
Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихатында Петропавл қаласының әкімі Болат Жұмабеков 2019 жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылады.
Болат Серікұлы атап өткендей, қала экономикасының негізін өнеркәсіп құрайды. Есепті кезеңде өнеркәсіп кәсіпорындары 140 миллиард теңгенің өнімін шығарған. 2015-2019 жылдар аралығында 7,6 миллиард теңгенің 16 жобасы жүзеге асырылып, 489 жұмыс орны құрылды. Мәселен, солардың ішінде “РимКазАгро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сұйық сабын өндірісін жолға қойды. Осылайша, кәсіпорын 14 адамды жұмыспен қамтыған.
Қаладағы бөлшек сауда айналымы 150 миллиард теңгені құрады. Ал тартылған инвестиция көлемі 54,6 миллиард теңге болса, оның 64 пайызы – жеке инвестиция. Инвестициялық әлеуетті арттыру үшін шаһарда “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағы ашылды. Мұнда заманауи және экспортқа бағдарланған өндіріс орындары бой көтеріп, үш мың жаңа жұмыс орны құрылатын болады. Зауыттар, фабрикалар ашу үшін инвесторлар тарту керек, ал оларға қолайлы жағдай жасау қажет. Сондықтан инвесторларға мемлекет тарапынан салықтық жеңілдіктер берілмек. Осылайша, азық-түлік өнімдерін шығару және өңдеу көлемі артып, құрылыс материалдары өндірісін, электроника және машина жасау саласын дамыту көзделуде, – деді Болат Серікұлы.
Кәсіпкерлік – қаланың дамуына өз әсерін тигізетін салалардың бірі. Есепті кезеңде қаладағы бизнес субъектілерінің саны 2,8 пайызға артып, 16 мыңға жуықтаған. Кәсіпкерлерге қаржылай және қаржылай емес қолдау көрсетілуде. Өткен жылдың 11 айында “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында құны 463 миллион теңге болатын 30 жоба қолдау тапқан. Ал “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы бойынша екінші деңгейлі банктер 700,4 миллион теңгенің 7 жобасын қаржыландырған.
Соңғы 5 жылда қала бюджеті екі есеге, атап айтқанда, 19 миллиард теңгеден 37,7 миллиард теңгеге дейін артқан. Ал 2020 жылға 44 миллиард теңге бөлінуде. Бұдан бөлек, құрылыс саласында да өсім бар. Есепті кезеңде 79,9 мың шаршы метр тұрғын үй, яғни 5 көппәтерлі және 12 бірпәтерлі баспана пайдалануға берілген. Құрылыс жұмыстары, негізінен, “Жас өркен” және “Береке” шағынаудандарында жүргізілген. Бүгінгі таңда пәтер кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету үшін 2,6 миллиард теңгенің үш коммуналдық-жалгерлік үйі салынуда. Жалпы саны 286 пәтердің 100-і әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға берілген. Сондай-ақ, бүгіндері 10 көпқабатты және 116 жеке тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. “7-20-25” бағдарламасы аясында 4,4 миллиард теңгенің 400 пәтері сатылған. Ал “Бақытты отбасы” бағдарламасымен 91 отбасы қоныстойын тойлаған. Жаппай құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан “Жас өркен” мен “Береке” шағынаудандарына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тартуға 3 миллиард теңге бағытталған. Биыл жалпы ауданы 89 мың шаршы метр болатын 1259 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған.
Қала орталығындағы апаттық жағдайдағы жер үйлер мен ескі құрылыстардың орнына көппәтерлі тұрғын үйлер мен заманауи ғимараттар салынатын болады. Алдағы уақытта “Жас өркен”, “Береке” шағынаудандарындағы және Уәлиханов көшесінің бойындағы 467 үй сүріледі. Сонымен қатар “Шығыс” және “Копай” шағынаудандарын дамытуды көздеп отырмыз, – деді баспасөз мәслихаты барысында қала әкімі.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.