«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗЫЛЖАРДЫҢ ҚҰЛАҚ НАНЫ

Қазақтың ұлттық тағам мәзірінде еттің алатын орны ерекше. Етке қосымша қамыр жайып салу рәсімі көп жағдайда қадірлі қонақтарды күткенде жасалатыны белгілі. Оның әр аймақта әртүрлі атауы бар: “қамыр”, “күлшетай”, “ет наны”, “жұқа нан”, “іңкәл”, “күртік”, “шелпек” дейді, ал солтүстікқазақстандықтар оны “құлақ нан” десе, жақсы түсінеді. Сайын даламыздың төсіндегі шүйгін көкке семірген жылқы малының қазысы мен қартасы, жалы мен жаясы, шұжығы қайнаған сорпаға пісірілген құлақ наннан асқан дәмді тағам бар ма екен?! Осының сыры мен мәнін байқап қалғандар одан бизнес жасауға көшкендігінде еш айып жоқ. Керісінше, бұл отаналарына ыңғайлы да қажетті көмек болды. Сондай-ақ, астығымен аты шыққан өлкемізде бидайдың неше түрлі сұрыбын өсіріп отырғанымызда одан жасалатын өнімдерді өндірмеу жөнсіздік болар еді.

Осы мүмкіндікті жібермей, одан табыс тауып отырғандардың арасында облыс орталығындағы “Богатырский продукт” кәсіпорны бар. Өңір нарығында жартылай дайын өнімдер шығаруда көш бастап келе жатқан серіктестік 40-тан астам өнім түрін өндіреді. Соның ішінде құлақ нан көптің сұранысына ие. Кәсіпорынның автоматтандырылған құрылғылары қамырды өздері илеп, жайып, ұсақтап кесіп, кептіріп, қолдан иленген құлақ наннан еш айырмасыз етіп береді. Дайын өнімді қапшықтарға салу жүйесі де былтырдан бастап автоматтандырылған. Өндірістің жұмысын жандандыру мақсатында сатып алынған заманауи құрылғылар мұндағы адам еңбегін әлдеқайда жеңілдеткен.  

Макарон цехының меңгерушісі Алена Глущактың айтуынша, кәсіпорында кеспенің 5 түрі шығарылса, соның екеуі – құлақ нан. Бастапқыда “Богатырский продукт” атауын иеленген кеспеге кейін “Тамерлан” маркалы өнімдер қатары қосылды. Итальяндық құрылғы құлақ нанға тиісті барлық технологияны сақтап, жоғары сұрыпты өнімдер шығарады. Күн сайын макарон цехында 1,8-2 тонна өнім дайындалып, еліміздің түкпір-түкпіріне тасылады. “Тамерлан” маркалы кеспесінің нарыққа шығарылғанына 2-3 жыл ғана болса да, ол өзінің тұрақты тұтынушыларын қалыптастырған.

Кәсіпорын әкімшілігі қазіргі нарық жағдайында өнімді өткізу деңгейін түсірмеу үшін түрлі жеңілдіктер енгізуді қолға алып, “Тамерлан” кеспесінің сұранысқа ие екендігін басты назарда ұстап, оның көктемгі акциясын ұйымдастыруда.

“Богатырский продукт” ЖШС-де 70-ке жуық адам еңбек етеді. Кәсіпорынның директоры Анатолий Лукашов жұмысшыларды толықтай еңбекпен қамтып, жалақыларын жақсы деңгейде ұстау үшін өндірісті жандандырып отыру басты міндет екендігін айтады. Мұнда қызметкерлердің сапалы жұмыс істеуіне барлық жағдай қарастырылған. Бүгінде аталмыш кәсіпорынның өнімдерінің сапасын бағалай отырып, оларды “Қазақстанда жасалған” деп ауыз толтыра айтуға болады.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp