«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҚЫЗЫЛЖАР СК” ФУТБОЛШЫЛАРЫНЫҢ МАҚСАТЫ – ПРЕМЬЕР–ЛИГА

Сейсенбі күні облыс әкімі Ерік Сұлтанов “Қызылжар СК” футбол командасының басшылары мен ойыншыларын қабылдап, ұжыммен танысты.

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев спорт еліміздің беделі екендігін, сондықтан оған ерекше міндет жүктелетіндігін атап айтты. Өйткені, спорт жетістіктері – бүкіл халықты жұмылдыратын, қазақстандық патриотизмге негіз болатын күш.

Солтүстікқазақстандық аяқдоп шеберлерінің республика біріншілігінде жоғары нәтижелерге қол жеткізгендігін жақсы білеміз. “Қызылжар СК” командасы – ел чемпионатының күміс және қола жүлдегері, Қазақстан кубогының ақтық сынына қатысушы. Алайда, соңғы бес жылда команда Бірінші лигада ғана өнер көрсетіп келеді. Соған орай біз Премьерлигаға оралу және жанкүйерлердің үмітін ақтау міндетін қойып отырмыз. Өткен маусымның соңында клубтың басшылығы мен жаттықтырушы штабын ауыстыру жөнінде шешім қабылдадық. Президент лауазымына танымал футбол функционері Григорий Лория, бас бапкерлікке Владимир Фомичев шақырылды. Командамыз жаңа маусым қарсаңында Түркияда оқу-жаттығу өткізді және белгілі ойыншылармен келісімшарт жасады, – дей келіп, Ерік Хамзаұлы командаға сәттілік тіледі.  

Солтүстікқазақстандық футбол федерациясының президенті, облыс әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов өңірде футболды дамыту, стадионды әзірлеу бойынша атқарылып жатқан шараларды сөз етті.

“Қызылжар СК” футбол клубының президенті Григорий Лория:

– Командамызға Орталық Африканың, Брюссельдің екі аяқдоп шеберін, “Астана”, “Шахтер” командаларының және қосалқы топтарының белді жас ойыншыларын шақырып, жаңа құрамды күшейте түстік. Сонымен бірге “Қызылжар СК” құрамында Әділ Серғалиев, Руслан Шәріпов сияқты болашағынан зор үміт күттіретін жергілікті жастар да өнер көрсететін болады. Ойыншыларды жаттықтыруға танымал футболшы, бір кездегі “Қызылжар СК” командасының мүшесі болған Юрий Чухлеба көмек көрсетеді, – деді.

Футбол клубының бас бапкері Владимир Фомичев 29 наурызда қызылжарлықтар ел кубогы жолындағы сайыста Қызылордада жергілікті “Байқоңыр” командасын тізе бүктіргенін, енді 12 сәуір күні 1/8 финалды Өскеменде “Спартак” командасымен өткізетіндігін айта келіп:

– Қазақстан біріншілігінің “Қарасай” стадионындағы алғашқы ойыны Шымкенттің “Қыран” командасымен өтеді. Жергілікті жанкүйерлер оны 18 сәуір күні тамашалай алады, – деді.

Команда капитаны Роман Нестеренко жергілікті клубтың жасақталуына, оқу-жаттығу өткізуіне шынайы қамқорлық жасап отырған Ерік Сұлтановқа футбол жейдесі мен доп сыйлады.

Нұрсайын ШӘРІП,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp