«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗЫЛЖАРЛЫҚ “ПАРУСА” ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ

Халықаралық нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес күні аясында қалалық Мәдениет үйінде “Біз өмірді таңдаймыз!” атты театр қойылымдарының облыстық сайысы өтті.

Аудандар мен облыс орталығының намысын қорғаған өнер ұжымдары нашақорлықтың адам өміріне әкелер залалын өздерінің шағын қойылымдарымен суреттеуге тырысты. Сахнаға бірінші болып шыққан Ғ.Мүсірепов атындағы ауданнан келген “Пигмалион” театры (көркемдік жетекшісі – Галина Калишева) “Ласковый убийца” қойылымын сахналады. Оқиға үш достың арасында өрбіді. Қойылым жастар арасында жиі кездесетін мәселелерді көтерді.

Сайысқа келген әрбір ұжым қойылымды сахналаудың өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленуге тырысты. Мәселен, Есіл ауданының “Жалын” (көркемдік жетекшісі – Ольга Савченко) атты үгіт бригадасы сайысқа әкелген қойылымдарын орыс халқының Иван Царевич жайлы ертегісінің желісіне ұқсастырған. Байқау қорытындысы бойынша гран при иегері атанған “Паруса” мәдени жастар қоғамдық ұйымы (көркемдік жетекшісі – Евгения Джемалединова) “Черта” атты қойылымын ұсынды. Л.Толстой, А.Пушкин, С.Есенин шығармаларының желісі бойынша жасаған қойылым сәтті шықты. Пластикалық би өнеріне негізделген қойылым қазылар алқасының көңілінен шықты. Ал бірінші орынды Мағжан Жұмабаев ауданының намысын қорғаған “Көлеңкелер театры” (көркемдік жетекшісі – Анастасия Жукова) жеңіп алды.  

(Өз тілшімізден).

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp