«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«ҚЫЗЫЛЖАР КҮРЕС МЕКТЕБІНІҢ МӘРТЕБЕСІ БИІК»

– Айдос Сұлтанғалиұлы, жеңіс құтты болсын! Бұл сәтті Қазақстан көп күтті. Алтын алған кезде қандай сезімде болдың?

– Күреске 2006 жылы келдім. Содан бері маңдай терімді төгіп, қаншама күш сарпып, еңбек еттім. Үлкен спортқа қадам бас­қандықтан әлемді, Олимпиада­ны бағындыру – түпкі мақса­тым, ниетім еді. Грек-рим кү­ресінен 1999 жылдан бері Қа­зақстаннан әлем чемпионы шықпапты. Маған дейін қанша­ма ағаларымыз күресті. Бірде екінші орын, келесіде үшінші орын алып, жеңіске бір қадам ғана жетпей қалып жүрді. Со­лардың ішінен маған алтын бұйырғанына қуаныштымын. Жеңіс оңай келген жоқ. 2006 жылдан бері төккен маңдай тердің арқасы.

– Жаһандық жарысқа әлсіз балуан бармайтыны белгілі. Бұл жолғы қарсыластарың жайлы айтсаң.

– Әлем чемпионатында аме­рикалық Максвелл Хоппер Блэкпен күрестім. Өзі ыңғай­сыздау қарсылас екен. Онымен күресіп жүріп, құлағымды жара­қаттап алдым. Шынтағы тиді-ау деймін. Одан кейін израильдық Мелкаму Фетенемен күресіп, қабағым жарылды. Ал солтүстік­кореялық Сеун Лимен бұған дейін екі рет белдескенбіз. Біріншісінде мен ұтсам, екіншісінде ол жеңген. Үшінші кездесуімізде жеңіс маған бұйырды.

Жартылай финалда грузия­лық Амиран Шавадзеден 2-1 есебімен ұтылып жатқанмын, соңғы 32 секунд қалғанда 4 ұпайлық әдіс жасап, жеңісті жұ­лып алдым. Финалда өзбекстан­дық Әлішер Ганиевпен күрестім. Онымен екі ай бұрын ғана Венгрияда өткен турнирде бозкілем­ге шыққанмын, бірақ жеңіліске ұшыраған едім. Бұл жолы кеткен есені қайтардым.

– Өзің Қызылордада туғаның­мен спорттағы жолың Қызылжар­да басталғанын білеміз. Теріскей­ге қалай келіп едің?

– Мен 1996 жылы Қызылор­да қаласында дүниеге келгенмін. Жетінші сыныпқа дейін сондағы №101 орта мектепте оқыдым. Кейін Қызылжардағы спорт-ин­тернатқа ауыстым. Қорқыт ата атындағы Қызылорда универси­тетінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығы бо­йынша кәсіптік білім алдым. Қателеспесем, 2017 жылдан бері ұлттық құрамадамын. Жеткен жетістіктерімді айтсам, ересек­тер арасында Азия чемпионы, екі рет әлем чемпионатының қола жүлдегері атандым.

Қызылжарға қашан келгеніме тоқталатын болсам, 2009 жылы әкемнің ақылымен спорт-интернатқа ауыстым. Сералы Викторұлының бапкерлігімен үлкен спортта алғашқы қадамда­рымды жасап, жақсы нәтиже шығардым деп айта аламын. 2014 жылы оқу бітіріп, туған жеріме қайтып бардым. Қызылордадағы жоғары оқу орнына түстім. Ол жақта жарты жылдай жүрдім де Қызылжарға қайтып келдім. Осында жаттығып, ере­сектер арасындағы Қазақстан чемпионатында екінші орын ал­дым. Содан бері ұлттық құрамадамын. Ағайларыма басымды иемін. Сералы Викторұлымен әлі күнге дейін хабарласып тұра­мын. Сағынсам, бәрін тастап, Қызылжарға тартып отырамын. Дәулет, Бауыржан деген бірге оқыған достарым қазір ағайы­мызға қолғанат болып жүр.

– Қызылжардың құнарлы топырағында Қажымұқан, Балуан Шолақтың ізі қалды. Сонымен қатар чемпионымыз Ризабек Айтмұқан осында туды, Нұрғожа Қайпанов та сен оқыған спорт мектебінде шыңдалды. Теріс­кейдің күрес мектебіне қандай баға бересің?

– Балуан Шолақ, Қажымұ­қан аталарымызды өзіміз көрме­гендіктен, ол кісілердің жеңіс­терін ертегідей көретінбіз. Үй­дегі ата-әжелеріміз аңыз қылып айтып отыратын. Сол кісілердің табаны тиген жер болғандықтан қасиеті болуы әбден мүмкін. Нұрғожа Қайпанов менен бір сынып төмен оқыды. Қазір Қы­зылжардағы спорт мектебінің мықты екенін, екі бірдей әлем чемпионы шыққанын жарыса жазып жатыр. Мектебіміздің жоғары деңгейге көтерілгені, абыройлы болғаны – біз үшін мәртебе. Демек бапкерлердің еңбегі ақталды. Егер біздің мек­тебіміз биік дәрежеге жетсе, шын жүректен қуанамыз.

– Теріскейден шыққан тағы бір чемпион Ризабек Айтмұқан­ның әңгімесін тыңдасақ, атасы­ның, әкесінің бозкілемде өнер көрсеткенін айтады. Сенің әу­летіңде спортпен айналысқан адамдар бар ма?

– Жоқ. Әкем де, шешем де ешқандай спортпен шұғылдан­баған. Бірақ нағашы аталарым­ның көкпарға шапқанын анам­нан еститінмін. Көкпарда еш-кімге есе жібермегенін айтады. Сол кісілерге тартқан шығар­мын.

– Болашақ чемпиондарға қан­дай ақыл-кеңес айтар едің?

– Төзімділік керек. Алға қой­ған мақсатыңа қарай жолда қан­дай сәтсіздіктер болса да, бұры­лып кетпей, ұмтылу қажет. Жі­гер-қайрат, намыс болса бәрі болады. Аталған қасиеттер бой­дан табылса, жеңіс те келеді деп ойлаймын.

– Сұхбатыңа рақмет.

Сұхбаттасқан

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp