«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗЫЛЖАРДЫҢ САМАЛЫН ДА САҒЫНАДЫ

Қырғыз досым аңқылдаған,

Көңілі пәк, жаны асыл.

Өзіңдегі жомарттықты

Бізден ғана табасың, – деп жырлаған Қадыр Мырза-Әлі екі халықтың арасындағы ұқсастықты тамаша жеткізген. Себебі, қазақ пен қырғыз ежелден бауырлас ел атанып, тонның ішкі бауындай емен-жарқын араласып келеді.

– Қазақ жерін мекен еткен барша ұлттың баласы бақытты. Өйткені, Отанымыз тыныш, басымыз аман, бауырымыз бүтін. Сонымен қатар, мемлекетімізде тұратын әр этностың тілі мен дінін, мәдениеті мен әдебиетін жаңғыртуға мол мүмкіндік жасалып отыр. Әсіресе, қазақ пен қырғыздың ағалы-інідей бауырлас болып кеткенін ескерсек, біздің жөніміз мүлдем басқа. Қасиетті қазақ елінің суын ішіп, ауасымен тыныстап отырған қырғыздардың тілегі бір, мақсаты ортақ. Ол – Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, ұлы достықтың мәңгілік салтанат құруына үлес қосу, – дейді Петропавл қаласының тұрғыны, кәсіпкер Улукбек Маматеминов.

1997 жылы отбасымен біздің өңірге көшіп келген Улукбек Маматеминов – бүгінде осы елдің толыққанды азаматы. Өзінің жеке кәсіпкерлігін ашып, сауда-саттықпен айналысады. Зайыбы Айнұр екеуінің бар мақсаты – қос ұлының сапалы білім алып, саналы азамат болып қалыптасуы.

– Үлкен ұлым Бекмырза қазір Бішкек қаласындағы оқу орындарының бірінде бағдарламашы мамандығы бойынша білім алуда. Ал Қазақстанда туған екінші ұлым Нұрсұлтан – облыс орталығындағы №43 орта мектептің оқушысы. 2000 жылы кенже ұлым дүниеге келгенде есімін Елбасының құрметіне Нұрсұлтан деп қойдым. Себебі, Президентіміздің сарабдал саясатының арқасында елімізде тыныштық орнап, бүкіл этнос өкілдері бір-бірімен тату өмір сүріп жатыр, – деген кәсіпкер балалары болашақтарын Қазақстанмен байланыстырып отырғандығын жеткізді. Үлкен ұлы Бекмырза білімін алғаннан кейін Петропавлға келіп, елдің дамуына өз үлесін қосқысы келеді екен. Ал кіші ұлы Нұрсұлтан өзін Қазақстанның азаматы деп есептейді.

Улукбек Маматеминов осыдан 18 жыл бұрын Қазақстанның шекарасынан өткен кезде: “Бірер жылдан соң отанымызға ораламыз ғой”, – деген ойдың да болғанын жасырмады. Алғашқы бір жыл солтүстіктің қытымыр аязына қиналса, ал қазір тарихи отандарына барса, аптап ыстыққа шыдай алмай, Қызылжардың салқын самалын сағынады екен.

– Жылына екі-үш рет Қырғызстанға барып тұрамыз. Бірақ туыстарымның дені біздің соңымыздан Петропавлға көшіп келген еді. Қазіргі таңда облыс орталығында 400-дей қырғыз тұрады. Барлығының жұмыстары, тұратын жерлері бар. Әлеуметтік жағдайлары жақсы, – дейді кәсіпкер.

“Алла жазса, зайыбымыз екеуміз зейнет демалысына шыққаннан кейін Қырғызстанда қалған туыстарымыз бен Қазақстанда тұратын балаларымыздың ортасында қыдырып жүреміз”, – деген Улукбек Маматеминовтың ән айтып, музыкалық асапта ойнайтын да өнері бар. Отбасында өзінен басқа бауырларының өнерге қыры жоқ екенін айтқан ол кіші ұлын қобыз немесе домбыра сыныбына бермекші екен. Әр адамның музыкалық сауаты болғаны дұрыс, дейді кәсіпкер. Өз бойындағы өнерін Достық үйіндегі “Манас-Петропавл” қырғыз қоғамдық бірлестігінің шараларына белсене қатысу арқылы көрсетіп жүрген Улукбек Маматеминовтың айтуынша, осы жерде өмір сүріп жатқан қырғыздар тарихын, тілін, ұлттық салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын өзгелерден бұрын өз балаларына таныстырып, көрсетуді мақсат еткен екен. Өз этносының ұлттық ерекшеліктерін жете таныған балалар салт-дәстүрлерінің, әдет-ғұрыптарының қазақтардікіне ұқсас екендігін жиі айтатын көрінеді.

– “Қазақ-қырғыз бір туған” деп бекер айтпайды ғой. Біз бір-бірімізді жақсы түсінеміз, діліміз де, салт-дәстүріміз де ұқсас. Сондықтан қазақ пен қырғыз отбасылары бүгінде таныс, дос қана емес, туыс та болып жатыр. Қазақстанға келген жылы базарда сауда жасап тұрсам, біреу ту сыртымнан: “Құжатыңызды көрсетіңіз”, – деді. Тәртіп сақшысы екенін бірден түсіндім. Жаймен бұрылып қарасам, он жыл бұрын Мәскеу түбінде әскери борышын бірге өтеген Қайрат екен. Ол мені алыстан таныпты. Сол таныстығымыз кейін достыққа ұласты.

Бүгінде Қазақстанды мекен етіп, адал еңбегімен өз ризығын тауып жүрген айыр қалпақты ағайындар елдегі достық пен тыныштықты нығайтуға бір кісідей үлес қосуда.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp