Нұр-Сұлтан қаласында спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы кубогының іріктеу кезеңі өтті. Бұл жарыста еліміздің бірнеше қаласынан келген жеті команда бақ таластырды.
Осы додада облыстың намысын қорғаған “Қызылжар арландары” кәсіби спорт клубы үздік нәтижелерге қол жеткізіп, жеңімпаз атанды. Осылайша жерлес балуандарымыз 7-8 желтоқсан күндері Алматы қаласында өтетін ақтық кезеңге жолдама алды.
Оңтүстік астанада солтүстікқазақстандық спортшылар алматылық “Qazaq kuresi”, Қарағанды облысындағы “ЗАККАР” және елордалық “Армия” орталық спорт клубының өкілдерімен белдесетін болады.
Жеті спорттық клубтың арасынан конфедерация кубогының финалына төрт команда жолдама алды. Олар – “Қызылжар арландары” спорт клубы (І орын, СҚО), “ЗАККАР” спорт клубы (ІІ орын, Қарағанды облысы), “Qazaq kuresi” спорт клубы (ІІІ орын, Алматы қаласы) және “Армия орталық спорт клубы” (ІV – орын, Нұр-Сұлтан қаласы). Бұл командалар Алматы қаласында өтетін ақтық сында қайтадан өзара жеребе тартып, өнер көрсетеді.