«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҚЫЗЫЛЖАР” ТОП БАСЫНДА

2 мамыр күні бірінші лига командалары арасында ел чемпионатының

4-ші тур ойындары өтті. Жергілікті “Қызылжар” футбол клубы өз алаңында Теміртаудың “Шахтер-Болат” командасын қабылдап, көп күш жұмсамастан жеңіске жетті.

“Қызылжар” биылғы чемпионатты сәтті бастады. Үш ойыннан кейін 7 ұпаймен турнир кестесінде “Екібастұздан” кейінгі екінші орында тұрған. Ел кубогының 1/8 финалында Премьер-лига үздіктерінің бірі Қостанайдың “Тобылын” жеңіп, жанкүйерлерін бір желпінтіп тастағаны тағы бар.

Команданың ойынына көңілі қош қызылжарлықтар Қарасай стадионына қарай ағылды. Әдетте сол қанаттағы орындарға ғана отыратын футбол жанкүйлерлері бұл жолы оң беткейді де жартылай толтырды. Барлығы 6 мыңнан астам көремен жиналған екен.

Владимир Фомичев шәкірттері салған жерден шабуылдауға кірісті. Гол да көп күттірген жоқ. Матчтың 7-і минутында Аслан Жанұзақов айып алаңына жақындап барып, шірене тепті. Қақпашы бұл допты қайтаруға қауқарсыз еді. Есепте алға шыққан “Қызылжар” қарқынды сәл бәсеңдетіп алды, тек екінші таймда ғана шабуылды үдете түсті. Сергей Струков пен Халид Хишридің соққыларын қақпашы қайтарса, Ильдар Аитов пен Евгений Аверченко ұрымтал сәтте допты қақпадан қиыс теуіп жатты. Тек айып алаңына жақын маңда теміртаулықтар ереже бұзып, айып добын сәтті орындау арқылы ғана есепті еселей алды. Әуелеп келген допты бойшаң Сергей Струков баспен қақпаның сол бұрышына дәл көздеді.

Жеңіс үшін берілген үш ұпай “Қызылжарды” турнир кестесінің бірінші сатысына шығарды. “Екібастұз” өз алаңында “Мақтаралмен” тең ойнап қалып, топ басындағы орнын босатты. Қос команданың да еншісінде 10 ұпайдан, біздің ұжым голды көп соққан екен. Матчтан кейін команда бапкерлері Рафаэль Хамидулов пен Владимир Фомичев журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізіп, ойынға өз бағаларын берді. “Қызылжардың” бапкері шабуылшылардың ойынына көңілі толмағанын жеткізсе, теміртаулық маман қарсылас команда деңгейі жағынан бір бас жоғары болғанын айтты.

“Қарасай” стадионындағы келесі ойын 14 мамыр күні Өскеменнің “Алтай” командасымен өтеді. Ал 25 мамырда ел кубогының 1/4 финалында “Астана” клубын қабылдайды.

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp