«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗЫЛЖАР — ЖАСЫЛ ҚАЛА

Қаланы көркейту үшін абаттандыру жұмыстары үзбей жүргізілуі тиіс. Өткен сенбі күні облыс орталығында Халықаралық ағаш отырғызу күніне орай жалпықалалық сенбілік өтті. Жеңіс саябағындағы тазалық акциясына облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысып, көшет отырғызды.

Бұл күні қолдарына тырма, күрек ұстағандардың қарасы қалың болды. Атап айтқанда, таң арайлап атысымен сенбілікке 600 мекеменің қызметкерлері шықты. Олар шаһарды қоқыстан тазартып, көшеттер отырғызды.
Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Досұлан Босыновтың айтуынша, сенбілік аясында қалада 700 түп ағаш отырғызылса, оның 50-і Жеңіс саябағының көркін келтірмек. Атап айтқанда, мұнда 20 шырша мен 30 қайың егілді.
– “Бір тал кессең, он тал ек” демекші, көктемнің соңына дейін облыс орталығындағы қураған ағаштар кесіліп, орнына 3 мыңнан астам тал егіледі. Олардың қатарында шетен, терек, қайың, шырша бар. Қоршаған ортаны күтіп ұстауға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады, – дейді Досұлан Сайыпханұлы.
Саябаққа көшет отырғызу жұмысына мемлекеттік қызметшілермен қатар орманшылар да тартылды. Солардың бірі – “Куйбышев” орман шаруашылығының жұмысшысы Мүрсәлім Әлік. Ол жас талдардың жақсы жерсінуі үшін жиі суарып, тиісті күтім жасап отыру қажеттігін айтты. Өйткені, бұл көшеттер біраз уақыттан кейін еңсесін тіктеп, бүршік жара бастайды.
Жалпы, биыл облыс аумағында 18 мың жас көшет отырғызу жоспарланған.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,  “Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген Вадим МУДАРИСОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp