«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗЫЛЖАРЛЫҚ КӘСІПОРЫН — “ІСКЕР” СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ИЕГЕРІ

Жуырда өткен “Қазақстандағы жаңа индустрияландыру: орнықты даму мен прогресс үшін” атты жалпыұлттық телекөпір барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміздің үздік кәсіпкерлеріне “Алтын сапа” арнаулы үш сыйлығы мен “Парыз” байқауының бас жүлдесін тапсырды.

Президенттің “Алтын сапа” сыйлығын табыстау сәті – жылдың басты оқиғаларының бірі. Бұл сыйлықты жыл сайын Нұрсұлтан Назарбаевтың өз қолымен тапсыруы, оның маңызын айшықтай түседі. Биыл оған жүзден астам кәсіпорын үміткер атанса, оның алтауы солтүстікқазақстандықтар болды.

Отандық өнімдер сапасын арттыруда кәсіпорындар мен ұйымдар қызметінің белсенділігін арттыру, Қазақстан нарығын жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өніммен қамтамасыз етуді және де халық арасында сапа ұғымын насихаттауды көздеген дәстүрлі байқаудың жеңімпаздарына тоқталар болсақ, Президенттің арнайы сыйлығына “Үздік индустриалды жоба” аталымы бойынша мұнай-газ кешені құрал-жабдығын және қосалқы бөлшектерін шығаратын “Атыраумұнаймаш” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, “Үздік инновациялық жоба” аталымы бойынша оңтүстікқазақстандық фармацевтикалық “Химфарм” акционерлік қоғамы және “Сапа көшбасшысы” аталымы бойынша павлодарлық “Қазақстан электролиз зауыты” ие болды.

Ал “Парыз” байқауының бас жүлдесі батысқазақстандық “Ақсайгазсервис” компаниясына бұйырса, “BI HOLDING”, “Ордабасы құс” компаниялары, “Өмірзақ-Сервис”, “Сағыз Петролеум Компани” және “Цин-Қаз”, “ПетроҚазақстан Ойл Продактс”, “Тасқала аққу” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері үздік атанды.

Салтанатты шара барысында “Қазақстанның үздік тауарлары” республикалық сайыс-көрмесінің жеңімпаздары да анықталды. “Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар”, “Үздік азық-түлік тауарлары” және “Халық тұтынатын үздік тауарлар” аталымдарында Жамбыл облысының “Жамбылгипс” АҚ, “Алматинские краски”, Оңтүстік Қазақстан облысының “Назар Текстиль” компаниясы, астаналық “Столичная стеклопакетная компания”, балқаштық “Пульс”, Ақмола облысының “Capital Projects LTD”, Шығыс Қазақстан облысының “Шығыс сүт”, Алматы қаласының “DOSFARM”, Қарағанды облысының “Румиэн” серіктестіктері жеңімпаз атанды. “Қазақстанның үздік тауары” республикалық көрме-байқауының эмблемасымен және I, II, III дәрежелі дипломдарымен марапатталған олар байқау эмблемасын жарнамалық мақсатта 4 жыл бойы пайдалану құқығына ие болды.

Сонымен қатар, “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қазақстан Республикасы Президентінің “Алтын сапа” сыйлығына және “Қазақстанның үздік тауары” республикалық көрме-байқауының сыйлығына үміткер байқауға қатысушылардың ішінен өз ісінде табысқа қол жеткізген кәсіпорындарға “Іскер” арнайы сыйлығын табыстады.

Атап айтқанда, қоғамдық тамақтандыру және тағам саласында қызмет ететін “Қағанат Сервис” және ішкі нарыққа әрі көршілес мемлекеттерге күріш шығарып отырған “Сыр Маржаны” компаниялары, кәсіби мамандарды оқытумен айналысып келе жатқан “Павлодар басқару колледжі”, жүк көлігін құрайтын “СемАз” зауыты, темір арматура шығаратын “Евразиан Каспиан Сталь”, ұн өнімдерін дайындайтын “Жаңа-Әлжан диірмені”, аяқ-киім тігетін “Zhamalai LTD”, жақпа май өндіретін “Масла и смазки Казахстана”, отандық аяқкиім өндірісін жандандыруға үлес қосып отырған “ТаразКожОбувь”, шұжық өнімдерін дайындайтын “Қазетөнімдері” және де ет өнімдерін шығаратын солтүстікқазақстандық “Казмясопродукт” серіктестіктері үздіктер қатарынан табыла білді.

Бір атап өтерлігі, жеңіске жеткен петропавлдық кәсіпорынның сапалы тауарлары тұтынушылар тарапынан сұранысқа ие. Бүгінде ет өнімдерінің бір жүзден аса түрін дайындайтын серіктестік күніне алты тонна шұжық өнімін шығара алады. Тауарлар облысымыздың, Астана қаласының және Ресей Федерциясының шекаралас облыстарында саудаланады.

Биылғы жылы Тұңғыш Президенттің бастамасымен Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай “Ұлы Дала елі” бірыңғай бренді ұлттық сыйлығы тағайындалған болатын.

Ұлттық тауарды жаңа белеске шығаруға, бәсекелестікке төзімділік кеңістігін құруға, жаһандық дағдарысты игеруге бағытталған ұлттық сыйлыққа 12 үміткер іріктелді. Үздік экспорттаушы үш компанияның бірі болып – “Кентау трансформаторлық зауыты” АҚ, “Қайнар АКБ” серіктестігі және “Рахат” АҚ кондитерлік фабрикасы танылды.

Тәуелсіздік тұғырын нығайтуда, ел экономикасын дамытуына үлес қосып келе жатқан петропавлдық “Казмясопродукт” серіктестігінің осындай биік межеден көрінгені біздерге де зор қуаныш. Өңірлік бизнес саласын дамытуға атсалысқан кәсіпорынға сәттілік тілейміз!

Динара БЕКТҰРОВА,

облыстық кәсіпкерлер палатасының

баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp