
Өткен жексенбі күні қызылжарлықтар қыспен қоштасуға арналған Масленица мерекесін атап өтті. Облыс әкімі Ерік Сұлтанов ойын-сауық алаңдарын аралап, жиналғандарды мерекемен құттықтады.
Шара Қазақстан Конституциясы көшесіндегі Орталық алаңда бастау алды. Алаңға жиналған қауым әрбір ұлттың тағамдарынан дәм тату мүмкіндігіне ие болды. Мерекелік шара барысында дәстүрлі тағам мен құймақ дайындауға облыс орталығының мәдени мекемелері мен этномәдени орталықтардың өкілдері бір адамдай атсалысты.
Бұл күні тәтті мен дәмдіден ауыз тиген жұртшылық серуеннен, әртүрлі ойын-сауық шараларынан тыс қалған жоқ. Егер мейрам барысында ұлттық-мәдени бірлестіктер, қаланың шығармашылық ұжымдары мен фольклорлық ансамбльдері сахна төрінде өздерінің өнерлерін ортаға салып, жиналған қауымның көзайымына айналса, бай дастарқан жайып, балалар мен олардың ата-аналарына қызықты ойындар мен сайыстар ұйымдастырған әрбір ұлттық-мәдени орталық қызылжарлықтардың ыстық ықыласына бөленді.
Сондай-ақ, мейрамға келген балақайлар мен ересектер де түрлі жарыстарға қатысып, бақтарын сынады. Әсіресе, қалалықтардың арасында гір көтеру, қол күресі, алтыбақан және “Көңілді мәре” ойындары жұртшылықтың қызығушылығын тудырды. Ал ортағасырлық серілердің ұрысы да ешкімді бей-жай қалдырмады. Мұз қатқан ағаш бағанға өрмелеу спорттық шараның көркіне айналды десек, артық айтқандық болмас. Бір-бірлеп бағанның басына шыға алмағандар ақыр-соңында айлаға көшулеріне тура келді. Нәтижесінде көпшіліктің қолдауымен бірінің үстіне бірі шыққан төрт жас азамат төрт сыйлықтың екеуіне ие болды.
Қысты шығарып салу мерекесі облыс әртістерінің концертіне ұласты.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.