«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗЫЛЖАРДЫҢ ҚАРЖЫСЫ КӨБЕЙДІ, ҚАУҚАРЫ АРТА МА?

Аздаған үзілістен кейін Премьер лига­ға қайта оралған “Қызылжар” фут­бол клубы жылды ауыс-түйіспен бастады. Жерлестерімізді жоғары лигаға алып шыққан бас бапкер Әли Әлиев қызметінен кетіп, орнына жаңа маман келді, клубтың биылғы бюджеті бекітіліп, футболшыларды іріктеу жұмыстары басталды. Осы және басқа да мәселелер баспасөз мәслихатында сөз болды. 

Клуб басшысы Григорий Лория 2019 жылды қорытындылап, биылғы маусымның мақсат-міндеттерімен таныстырды. 

– 2019 жыл біз үшін табысты болды. Премьер лигаға қайта оралдық. Жергілікті клубтың жасақталуына, оқу-жаттығу жиындарын өткізуіне шынайы қамқорлық жасап отырған облыс басшылығына, бапкерлер мен футболшыларға алғысым шексіз. Бірнеше спортшымен келісімшартты бұзуымызға тура келді. Қазіргі уақытта клуб сапына қосылуға ниет танытқан футболшылар арасында іріктеу жүргізілуде, – деді Григорий Отарович.
Спортта команда басшылы­ғының, жаттықтырушылардың ауыс-түйісі дәстүрлі жағдай. Алайда, бапкерлердің маусым сайын ауысуы, әрине, көңілімізді алаңдатады. Мұндай жағдай “Қызылжар” футбол клубында тіпті жиі қайталануда. Бірінші лигада тоғыз жыл ойнаған жергілікті команданың тізгінін қолына алған елімізге белгілі футбол маманы Владимир Фомичев өзінің берген уәдесін ісімен салмақтап, 2017 жылды үшінші орынмен аяқтап, команданы Премьер лигаға шығарған. Бірақ клуб басшылығы онымен келісімшартты тоқтатып, орнына болгар маманы Никола Спасовты тағайындаған болатын. Алайда, ол түк тындыра алмай, еліне қайтты. Орта жолдан клуб тізгінін ұстаған Әли Әлиев тәжірибесінің аздығына қарамастан, футболшылармен тіл табысып, олардың техникалық-тактикалық шеберліктерін шыңдай білді. Сөйтіп, былтыр солтүстікқазақстандықтар Бірінші лиганың чемпионы атанды. Жанкүйерлер өткен жылғы 1 желтоқсанда келісімшартының мерзімі аяқталғанмен Әли Әлиев командада қалар деп үміттенген еді.
– Әли Ханалиевич – өз ісінің білгірі. Мен оған жаңа маусымда қалуды ұсындым. Ол өз таңдауын жасады. Өз еркімен кетті. Дегенмен, біз Әли Ханалиевичтің шешімін қолдаймыз. Ал молдовалық бапкер Вячеслав Руснакты мен жақсы танимын. Спорттық мансабын бұрыннан бақылап келемін. Қараша айында хабарласып, жұмысқа шақыруымның себебі де осы, – деді клуб басшысы.
Премьер лигада ойнау үшін қаржыландыру көлемін арттыру қажеттігі бұған дейін де талай жиындарда сөз болды. Клуб басшысы жуырда қаржы екі есе көбейгені туралы айтты. Биылғы маусымға 920 млн. теңге бөлінбекші.
Қазіргі уақытта футболшылар Вячеслав Руснактың жетекшілігімен Түркияда оқу-жаттығу жиынын өткізуде. Алғашқы жолдастық кездесуде жерлестеріміз Венгрия елінің “Будаэрш” клубынан жеңіліп қалды. Келесі ойынды румыниялық “Петролул” клубына қарсы өткізеді. Оқу-жаттығу жиындары барысында алты жолдастық кездесу жоспарланған. Түркияға команда сапында 15 ойыншы аттанған. Олардың қатарында Ильдар Аитов, Виктор Гунченко, Әлібек Қасым, Әділ Серғалиев, Максим Драченко, Шота Григалашвили және тағы басқа футболшылар бар. Биыл жаттықтырушылар штабында да өзгеріс орын алды. Жаңа бапкерге Юрий Чухлеба, Андрей Мацюра, Александр Петухов және Александр Кучма көмектеседі.

Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.   

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp