«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗЫЛЖАРҒА ҚҰМАРТА ҚАРАДЫ

Ақжар ауданындағы Алқатерек орта мектебінің оқушылары директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Анарбек Темірхановтың ұйымдастыруымен Петропавл қаласына саяхат жасады.

Облыс орталығында 1924 жылы ашылған тарихи-өлкетану мұражайынан басталған саяхат балалардың жүрегінде тарихымызға деген қызығушылығын ұялатты. Оқушылар “Қызыл кітапқа” енген жыртқыш аңдар мен құстарды, тарихи жәдігерлерді, солтүстік өңірдегі археологиялық зерттеу нәтижесінде табылған көптеген заттарды қызықтап, еліміздің тарихында елеулі орын алған белгілі батырлар мен қоғам қайраткерлері, Елбасы өмірінің әртүрлі кезеңдерімен танысып, тамашалады.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен 2008 жылы ашылған “Абылай хан резиденциясы” мұражай кешенімен де танысу мүмкіндігіне ие болды. Мұражайды аралаған оқушыларға қазақ халқының ұлы ханы, дарынды қолбасшысы және шебер дипломаты Абылай хан туралы көп мәліметтер берілді.

Қыстың ішінде жайқалып өсіп тұрған “Ботаникалық бақтың” бірнеше залдарын аралап көрген балалар әлемнің түкпір-түкпірінен әкелінген өсімдіктерді, түрлі балықтарды тамашалады. Оқушылар Гиннес кітабына енгізілген ең биік кактуспен, 200 жыл өсіп тұрған ағашпен, оның шығу тарихымен танысып, лимон мен банан және тағы басқа да экзотикалық өсімдіктерді көріп, оларға деген қызығушылықтары артты.

Петропавл қаласының көрікті де тарихи маңызы бар жерлеріне саяхат мұсылмандар үшін қасиетті жұма күнімен тұспа-тұс келгендіктен, мешіттен де аттап өтпеген. “Қызылжар” орталық мешітіне барған оқушыларға имандылық жайлы түсінік берілді.

“Нептун” аквапаркіндегі аттракциондар бүлдіршіндерге де, ересектерге де өте қызықты болды. 15 метрге жететін сырғанақтан жел берілген қайықпен төмен зырлаған кезде оларды қорқыныш пен қуаныш сезімі бірдей жайлағанын бір-біріне жарыса әңгімеледі. Сонымен қатар, джакузи мен бассейн балалардың көңілінен шықты.

Көлік берген аудандық білім бөліміне және жүргізуші Уәлихан ағаға балаларды облыс орталығына дер кезінде жеткізіп, қуаныш сыйлағаны үшін ата-аналар, ұстаздар, оқушылар атынан алғысымызды білдіреміз.

Салтанат ӘБДІРАХМАНОВА,

Алқатерек орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp