“Поэзия, менімен егіз бе едің?” деп аталатын Мұқағали Мақатаев атындағы ақындар байқауының ақтық кезеңі “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығында өтті.
Ақиық ақынның қуатты да көркем шығармаларын насихаттау, өлең құдіреті арқылы мемлекеттік тілдің мәртебесін асыру мақсатында өткізілген байқауға 20 мен 30 жас аралығындағы 9 үміткер қатысты. Жыр додасына түскен жас ақындар “Поэзия, менімен егіз бе едің?” аталымында Қарасазда туып, бар қазақтың мақтанышына айналған Мұқағалиға арнаған өлеңдерін оқыса, “Ал, екінші бақытым – тілім менің” бөлімінде ана тіліміздің қадір-қасиетін, сөз құдіретін, бабалардан қалған асыл мұраның сарқылмас қазынасын паш еткен жырларын орындады. Байқаудың соңғы “Болашағым, сен тұрсаң мен өлмеспін!” бөлімінде үміткерлер ақын күнделігінен сыр шертіп, көркемсөз оқу шеберліктерін көрсетті.
Байқау қорытындысы бойынша Уәлиханов ауданының намысын қорғаған Надира Бурасова жүлделі III орынды иеленсе, II орын Мағжан Жұмабаев ауданының Сарытомар орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Әсел Досоваға бұйырды. Байқау шарттарынан сүрінбей өткен М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің II курс студенті Байболат Құлтанов I орынды иеленіп, республикалық кезеңге жолдама алды. Жеңімпаз сәуір айында Талдықорған қаласында өтетін байқауда облыс намысын қорғамақ.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.