
Қазіргі уақытта Қызылжар өңірінде көптеген ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Солардың арасынан “С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ-ы ашқан компьютерлік техника шығаратын цехты ерекше атап өткен жөн. Бұл кәсіпорынның өнімдерін қашықтан оқуға көшкен жергілікті мектептердің оқушылары пайдаланып үлгерді.
Соңғы жылдары Қазақстан индустриялық-инновациялық дамудың даңғыл жолына түсті. Әлемдегі технологиялық үрдіс күн секунд сaнап дамуда. Адaмзат бaласы төртінші индустриялық революция заманына көшкелі бері компьютерлік техникалардың да даму қарқыны арта түсті. Өткенге көз жүгіртсек, төрт индустриялық революция болғаны белгілі. Ол – темір жолдың сaлынуы және бу мaшинaсының шығуы, жалпыға ортақ үлкен өндірістердің бірізділікке қойылуы және электр энергиясының пaйда болуы, жер бетінде белең ала бастаған компьютер өндірісі, ұшқыр ғалaмтор, жасaнды интеллект және aқылды электронды машиналар. Компьютерге күллі адамзaт балaсын мәжбүр еткен үшінші және төртінші индустриялық революция қоғамның дaму бағытын aйқындап берді.
Сарапшылардың пікірінше, жер жүзіндегі хaлықтың жартысына жуығы әлі үшінші индустриялық революцияны күтіп отырса, ғaлам халқының 17 пайызы, тіпті, екінші индустриялық революция дәрежесіне де жетпеген. Өкінішке қарай, біздің елімізде де компьютерлік техника шығару өндірісі енді-енді қолға алына бастады. XXI ғасырды жоғары технология ғасыры деп айтқанымызбен, бүгінге дейін бұл салада ауыз толтырып айтарлықтай жетістік те, аталмыш өнімді шығaратын өндіріс орны да жоқ. Қажетті техниканы шетелден сатып алумен ғанa шектелудеміз. Әр жылдары бұл олқылықтың орнын толтыру бағытында жұмыстар атқарылып, жобалар қолға алынғаны белгілі. Мәселен, 2011 жылы Ақтауда плазмалық теледидарлар мен планшеттер өндіретін зауыт aшылған болатын. Кәсіпорын қытайлық құрылғыларды сатып алып, оларды өздерінің цехтарында құрастырумен ғана айналысты. Отандық сарапшылар аталмыш зaуыт 30 жылдың ішінде бүкіл Қазақстанды планшетпен қамтамасыз етеді деген болжам жасағанды. Алaйда, бұл бастамa сәтсіз аяқталып, 2014 жылы кәсіпорын жабылып тынды.
Енді Петропавл қалaсындағы “С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ-ы да бұл салаға алғашқы қадамын жасап, бағын сынап көруді ұйғарып отыр. Аталмыш кәсіпорын бұған дейін Қорғаныс министрлігінің тапсырысы бойынша қауіпсіздік жүйелері, цифрлық теледидар қондырғылaрын, мұнай-газ кешендеріне арналған өнімдер мен байланыс құралдарын шығарумен айнaлысып келген. Соңғы жылдары баспа платалары өндірісін қолға алып, өнім түрін кеңейткен болатын. 550 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған зауытта былтыр технологиялық жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Ел бюджетінен қаржы бөлініп, шетелдік заманауи станоктар орнатылды. Бұл қадам зауытта еңбек өнімділігін арттырып, шығаратын өнімдердің тізбесін молайтуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде кәсіпорын өткен жылы компьютерлік техника шығаратын желіні іске қосқан болатын. Осылайша, қазақстандық брендпен компьютерлік техника өндірісі басталды. Зауыттың маркетинг басқармасының басшысы Мәди Бектеновтің айтуынша, кәсіпорын басшылығы қытайлық “Сhina greatwall technology group co., Ltd” компаниясымен байланыс орнатқан.
– Нарықтағы әлемдік компаниялармен бәсекелесу үшін жаңа бағыттарды иегеріп, тың технологияларды меңгеру қажет. Сондықтан нарықты жан-жақты зерттеп, компьютерлік техника шығаруды қолға алдық. Себебі, компьютер өндірісі – Қазақстaн үшін тың сала. Бұған дейін елімізде мұндай өндіріс болған емес. Бұл бағытта мол тaбысқа кенелуге болады. Екіжақты меморандумға сәйкес шетелдік компания бізді қажетті компоненттермен қамтамасыз ететін болады. Ал кейін құрылғыларды толығымен өзіміз шығарамыз. Біз 2021 жылдың басына дейін 50 мың компьютер мен 50 мың ноутбук құрастыруымыз керек. Оған мүмкіндігіміз бен қуaтымыз жетеді, – дейді Мәди Бектенов.
Маңызды бастаманы сәтті жүзеге асыруға кәсіпорындағы көпқабатты баспа платалары және интегралды шағын сызбалар өндірісінің көмегі тиюде. Әскери техникаларға, байланыс құралдарына қажетті баспа тақталарын құрастыратын цех жаңа жобаны жүзеге асыруға ыңғайлы болған. Сөйтіп, бұған дейін “Отау-ТВ” сандық теледидарына арналған құрылғы шығарып келген цехтардың бірі қайта жасақталып, заманауи құрал-жабдықтар орнатылды. Қытайлық компания мамандарының көмегімен білімдерін жетілдіріп, тәжірибе жинаған 30 маман бүгінге дейін 5 мың компьютер құрастырып үлгерді. Сондай-ақ, ноутбуктардың алғашқы 50 сынама үлгісі жасалды. Жергілікті мамандардың қолынан шыққан бұл техникалардың жартысы аудандардағы білім бөлімдеріне тапсырылып, сынақтан сәтті өтті.
Цех өкілдері бір ноутбукты жинау үшін 25 минут уақыт жұмсайды. Мектеп оқушылары мен студенттерге қолайлы құрылғының салмағы 1,3 килограмм ғана. Барлық техникалық талаптарға сәйкес жасалатын өнімдер тұтынушылардың көңілінен шығуда. Мәселен, мемлекеттік тендерлер мен конкурстарда мектептерге қажетті дербес компьютерлердегі оперативтік жадының мөлшері – 4, жалпы жадысының мөлшері 128 гигобайт деп көрсетіледі. Ал зауытта шығарылатын құрылғыларда алғашқысының мөлшері – 8 гигобайтты, ал соңғысы 1 теробайтты құрайды. Сәйкесінше, екі және сегіз есе артық. Компьютерлерде талапқа сәйкес 19 дюймдық мониторлардың орнына 24 дюймдық экранның болуы да болашақ тұтынушылардың қызығушылығын арттырары сөзсіз. Әр құрылғыда 4 ядролық процессор орнатылуда. Бұл көрсеткіштер оқушылар үшін ыңғайлы әрі бағасы да қолжетімді болмақ. Зауыт басшыларының айтуынша, нарықтағы баламаларының құны бұдан біршама жоғары.
– Біздің мақсатымыз – дайын бөлшектерді жинаумен ғана шектелмей, толық циклды өндіріс құру. Ол үшін өндірістік мүмкіндігіміз бар. Жобаны алдағы 2-3 жылдың ішінде жүзеге асыру көзделген. Қытайлық компаниямен келісімге сәйкес жергілікті мамандар тағы да біліктілікті арттыру курстарына барулары қажет. Алайда, коронавирусқа байланысты енгізілген шектеу шаралары біздің жоспарымызға өз өзгерісін енгізді. Енді әлемдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанын күтеміз. Кейін қызметкерлеріміз Қытайға барып, компьютер, ноутбук және планшет жасаудың қыр-сырын меңгеретін болады. Сөйтіп, алдағы уақытта 8 ядролық компьютер техникасын жасауға кірісеміз, – дейді Мәди Бектенов.
Жобаны жүзеге асыру үш кезеңнен тұратынын айттық. Қазіргі уақытта бірінші кезең жүзеге асырылуда. Яғни, мамандар құрылғыларды дайын бөлшектерден құрастырумен ғана шектелуде. Екінші кезеңде қосалқы бөлшектер жергілікті зауыттың цехтарында шығарылады. Ал 2022 жылы жүзеге асырылатын үшінші кезеңде негізгі платалар мен процессорлар толығымен жергілікті зауытта жасалмақшы. Сөйтіп, алдағы екі жылдың ішінде ноутбуктар мен компьютерлер толықтай жергілікті кәсіпорында шығарылатын болады деп күтілуде.
Компьютерлік техниканы құрастырудан бөлек, оны қажетті бағдарламалармен толық қамтамасыз ету қажет. Бұл мақсатта кәсіпорын басшылығы әлемге әйгілі “Microsoft” корпорациясымен келісімшартқа отырғанын атап өткен жөн. Екіжақты меморандумға сәйкес заманауи құрылғыларға шетелдік корпорациядан жеңілдікпен алынатын “Windows 10 Pro” операциялық жүйесі және бағдарламалар жиынтығы орнатылуда.
Қазіргі уақытта нарықта компьютерлерге деген сұраныс жоғары, алғашқы тапсырыстар да түсуде. Солтүстікқазақстандық өнімге көрші облыстар да қызығушылық танытып отыр. Жаңа оқу жылы басталарда облыс мектептері жергілікті зауытта құрастырылған компьютерлермен және ноутбуктармен қамтамасыз етілгенін айта кеткен жөн. Аталмыш зауытта шығарылған компьютерлердің 1980 данасы өз иелерін тауып отыр. Бұл облыс әкімдігі мен зауыт басшылығы арасында жасалған меморандумның арқасында мүмкін болуда. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Хасенованың айтуынша, биылғы жылы компьютерлік техникаларды сатып алуға бюджеттен 1,8 млрд. теңге бөлінген. Бұл қаржыға білім ордалары компьютер, ноутбук және планшет сияқты жалпы саны 11990 техника сатып алуы тиіс.
– Бүгінгі таңда облысымызда 477 мектеп бар болса, солардың 339-ы – шағын жинақты білім ордалары, оларда сабақ әдеттегідей басталды. Ал 138 мектеп қашықтан оқу тәсіліне көшті. Білім ордаларында барлығы 16,7 мың компьютер бар. Бюджет қаражатын үнемдеудің нәтижесінде 1585 компьютермен толықты. Пандемияға байланысты сабағын үйде оқып жатқан 50874 балаға 15 мың компьютер берілді. Бұл іске Үкімет қолдау көрсетіп, жаңа құрылғыларды сатып алуға қаржы бөлінді. Тамыз айында барлық конкурстар мен сатып алу рәсімдері өтті. Мердігер компаниялармен келісімшарттар жасалды. Бір атап өтерлігі барлық компьютерлер жергілікті “С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ-дан сатып алынды. Техника барлық талаптарға сәйкес келетініне көз жеткіздік, – дейді Айгүл Кенжеқанқызы.
Білім ордалары Киров зауытынан 394 млн. теңгенің компьютерін сатып алыпты. Заманауи техникалардың біреуінің құны 199 мың теңгеден саудалануда. Яғни, нарықтағы баламаларына қарағанда біршама арзан. Нәтижесінде, ел бюджетінен бөлінген қаражаттың 124 млн. теңгесі үнемделмек. Білім басқармасы өкілінің айтуынша, сатып алынған компьютерлер табысы төмен отбасынан шыққан, жетім және ерекше қажеттіліктері бар балаларға берілуде. Алдағы уақытта басқарма Киров зауытында шығарылатын ноутбуктар мен планшеттерді жергілікті мектептер үшін сатып алуға ниетті.
“ZIK” маркалы компьютерлер облыс орталығындағы Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияға да берілген. Мектеп директоры Күлтай Мұқанова жаңа компьютерлер қашықтан оқитын балаларға үлкен көмек болғанын айтады. Білім ордасында екі компьютер сыныбы және мультимедиалық кабинет бар. Олардың барлығы қажетті техникамен толық қамтылған. Алайда, құрылғылардың бір бөлігі қашықтықтан оқу әдісіне көшкен оқушыларға таратылып берілген.
– Жаңа оқу жылында компьютер жетіспеушілігі байқалуда. Мәселен, көпбалалы отбасыларда бірнеше оқушы болғандықтан, олардың әрқайсысына жекежеке құрылғы қажет. Бес жаңа ком-пьютер әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға берілді. Енді олар сабағын емін-еркін оқи алады. Ұжым болып жаңа құрылғылармен танысқан болатынбыз. Техника біздің көңілімізден шықты. Ата-аналар да алғыстарын жеткізуде. Балалар ғаламтор арқылы мұғалімдерімен байланысқа шығып, қатарластарынан қалыспай білім алу мүмкіндігіне ие болды, – деген Күлтай Ахметқызы облысымызда заманауи компьютер шығаратын цехтың ашылғанына қуанышты екенін жеткізді. Себебі, маңызды жоба Қызылжар өңіріндегі білім саласындағы тозығы жеткен компьютерлерді жаңартуға септігін тигізбек.
Отандық компьютерлік техника шығаратын зауыт нарықтағы сұранысты қанағаттандырып, Қазақстанда жасалған сапалы өнімдерімен тұтынушыларын әрі қарай да қуанта береді деген ойдамыз. Ең бастысы, алған бетінен қайтпай, нарық бәсекесіне төтеп берсе болғаны.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.