«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҚЫЗЫЛЖАР СУДА” ҚҰПТАРЛЫҚ ІСТЕР БАР

“Қызылжар су” ЖШС инвестициялық бағдарламаны орындаудың және нысандарға күрделі жөндеу жүргізудің барысы жайында баспасөз турын өткізді. Оған журналистермен бірге жергілікті мәслихаттардың депутаттары, қалалық әкімдіктің, энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының, облыстық кәсіпкерлер палатасының, тұтынушылар құқығын қорғау қоғамының өкілдері, сараптама кеңесінің мүшелері қатысты.

Аталмыш кәсіпорынның бас инженері Сергей Визеров бастаған топ ең алдымен Рузаев,58 мекенжайында орналасқан №10 кәріздік сорғы станциясында (КСС) болды. Субұрғыш кешенінің жетекшісі Ербол Нәбиевтің айтуына қарағанда, “Қызылжар су” ЖШС-нің балансында пайдалану мерзімі 20 жылдан асатын 19 КСС бар. Олардың ғимараттары ғана емес, ішіндегі құрал-жабдықтары да іс жүзінде тозған. Соған орай инвестициялық бағдарлама аясында КСС-лерді жаңғырту жұмысы қолға алынуда. Соның алғашқысы – осы нысан. Оған 2014 жылы толығымен қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, электр қуатын үнемдейтін қондырғылар орнатылыпты. Бұл жобаның артықшылығы Швецияның “Flygt” маркалы әлемде ең үздік саналатын сорғыларын пайдалану болып табылады. Осы уақытқа дейін, дәлірек айтқанда, жарты ғасырдай сағатына 117 кВт электр қуатын пайдаланатын кеңестік дәуірдегі сорғылар пайдаланылып келген. Жаңа сорғы электр қуатын бұрынғыдан екі есе (55,5 кВт/сағ.) кем тұтынады. Станцияның ғимараты да, ауласы да, сыртқы қоршауы да заманауи үлгіде күрделі жөндеуден өткізіліп, ішіндегі тетіктер толығымен жаңартылған. Осындай жаңғырту жұмысын Сәтбаев,19 мекенжайындағы КСС-ге де жүргізу жоспарланып отырған көрінеді. Инвестициялық жобаның құны – 29,512 млн. теңге.

Темір жол көлігі колледжі аумағындағы №2 КСС-ге де инвестициялық бағдарламаның шапағаты тиіпті. Ал Астана көшесіндегі 37-үйдің ауласындағы су тартып шығаратын станцияға (СТШС) 5,5 кВт-тық сорғының орнына 1,5 кВт-тық швециялық қондырғы орнатылған.

– Бұл сорғы электр қуатын төрт есеге жақын үнемдейді. Олар бес қабаттан жоғары үйлерге су жеткізу үшін қолданылады. Имараттың төбесіне температураны қалыпты жағдайда ұстап тұратын панель орнатылған. Инвестициялық бағдарлама аясында 9-10 қабатты 50 үйдің дәл осындай станцияларындағы шығыны көп жабдықтарды шетелдік үнемшіл сорғылармен ауыстырдық, – дейді сумен жабдықтау кешенінің жетекшісі Ержан Қосымбаев.

Қазіргі уақытта М.Жұмабаев және Мир көшелерінде тозығы жеткен су және кәріз құбырларын ауыстыруға тік бағыттап бұрғылау (ТББ) әдісі қолданылуда. Оны “Техноком” ЖШС жүзеге асыруда.

– М.Жұмабаев көшесіндегі (К.Сүтішев және Партизан көшелерінің аралығы) ескірген су құбырларын ТББ әдісімен ауыстыру жұмысы жүргізілуде. Бұл әдістің артықшылығы – 230 метр жердің асфальтына нұқсан келтірілмейді, құбыр салынатын жер мүлдем қазылмайды және көшедегі автомобиль қозғалысына кедергі келтірілмейді. ТББ-ні қолдану арқылы күні бүгінге дейін 2 шақырым су құбыры, 1,5 шақырым кәріз құбыры ауыстырылды. Бұл жұмыс қазан айына дейін жалғасып, ауыстырылатын құбырлардың жалпы ұзындығы, су мен кәріз құбырларын қоса есептегенде, шамамен 14 шақырымға жетеді, – деп түсінік берді “Қызылжар су” ЖШС-нің техникалық директоры Арман Сауытов.

Сапар соңында баспасөз турына қатысушылар “Қызылжар су” ЖШС-нің аумағындағы ІІ көтерме сорғы станциясында болды. Кәсіпорынның бас энергетигі Евгений Мокренскийдің айтуынша, бұл нысан 1969 жылдан бері пайдаланылып келеді. Онда 6 қуатты сорғы агрегаты орналасқан. Үзіліссіз жұмыс істейтін сорғы агрегаттары электрқозғалтқыштарының жалпы қуаты – 4290 кВт. Ол кәсіпорын тұтынатын электр қуатының 32,4 пайызын құрайды. Соған орай энергия ресурстарын тұтыну деңгейін азайту және олардың жұмыс істеу сенімділігін қамтамасыз ету үшін жиілігі реттелетін асинхронды қозғалтқыштар базасында үнемді сорғы агрегатын орнату қолға алынбақ. Биыл жоба бойынша 4, 5, 6-сорғы агрегатын ауыстыру көзделуде.

Кәсіпорында инвестициялық және қайта жаңғырту бағдарламасы аясында нысандарды автоматтандыру және диспетчерлеу жүзеге асырылған. Соның арқасында торапты құбырлардағы, 49 СТШС-дағы және 20 КСС-дегі су қысымы қаланың схемасы бойынша орталық диспетчерлік қосында бақыланады.

– “Қызылжар су” ЖШС 2013-2016 жылдар аралығында нысандарды күрделі жөндеуден өткізуге инвестициялық бағдарлама бойынша 1 млрд. 200 млн. теңгенің қаржысын жұмсағалы отыр. Былтыр жұмыс ауқымын екі есе асыра орындапты, биыл 387,6 млн. теңгені игермек. Соған орай жұмыстардың қалай атқарылып жатқанына бүгін көз жеткіздік. Кәсіпорын заман ағымына орай электр қуатын үнемдеуге ерекше мән беріп отыр екен. Құптарлық-ақ жағдай. Оның үстіне серіктестік үш жылдан бері тұтынушыларға арналған тарифті өзгерткен жоқ, – деді сапар соңында БАҚ өкілдеріне облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің басшысы Арман Өтегенов.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp