Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында Қызылжарға білім қуып келген бозбала бүгінде осы өңірдің айтулы азаматына айналды. Ол ширек ғасырға жуық өнердің бел ортасында жүр. Бірақ бәз біреулердей атақ-абыройды малданып, кеудесін көтеріп, көкірегін ұрған күнін көрмеппіз. Сонысымен де ол халыққа жақты.
Демалыс күндері өткен жеке шығармашылық кешінде бұған көзіміз жетті. Қызылжар төрінде Қайырлы Ғафуровтың концерті өтеді дегенді естіп, біз секілді үйінде жата алмай, асыға жеткендер аз емес екен. Шынымен де, көрерменнің көңіліне қонған, жүрегін тебіренткен әдемі кештен рухани ләззат алып қайттық.
Өнер иесінің “Сегіз сері” атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің жетекшісі екені көпшілікке мәлім. Ол – бүгінгі күні өнерсүйер қауымның көңілінен шыққан “Наурыз тілек”, “Ардагерлерге арнау”, тағы басқа әндердің авторы. Оның репертуары бай, өнеріне халқы бас иген Біржан сал, Ақан серінің және халық әндерін құбылта, құлпырта орындап, жұртшылықтың ілтипатына бөленді. Жәнібек Кәрменовтің “Жігіттерге өсиет”, Нұрғиса Тілендиевтің, Кәкімбек Салықовтың, Айтқали Жайымовтың шығармалары да көрерменге жол тартты.
Зайыбы Назгүл де өнердің өкілі. “Бізді табыстырған – өнер” деп өздері айтып жүргендей, олардың екі ұлы да бұл кеште әкенің қаны, ананың сүтімен келген бойларындағы асыл өнерді көрерменге паш етті. Үлкені Ғабит домбыраның құлағында ойна ды. Ал кішісі Нұржігіт жанды дауыста ән шырқап, концерттің көрігін қыздырды.
Қайырлы Ғафуровтың шығармашылық кешіне үлкен дайындықпен келгені көрініп-ақ тұрды. Концерттің шымылдығын дәстүрлі әндермен ашса, екінші бөлігінде “Сегіз сері” оркестрінің сүйемелдеуімен оның өнердегі әріптестері сахна төріне шықты. Ал соңында эстрадалық бағыттағы әндер орындалды. Бұл кештің ерекше әсерлі тұсы елімізге белгілі ақын, айтыстың ақтаңгері атанған Айбек Қалиевтің Жарқын Жұпарханмен айтысы болды. Қайырлы Ғафуровтың концертіне арнайы келіп, шаш бауын көтерген өнердегі досы:
“Қызылжар Қайырлыға қайырлы боп,
Өмірде жолын тапты, сан адасқан.
Оркестр құрып, соған жетекші боп,
Дәстүрлі өнерменен сананы ашқан.
Қазақ исін шығарып Қызылжарда,
Ұлттық өнер биікке қадам ашқан.
Еңбегін Қайырлының бағалаған,
Қызылжар ел бар ма екен,сенен асқан.
Ер қадірін білетін Қызылжардың,
Асқақтап аса берсін, бағы алаштан”, – деген сөзінің жаны бар. Шығыс Қазақстанның ұланы Қызылжардың өз ұлына айналып, “Өз елім” деп еміреніп жатқаны соның айғағы емес пе?!
Айгүл ЫСҚАҚОВА, “Soltústіk Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.