
Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы мен қазақ әдебиетінің классигі Сәбит Мұқановтың 120 жылдығына орайластырыла өңірімізде тұңғыш ұйымдастырылған “Қызылжар аламаны” телевизиялық ақындар айтысы өз мәресіне жетті. Үш айға созылған жыр додасының ақтық кезеңіне жолдама алған Есіл ауданының қос жүйрігі Жұмабек Рахимов пен Абзал Жұмабектің өнерін көрермендер “Qyzyljar” телеарнасынан тамашалап, айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман бастаған қазылар алқасы төрелік етті.
Он төрт ақынның арасынан оза шауып, мәре сызығына ұмтылған қос ақынның ақтық айтысы тартысты өтті. Жұмабек Рахимов пен Абзал Жұмабек ақтық сынға жақсы дайындықпен келгенін алғашқы сөз қағыстырудан-ақ аңғартты.
“Батасын алайын деп елдің кемел,
Қолыма домбыра алып келдім жедел.
Серілер мен сүлейлердің сарқыты едім.
Семсер сүйіп, сертіне сендірген ел, – деп алғашқы болып сөз додасын бастаған Жұмабек жырдың тиегін ағытып, шалқар шабытпен айтыссүйер қауымның делебесін қоздырды. Абзал да аянып қалған жоқ.
“Біз Еріктен айрылып, сіз көрдіңіз
Жағамызға жамандық жармасқанын.
Қара өлеңімізді қар басқанын
Қара домбырамызды шаң басқанын
Енді бүгін көріп кет өз көзіңмен
Еріктің ескі жолы жалғасқанын”, – деп Жүрсін Ерманға қарата сөз бастаған ол жасындай жарқылдап, өр мінезімен, өжеттілігімен көзге түсті. Екі ақын да бір-бірінен кем түскен жоқ. Қос жүйрік қазақтың саф өнерін өз биігінде көрсете алды десек артық айтпаған болармыз.
Суырыпсалма айтыс жасаған ақындар ұтымды ой айтып, әдемі шумақтар өрді.
Елімізде орын алып жатқан түрлі жағдайларды өлеңдеріне арқау еткен ақындар өрнекті жыр жолдарымен айтысқа шөліркеген елдің мейірін қандырды.
“Туған тілдің тағдыры қазір қиын,
Айыға алмай тұрмыз дерттен тіптен.
Қаламызда алты-ақ қазақ мектебі бар.
Мұны айтып жатқан жоқпын сөккендіктен”, – деген Жұмабектің тіл, жемқорлық туралы толғанысы көптің көңілінен шыққандай.
Жүрегінде жыр оты маздаған қос ақын тақырыптан ауытқымай, Абай Құнанбаев пен Сәбит Мұқановтың тұлғалық болмысын тың теңеулермен суреттеп, ұлт руханиятындағы мол мұраларын өлеңге арқау етті. Жыр сайысында өр Мағжанның рухы өлмегенін, айтыстың алдаспаны болған Ерік Асқаровтың ізін басқан талантты жастар өңірде бар екенін аңғартты. Әсіресе, биікке самғау үшін қомданған бал қыран Абзал Жұмабектің болашағынан зор үміт күтуге болады. Айтыс барысында аға мен інінің арасындағы сыйластық, өзара түсіністік жарасым тауып, оған куә болған көрермен адамгершілік пен рухани құндылықтың мәнін ұғынды. Қос ақын жұртшылықты жыр шәрбатымен сусындатып, айтыссүйер қауымның айызын қандырды. Экранның ар жағында отырған көрерменнің қолдауын сезінген жыр жүйріктері бұл сайыста аянып қалмады.
Ақындардың өнеріне қазылар алқасы өз бағасын берді. Руханият жанашыры, белгілі кәсіпкер Жомарт Омаров өз дауысын Абзал Жұмабекке берсе, Мәдениет қайраткері, кезінде айтыста жүлде салған Қайырлы Ғафуровтың таңдауы Жұмабек Рахимов болды. Екі ақын тартыста тең түскенімен, айтыстың қара нары Жүрсін Ерман үлкен сахнаға енді қадам басқан жас ақынның сағын сындырып, жігерін жасытпайын деген болу керек, таңдауы Абзал болды. Осылайша, жыр додасында жас ақынның асығы алшысынан түсіп, жеңіске жетті. Айтыс “Qyzyljar” телеарнасы арқылы тікелей эфирде көрсетіліп, қос ақынға екі мыңға жуық адам дауыс бергенін айтқан жөн. Олардың да нәтижесі тең.
Аламан айтыс соңында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов ақындар мен ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, жүлдегерлерді марапаттарымен құттықтады.
– Қызылжар өңірінде осындай рухани кеш өтіп, көпшілік соның куәсі болды. Жергілікті телеарнада 12 мамырдан бастау алған “Қызылжар аламаны” өз мәресіне жетті. Айтыс өнерін насихаттап, өңірімізде руханияттың дамуына үлес қосып жүрген жандарға ризашылығым шексіз. Барша ақындарды жеңістерімен құттықтаймын, – деген Ғани Сақтағанұлы дәстүрлі өнердің жанашыры Жүрсін Ерманға да Қызылжар руханиятына қосқан үлесі үшін алғысын жеткізді. Өз кезегінде айтыстың қара нары елдің шетінде, желдің өтінде тұрған өңірде сеңнің бұзылғанын айтып, болашағынан үміт күтетін ақындардың барына қуанышты екенін жеткізді.
– Жүлдегерді анықтауда біраз қиналдық. Халық та екі ақынға дауыс беруде тең түсті. Екеуі де алысқа шабатын ақындар, жеңіске лайық өнер көрсетті. Мені Қызылжар өңірінде халық өнеріне ықыластың ауғаны қуантты. Елдің ішінде осындай ақындар іріктеліп шығып жатқанына ризамын. Алдағы уақытта қызылжарлық ақындарды үлкен аламандардың ортасынан көретінімізге сенімдімін, – деген Жүрсін Ерман екі ақынға да республикалық айтыстарға жолдама беретінін айтты.
“Қызылжар аламанында” бас жүлде иеленген Абзал Жұмабекке арнайы диплом мен 500 мың теңгенің ақшалай сертификаты табыс етілді. Бірінші орын мен 300 мың теңгені Жұмабек Рахимов қанжығасына байлады. Ал екінші және үшінші орындарды иеленген Нұрислам Әбділ мен Мұхаммед Қоңқаев та дипломмен марапатталып, ақшалай сыйлық алды.
Айтыс соңында Жүрсін Ерманға М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің “Құрметті профессоры” атағы табысталды. Бұл – Қызылжар өңірінде өтетін додаларға қолдау білдіріп, жас ақындарды тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін берілген үлкен атақ. Осылайша, карантин кезінде ел еңсесін көтеріп, рухани азықтандыру мақсатында ұйымдастырылған айтыстан ләззат алған көрермен бір жасап қалды. Руханияттың дамуына қолдау білдіріп, айтыстың өтуіне ұйытқы болған жергілікті билікке, демеушілер мен ұйымдастырушыларға қызылжарлықтар да дән риза екенін айтқан жөн.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.