Биылғы жылдың бірінші жартысында Қызылжар ауданына республикалық транштан – 129255 мың, облыс бюджетінен 14361 мың теңге қаржы бөлініп, күре жолдар жөнге келтірілу үстінде.
Қызылжар ауданы бойынша өтетін жолдың жалпы ұзындығы 635,5 шақырымды құраса, оның 207 шақырымы – республикалық, 197 шақырымы – облыстық, қалғаны – аудандық маңызы бар жолдар. Жоғарыда көрсетілген сомаға биылғы жылы Шаховское мен Асаново елді мекендеріне баратын жолға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Олардың жалпы ұзындығы 18,5 шақырымды құрайды. Оған жұмсалған қаражат – 100 миллион теңге.
Ал Воскресеновка-Боголюбово-Надежка ауылдарын байланыстыратын жолды қалыпқа келтірудегі игерілген қаражат – 26 миллион 616 мың теңге. Сонымен қатар, осы жылы аудан орталығы – Бескөлдегі көшелердің де асфальт жабындысы жаңартылған. Бұл мақсатта игерілген сома – 20 миллион теңге. Бұл жұмыстарды “Ашық Аспан” мен “Гегарт” серіктестіктері бекітілген жоспарға сай бірінші жартыжылдықта толығымен атқарып шыққан. Игілікті істер “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасының төртінші кезеңі бойынша жүзеге асырылыпты.
Аталмыш бағдарлама шеңберінде екінші жартыжылдықтағы аудандық бюджетті нақтылау тұрғысында аудандағы автокөлік жолдарының жөндеу жұмыстарын одан әрі дамыту үшін жергілікті қазынадан 113410 мың теңге қосымша қаржы бөлінсе, ол сома республикалық мақсатты трансферт есебінен 102069 мың теңгеге толығыпты. Облыс бюджетінен бағытталған мақсатты қаржы көлемі 11341 мың теңгені құрайды. Ол сомаға Асаново, Воскресеновка, Боголюбово, Надежка, Подгорное елді мекендеріне қатынайтын жолдардың қалған бөліктеріне жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ол үшін жол жөндеу фирмаларымен қосымша келісімшарт жасалыпты.
Самат ЕСМАҒИ,
“Солтүстік Қазақстан”.