мүшелері өз қолдарымен және өз қаражатына жасаған.

Олардың өмірдегі кәсіптері әр алуан болғанымен, ермек­тері бір – мұздай суға шомылу. Қаладағы морждар клубына 100-ден астам адам мүше. Олардың жас айырмашылықтары да әртүрлі. Ең үлкені 66-дағы зейнеткер, ең кішісі 10 жаста. 20 шақты әйел бар. Бәрі де ауру-сырқау дегеннің не екенін ұмыту үшін сенбі, жексенбі және мейрам күндері таңертең 10-нан түс­ке дейін мұздай суға шомылуды әдетке айналдырған.

Салқын судан шыққандар ыстық шай ішіп жылынады. Шомылатын күндері клуб мүшелері ойықтың айналасында ке­зекшілік атқарып, тәртіп пен қауіпсіздікті қадағалайды, қатарға жаңадан қосылған «морждарды» салқын суға дұрыс сүңгуге үй­ретеді.

2017 жылы құрылған Петропавл морждар клубының ұйым­дастырушысы Ерік Мағамбетовтің айтуынша, салқын суға тү­суді жаны сүйетіндер бастапқыда өз қаражаттарына мұз кесетін құрал-жабдықтар алған, онымен қатқан мұзды шомылар ал­дында ойып, тазалап отырады. Қатты аязда қалың болып қата­тын мұзды ою қиын болғандықтан, кетерде ойықтың бетін то­лық жабатын қақпақ орнатқан.

– Жалпы қыста мұздай суға шомылу денсаулықты сауық­тырады. Үрей мен қорқынышты жеңе білудің өзі ағзаны шы­нықтырады. Адамның иммундық қабілеті күшейіп, түрлі мау­сымдық ауруларға төтеп бере алады. Егер тұрақты айналыса­тын болса, қан айналымы жақсарады, себебі мұздай суға түс­кенде денедегі күре тамырлар белсенді жұмыс істейді, – дейді 8 жылдан бері мұзды суға түсіп шынығып жүрген Ерік Ма­ғамбетов.

Ережені білмейтіндер мұздың үстінде көбірек тұру пайдалы деп ойлайды. Керісінше, судан шыққан соң аяққа жүннен то­қылған шұлық киіп, денені орамалмен ысқылап, ыстық шай ішу қажет. Сонымен қатар мұздай суға шомылудың өз ережесі бар. Шешінуді аяқтан бастау керек, суға да аяқпен кіру керек, баспен сүңгуге болмайды. Мұздай суға бірінші рет шомылған адамға 30 секундтың өзі жеткілікті болса, тәжірибелі «морждар» минуттап жүзе алады.

– Салқын суға түсу кезінде дұрыстап тыныс алу қажет. Өйт­кені суық ауада тыныс алу маңызды рөл атқарады. Бастысы – қорықпау. Жалпы соңғы жылдары қыста суға түсуге қызығу­шылық танытып жатқандар өте көп. Себебі қазіргі таңда са­лауатты өмір салтын ұстану сәнге айналуда. Айына бір рет бала­ларымен бірге келіп, шомылып кететін 4-5 отбасы бар, – дейді морждар клубын ұйымдастырушы.

Әр адам өз денсаулығына зиян келмеуі үшін нұсқамаға сәй­кес дұрыс әрекет етуі тиіс. Суық суға бірінші рет түсетін адам міндетті түрде дәрігердің кеңесін алады. Себебі суық суға шо­мылу шынықпаған адам үшін қауіпті. Тынысы тоқтап, есінен танып, аяқ-қолы тартылуы мүмкін. Жүйке жүйесі, жүрек қан тамырлары, буындары ауыратын және басқа да созылмалы ау­руы бар адамдарға шомылуға болмайды.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,

«Soltüstık Qazaqstan».

Суретті түсірген

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp