
Соңғы жылдары бір кездері өңірімізде кенже қалғандай көрінетін айтыс өнерінің тынысы ашыла бастағаны анық. Соның бір мысалы – облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бастамасымен ақындардың телевизиялық айтысы қолға алынды. Ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда, “Қызылжар аламаны” деп аталатын бұл сайыс сары күзге дейін жалғасады.
– Додаға түсуге қазірдің өзінде 14 ақын тілек білдіріп отыр. Солардың 8-і ақтық сынға шығады. Оған қазылар алқасының тарапынан көп дауыс алғандар өтетін болады, – деді басқарма өкілі Жарқын Жұпархан.
Алғашқы жұпта Жантілеу Рахымов пен Дияс Аяған өнер көрсетті. Жантілеу Рахымов – әскери қызметші, талай аламанға қатысқан тісқаққан ақын. Ал оның қарсыласы Дияс Аяған болса, биыл ғана мектеп бітіргелі отырған жеткіншек. Бірақ ол азулы ағасынан бір мысқал да кем түспей, тең көсілді. Екі ақын да – Қызылжар өңірінің төл тумалары. Аты жаман індетті де айналып өтпеген олардың қамтыған тақырыптары да кең құлашты болды. Соның ішінде Абайдың 175 жылдығы мен Сәбит Мұқановтың 120 жылдығының тойлануы, ел мен жер мәселелері, Қызылжар атауының қалпына келуі, Мақтаарал проблемасы бәрі-бәрі назардан тыс қалмады. Ойлары орамды, сөздері бапты ақындар төрт аяғы тең түскен хас шеберлерден кем түспеді.
Аз уақытта Солтүстікте осындай ақындардың өсіп шыққанына, шынымызды айтсақ, таңырқаумен ғана қарап отырдық. “Ат аунаған жерде түк қалар” деген сол екен-ау. Бір кезде мұнда ақын шықпайды, халқының негізгі бөлігі орыстілділер деп сын айтып жүргендердің өздері мына айтысты көрсе таңғалар еді. Айтысты дамытудың кілтін тауып, жатпай-тұрмай ұлы өнерге қызмет етіп жүрген Жарқын Жұпархан бауырымызға да айтар алғысымыз шексіз. Оның бастамаларын қолдап, айтыстың дамуына жол ашып отырған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Құралбек Атамұратовқа да халықтың ризашылығы шексіз болары сөзсіз.
Айтысқа қатысушылардың өнеріне қазылар алқасы баға беретінін айта кетсек, артық болмас. Оның құрамында жазушы, журналист, қоғам қайраткері Жарасбай Сүлейменов, жергілікті өнерпаз, айтыс ақыны Қайролла Ғафуров пен осы жолдардың авторы бар.
Айтыс облыстық теледидар арқылы әр сенбі күні кешкі сағат 21.30-да көрсетіледі. Жаман індеттің жабырқатуымен рухани жағынан жүдеп жүрген қызылжарлықтар сөз додасын көріп бір серпіліп қалары даусыз. Өнерді өрлетудегі осындай ептіліктер арта берсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Жақсыбай САМРАТ.