«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗЫЛЖАР ЗАУЫТТАРЫНЫҢ ЖЕҢІСКЕ ҚОСҚАН ҮЛЕСІ

Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл өтсе де, тыл еңбеккерлерінің ұрпақтары аталары мен әжелерінің Ұлы Жеңісті жақындатуға қосқан ерлік істерін бір сәт те естен шығарған емес, әркез мақтан етеді. Тылдағы қанды қырғыннан кем болмаған жылдар әлі күнге дейін сананы сансыратып, жанарға жас үйіртеді. Ешқашан ұмытылмайтын, жадыдан өшпейтін маңызды күндерді жадыда жаңғырта отырып, аға ұрпақтың қаһармандық ерлігін насихаттаудың, бейбіт өмірдің қадір-қасиетін, тәуелсіздігіміздің құндылықтарын сездірудің мәні айрықша. Өйткені, Қызылжар өңірінде соғыс өрті тұтанбады, бомба жарылмады, ажал оғы атылмады, жер-дүние отқа оранбады демесең, көрген қиындықтары одан бір мысқал кем болған жоқ.

Неміс фашистерінің шекараны бұзып, тұтқиылдан басып кіруіне байланысты ел экономикасы соғыс жағдайына, әскери бағытқа тез бейімделді. Оның ішінде Петропавл қаласы соғыстың алғашқы сәтінен бастап майдан арсеналына айналды. Көптеген зауыттар осында көшіріліп, қорғаныс өнімдерін шығара бастады. Бір жылдың ішінде ғана облыс орталығына 20 зауыт пен фабрика, басқа да кәсіпорындар әкелінді. Аз уақыттың ішінде қорғаныс кәсіпорындарының желісі құрылды. №239 («ЗИКСТО» ), №347 («ЗИМ» ), №641 (Киров атындағы), №675 (Калинин атындағы), шағын литражды двигательдер зауыттарымен, жеңіл және тамақ өнеркәсібінің бірқатар желісімен толықты.

Петропавлға кәсіпорындар мен жабдықтар негізінен Мәскеу, Ленинград облыстарынан, Украина, Беларусь жерлерінен әкелінді. Бастапқы уақытта жұмысты өте қиын жағдайда ұйымдастыруға тура келді. Соған қарамастан қорғаныстық маңызы бар кәсіпорындар тез арада іске қосылып, өнім өндіру арттырылды. № 239 қорғаныс зауыты 1941 жылы тамыз айында Мәскеу түбіндегі Хатьково селосынан Петропавлға көшіріліп, құрамында 240 адам бар ұжым «Тері- былғары» зауыты базасының аумағына орналастырылды. Атшаптырым цехтары еңбек дүбіріне бөленген қазіргі Куйбышев атындағы өндіріс ошағының қазығы осылай қағылды. Зауыт директорының орынбасары Г. Беспалов өзіне тән ұйымдастырушылық қарым-қабілетімен таныла білді. Бас технолог Зоя Шолохова, аппаратшы Елизавета Зорина, желімдеуші Евдокия Вабинова, тағы басқалары жалындаған жастық шақтарын жауды талқандауға арнады. Мұнда 1942 жылы қорғаныс жабдықтарының алғашқы партиясы майдан даласына жөнелтілді. 1941 жылы күзде Харьков тері өңдейтін кәсіпорнының құрал- жабдықтары тиелген пойыз эшелоны Петропавлға төрт апта жүріп жетті. Мемлекеттік қорғаныс комитеті С. Орджоникидзе атындағы Мәскеу және қорғасын құю-механикалық зауыттарын біздің өңірімізге көшіру жөнінде пәрмен беріп, қала жұртшылығы 15 мәскеулікті қарсы алды. Мұнда Л-6 және Л-12 шағын литражды двигательдер құрастырылып, жұмыс жанданып сала берді.

1941 жылы суығы тұлабойды тітіркендіретін қоңыр күзде А.Никифоровтың бастауымен Владимир облысы Александров қаласынан №3 зауыт, 447 адам, оның ішінде 155 инженер-техник бар үш эшелон жеделдете жетті. Оған электрөнеркәсіп халық комиссарының шешімімен «641» деген атау берілгенімен, кейін С.Кировтың есімін иеленіп, одақ деңгейінде мақтаулылар сапынан көрінді. С.Агеев, Б.Андреев, А.Балашов, В.Блинов, И.Гаврилин, И.Жаков сияқты тепсе темір үзетін жігіттер, ерлі-зайыпты Рискиндер, Сучковтар, Шестаковтар, Шильниковтар жүк қоймаларында, ескі барактарда, клубтарда тұрып-ақ уақытпен санаспай еңбек етті. Түрлі марапаттарға ұсынылды. Бас конструктор С. Секретев жетекшілік еткен инженерлер бюросы радиостанция құрастырып, 200 ваттық дизельді пайдалануға берді. Жергілікті тұрғындардың есебінен мамандар даярлауға баса назар аударылды. Күн тәртібіне бүкіл қаланы жарықпен қамтамасыз ететін қуатты электрстанса салу мәселесі қойылып, тапсырма мерзімінде орындалды. Новосібір, Краснояр, Свердлов, Ташкент қалалары жан-жақта шашырай орналасқандықтан әрі ара қашықтықтың алыстығынан қажетті материалдармен дер кезінде қамтамасыз етуде көптеген қиындықтар кездесті. Әсіресе, тасымал көліктері тапшы болды. Осы себепті түрлі- түсті құйма, пластмасса нығыздағыш, жеке бөлшектер дайындайтын учаскелерді зауыттың өзінде ұйымдастыруға тура келді. Қаншама ауыртпалықтармен бетпе- бет ұшырасса да, қиюы келістіріліп, шешім табылып жатты. Кәсіпорын жанынан №12 қолөнер училищесі ашылып, жұмысшы мамандарын әзірлеуге бейімделді. Курс оқытушылары мен бригадирлер үшін сараланған жалақы төлемі таңдалды. Қосымша сыйақы төлеу жолдары қарастырылды. №2 цехтың бастығы И.Ольнев 13 ізбасар тәрбиелеп шығарды. Қысқа мерзімді курстарда жарты мыңға жуық адам білімін жетілдіріп, кәсіби шеберлігін шыңдады. Соғыс аяқталғанға дейін 1107 адам курс тыңдаушысы атанып, көп жыл бойы кәсіпорынның даңқты дәстүрлерін жалғастырды. Құрамында Щербачева, Марон, Перемыслер, Кирилюк секілді шеберлер топтасқан слесарьлар тобы 20 радиостансаны құрастырып, жұртшылық құрметіне бөленді. Тұрмыстық мәселелер де біртіндеп шешіле бастады. Дүкен, асхана, балабақша бой көтерді. Жұмысшы-қызметкерлер арнайы бөлінген учаскелерде бау-бақшамен, қосалқы шаруашылықпен айналысты. Араларында мал өсіргендері де болды. «Өз мамандығының үздігі» атты социалистік жарыс жарияланып, алғашқы жеңімпаздары А.Краснов, М.Борисова, А.Балашов, В.Староверова, В.Архипов болды. 20 комсомол- жастар бригадасы құрылды. 375 адам – стахановшы, 159 адам еңбек екпіндісі атанды. Олар «Майдангер» үздік атақтарына ие болды. 2-3 норма орындау күнделікті дағдыға айналды. Комсомол- жастар бригадасының мүшесі Валентина Пухова еске алғандай соғыс ешкімді еркелеткен жоқ. Ол өзін майдан балаларындай сезінді. Үзіліссіз 12 сағат жұмыс істеген кездері, қатты қалжырағандықтан, тынығып отырған жерінде ұйықтап қалған кездері болған. Қиындықтарға қарамастан РБ радиостансаларын шығаруға өз үлесін қосқанын мақтан етеді. Кәсіпорынның музейінде маршалдар А. Еременконың, Пересыпкиннің радиостансаға қатысты жылы лебіздері сақтаулы. Соғыс жылдары зауыт 3161 дана «Пилот» РБ радиостансасын, 1691 дана «Вираж» радиоқабылдағышын, 1328 дана «АП» антеннасын құрастырды. 1088 адам «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

1941 жылы темір жол бойымен 2593 кәсіпорын, үй-күйінен, мал-мүлкінен айырылған 18 млн. адам тасымалданды. 24 маусым күні адамдарды, құрал-жабдықтарды, материалдық құндылықтарды эвакациялау туралы кеңес құрылып, төрағалығына Лазарь Каганович тағайындалды. Алғашқы іс-қимыл жоспары 29 шілдеде дайын болғанымен, көптеген аумақтар жау қолында қалғандықтан, жүзеге асыру мүмкін болмады. 30 тамызда 400 беттік тізім қайта жаңартылып, арнайы эшелондар бөлініп, баратын мекенжайлар тиянақталды. Осыған байланысты Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитеті өнеркәсіп ошақтарын, темір жол стансаларын, басқа да маңызды обьектілерді күзету жөнінде қаулы қабылдады. Петропавл вагон депосы жұмысшыларының бастамашылдығымен кеңшарлар мен ұжымшарлар техникаларына арналған қажетті бөлшектер шығарыла бастады. Осында құрастырылған «Североказахстанец» атты бронды пойыз, бұдан бөлек, пойыз- монша мен жауынгерлік ас үй майдан даласына жіберілді.

Облыстық партия ұйымы мен атқару комитеті 1941 жылы 31 тамызда «Қоныс аударушыларды қабылдау туралы» біріккен шешім шығарып, нәтижесінде 25 мың адамды қарсы алды. Бар жағдайын жасап, орналастырды. Үшінші тоқсанда темір жол бойының жүк тасымалы екі есеге дейін ұлғайды. 14 тамызда Мәскеу түбінен №239 қорғаныс зауытының жабдықтары тиелген эшелон келіп жетіп, қазіргі «ЗИКСТО» АҚ орналасқан аумаққа орналастырылды. 18 қыркүйекте алғашқы әскери өнім – станок шығарылды. Мәскеулік №675 зауытқа кейін М.Калининнің есімі берілді. 1941 жылы 26 желтоқсанда Петропавл қаласында мина базасын құру бойынша іс-шаралар қабылданып, эвакуацияланған кә-сіпорын директорының құрылыс-монтаж, орналастыру жұмыстарына қатысты есебі тыңдалды. 1942 жылы 6 мамырда зауыт шағын литражды двигательдер өндірісіне айналдырылды.

Соғыстың алғашқы жылдарында облыс аумағында қоныс тепкен 20-ға жуық өндіріс ошағының тез арада әскери жағдайға бейімделіп, снаряд, бомба, торпедо, радиоаппаратура, генератор, радиостанса, двигатель сияқты әскери қарулар мен жабдықтар құрастырып, жауды талқандауға қосқан үлесі өлшеусіз.

Сәуле МӘЛІКОВА,

Солтүстік Қазақстан мемлекеттік мұрағатының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp