«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗЫЛЖАР ЖҮЗ МЫҢДАЙ БҮЛДІРШІНДІ ТОҒЫСТЫРАДЫ

Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай облыстық Балалар құқығын қорғау басқармасында баспасөз конференциясы өтті. Оған ведомстволар басшылары, кәсіпкерлер және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты. 

Бұл мерекеге орай елімізде “Біз сенің ұландарыңбыз, Қазақстан. Біз жаңа әлемде өмір сүреміз!” атты қайырымдылық акциясы ұйымдастырылады. Соған орай өңірімізде онкүндік жарияланып, оның аясында балаларға арналған түрлі іс-шаралар, байқаулар мен қайырымдылық жобалар қолға алынбақ. Облыстық Балалар құқығын қорғау басқармасы бөлімінің басшысы Елена Мезеваның айтуынша, мұндай акциялар мемлекеттік, қоғамдық құрылымдарды және бұқаралық ақпарат құралдарын балалар мен жасөспірімдердің мүддесін қорғауға жұмылдыра түседі.

Жылына бір рет аталып өтетін аталмыш мейрам қарсаңында облыстың барлық басқармалары мен жекелеген кәсіпкерлер балаларға арналған мерекелік іс-шаралар өткізбек. Облыстық мәслихат барлық деңгейдегі депутаттарға қайырымдылық акциясына белсене қатысып, мектептер мен балабақшаларды, ауруханалар мен балалар үйлерін аббаттандыруға, көмекке зәру балаларға қол ұшын созуға шақырды. Осы мақсатта 1 маусым күні “Абай мен Пушкин” ескерткішінің алдында “Қайырымды істер марафоны” атты шара ұйымдастырылмақ. Оған барлық деңгейдегі депутаттар, облыстағы банктер, жауапкершілігі шектеулі серіптестіктердің жетекшілері, “Улыбка” балалар қайырымдылық қоры, облыстық Іскер әйелдер қауымдастығы, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері және тағы басқа ұйымдар өкілдері қатысады деп күтілуде.  

Бұл күні мереке бар сән-салтанатымен атап өтілмек. Негізгі мерекелік іс-шаралар орталық алаңда ұйымдастырылмақ. Балаларға арналған концерттік ойын-сауық бағдарламалары, түрлі спорт сайыстары мен байқаулар орталық алаңда орналасатын 3 сахнада өткізіледі. Негізгі мерекелік концерт Тәуелсіздік стеласы жанына қойылатын сахнада ұйымдастырылады. Онда балалар мен олардың ата-аналарына арналған ойындар, флешмобтар мен ертегі кейіпкерлерінің сахналық қойылымдары, “Еркетай” байқауы мен облыстық өнерпаздардың дайындаған концерттік бағдарламалары ұсынылады. Мерекелік іс-шараларды ұйымдастыруға 20 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсалмақ. Бұл күні мерекелік іс-шараларға 95 мыңға жуық бала қатысады деп күтілуде, деді баспасөз конференциясында Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Елена Балло.

Балалар мерекесі облыс орталығында ғана емес, барлық аудандар мен ауылдарда өткізіледі. Сондай-ақ, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы да балалар мерекесіне орай емдеу мекемелерінде түрлі көрмелер мен ойындар, емханаларда 30-31 мамыр аралығында “Ашық есік күндерін” ұйымдастырмақ. Ата-аналар осы екі күн бойы балаларын дәрігерлерге алдын ала жазылусыз көрсете алады.

Мерекеге орай әлеуметтік жағынан қорғалмаған балаларға ерекше көңіл бөлінбек. “Аттракциондар әлемі” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мүмкіндігі шектеулі балаларға, көпбалалы отбасылар мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалардың жаз бойы мәдениет және демалыс саябағындағы аттракциондарды тегін пайдалануына мүмкіндік беретін 2 миллион теңгенің билеттерін үлестірді. Баспасөз конференциясында сөз сөйлеген жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің құрылтайшысы Владимир Козлов 1 маусым күні балалардың көбі аттракциондарды қалайтындықтан, кезектің тым көп болатындығын жеткізді.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp